Шымкентте "лайк баспайтын" мемқызметкерлер қудаланып жатыр

Шымкенттегі “Жастар ресурстық орталығында” дау шықты. Орталықтағы шу туралы Азат Дидарбек фейсбук парақшасына жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Шымкент қалалық “Жастар ресурстық орталығының” ішкі ахуалына қатысты редакциямызға бірқатар қызметкерлер шағым түсірді. Олардың айтуынша, орталық басшылығы ұжым мүшелеріне әлеуметтік желілердегі белсенділігі үшін қысым көрсетіп, тіпті парақшалардағы жазбаларға “лайк” баспағандары үшін ескерту жасап жатқан көрінеді, - дейді ол.
Оның жазуынша, орталық ішіндегі кей қызметкерлерге желідегі әрекеттері үшін сөз естіп, аты-жөні тізімге ілініп, “ескерту” алған.
Мұндай ахуал жұмыс процесіне кедергі келтіріп, қызметкерлердің психологиялық жағдайына теріс әсер етіп отыр.
Бүгінгі күні осындай қысымға ұшырап жүрген қызметкерлердің бірі өзін жайсыз сезініп, тіпті есінен танып қалып, жедел-жәрдем шақыруға тура келген. Дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсетті. Орталықтағы тәртіп пен ішкі ахуалды реттеуі тиіс басшылықтың бұл әрекеті қала жастарының мәселесін шешуі тиіс мекеме мәртебесіне көлеңке түсіріп отыр. Жастардың мәселесімен айналысудың орнына, мәселе көтерген жастарға қысым көрсетіліп жатқаны – қоғам назарын аударуды талап ететін жағдай, - дейді Азат Дидарбек.
Фото: pixabay.com