Шымкентте өз әйелін өлтірді деп күдікке ілінген азаматқа үкім шықты

Сот марқұмды өз-өзіне қол салды деп таныған. Анасы өлді, әкесі сотталды. Ал жәбірленуші ретінде танылған олардың қыздары бұл істің әділ тергелмегеніне наразы, деп хабарлайды Malim.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.
Олардың сөзінше, адам өліміне әкелген бұл жағдай «кісі өлтіру» емес, тек «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» деп бағаланған. Сот марқұм әйелдің өзі 3-қабаттан секіріп, жан тапсырды деген қорытындыға келіп, айыпталушыны небәрі 1 жыл 6 айға соттады.
«Сейдуалиевке Қылмыстық кодекстің 46-бабының 5-бөлігі 5-тармағына сай, жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеу белгіленсін. Сейдуалиевке күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы үкім заңды күшіне енгенге дейін өзгеріссіз қалдырылсын», – деді судья Сәбит Төреханов.
Еске салайық, қайғылы жағдай биыл ақпанда болған. 42 жастағы келіншек қаладағы баспаналардың бірінің үшінші қабатынан құлап, оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Ең сорақысы – бұл жайтқа оның 2 және 4 жастағы балалары куә болған. Олар тергеу барысында анасын әкелері терезеден итеріп жібергенін айтқан. Бірақ балалар кәмелет жасына толмағандықтан, сотта олардың сөзі куәлікке алынбаған.
«Берілген жаза өте аз деп ойлаймын. 1 жыл 6 ай өте аз. Оның арасында 5 ай қамауда болған. Сол 5 айды алып тастайын деп отыр. Мама өзі секірді дегенге сенбейміз. 4 жасар баланың айтқанын ескермеді, бала өтірік айтпайды», – деді жәбірленуші Перизат Қалдарбек.
Марқұм келіншектің артында 7 бірдей баласы жетім қалды. Қазір біреуі сәбилер үйінде тәрбиеленіп жатыр. Ал кәмелетке толған 2 бойжеткен әкеміз түрмеден шығып, тыныштық бермей ме деп үрейленеді.
«Анамызды өлтірген адам, өмір бақи бізді ұрған. Біз 7 баламыз, жетеуміз де әкемізді жек көреміз. Оны алдында сотқа алып келдік қой. Әкелеріңді көресіңдер ме, барасыңдар ма дегенде, жоқ деп шығып кетті. Көргілері де келмейді», – деді жәбірленуші Перизат Қалдарбек.
Айта кетейік, сот отырысында ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалдың тұрмыстық қиындықтар мен жетіспеушіліктен туғаны айтылды. Ал үкіммен келіспеген жәбірленуші тарап апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Сондай-ақ ерте есейген екі бойжеткен кенже бауырларын қолдарына алуға бар күшін салмақ.


Ең көп оқылған
