Шымкентте соңғы жылдары жол құрылысы қарқын алған
Жыл соңына дейін жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 71,2 пайызға жеткізу жоспарланып отыр
Шымкент автокөлік саны жағынан елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі. Сондықтан мұнда автожолдардың жай-күйіне ерекше мән беріледі.
Бүгінде қалада кептелісті азайтып, көліктерге қолайлы жағдай жасау бағытында бірқатар ірі маңызды жобалар іске асуда. Атап айтқанда, Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайрық тұрғындар игілігіне берілді.
Былтыр Бәйдібек би – Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы үш деңгейлі жолайрықтың құрылысы аяқталып, барлық бағытта көлік қозғалысы ашылды. Жоспарға сәйкес, жолайрық үш деңгейлі. Төменгі деңгейде – Арғынбеков көшесі, жоғары деңгейде – Бәйдібек би даңғылы, ортаңғы деңгейде оң жақ бұрылыстар мен сақиналы жол орналасқан.
Қаладағы ірі жол-көлік инфрақұрылымының бірі – «Оңтүстік» айналма жолы. Жалпы ұзындығы 16 шақырым айналма жолдың құрылысы аяқталуға таяды. Бұл нысан – Ташкент бағытындағы республикалық маңызы бар жолдан Ленгір тас жолына қосылатын негізгі жол. Жол құрылысы негізінен транзиттік көліктер, жеңіл көліктерге қаланың ішіне кірмей, солтүстік және шығыс бағытқа өтуіне мүмкіндік жасау мақсатында жүзеге асырылып жатыр.
Ташкент - Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолы қайта жаңартылып жатыр. Оның жалпы ұзындығы - 31 шақырым. Құрылыс жұмыстары 8 кезең бойынша атқарылады. Жоспарға сәйкес, жұмыстар 2025 жылдың соңына қарай толық аяқталады.
Шаһарда Қонаев даңғылының жалғасы Оңтүстік бағытқа қарай, жалпы Республика көшесіне балама ретінде салынады. Қазіргі таңда 1-ші, 3-ші, 4-ші кезең жұмыстары аяқталды.
Қалада жол сапасын жақсарту және тұрғындардың көлік қатынастарын жеңілдету мақсатында жыл басынан бері 300 көшеде жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілді.
Жаз мезгілінде бригадалар бірінші кезекте көліктердің қауіпсіздігіне әсер ететін орталық магистрал және ішкі орам көшелерін жөндеді. Сонымен қатар, жол қозғалысына қолайлы болу үшін жоспарланған 400 қалқымалы қақпақшаның жартысынан астамы орнатылды.
Жол жөндеу жұмыстары қала ішінде ғана емес, оған қарайтын іргелес елді мекендерде де қарқынды жүріп жатты. Мысалы, Еңбекші ауданында 60-тан астам көше жөнделді. Сондай-ақ Қаратау ауданындағы Қайтпас және Бозарық елдімекендерінде, Абай ауданындағы Достық, Самал-2 елдімекендерінде және Әл-Фараби ауданының Сәуле елдімекенінде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Самал-3 шағын ауданында биыл жалпы ұзындығы 6 шақырымды құрайтын 8 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жоспарланған: Ештай ата көшесі, Ақтасты көшесі, Б.Әлменов көшесі, Мәңгілік ел көшесі, Сазтөбе көшесі, Қоскөл көшесі, Ізенді көшесі, Алтынбастау көшесі.
Ал Тұран ауданының Қазығұрт елді мекенінде 20-дан астам көше жөндеуден өтті. Бұл көшелердің қатарында Оңдасынов, Жандарбеков, Мақталы, Отырар, Ақжар, Мамина-Сибиряка, Алтын сақа, Үсенов, Қожанова және басқа да көшелер бар.
Ынтымақ-2 шағын ауданы аумағында ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 11,7 шақырым 8 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Атап айтқанда, Орда, Жаңақоғам, Сазсырнай, Жоласар, Сарқан, Сарыжаз және Атауы жоқ №3,4 көшелері.
Жергілікті тұрғындардың өтініштері бойынша жөндеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл шаралар қаланың инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындардың күнделікті өмірін жеңілдетуге бағытталған.
Шымкентте жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де көңіл бөлінеді. Осы мақсатта көшелерде жол таңбалары сызылып жатыр. Жоспарға сәйкес биыл 1100 шақырымға жуық учаскеде жол таңбалары сызылады. Сондай-ақ мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 10 орынға трапеция тәріздес жаяу жүргіншілер өтпесі ұйымдастырылады.
- Тұрғындар тарапынан айтылған ең үлкен мәселенің бірі - жол сапасы. Қазіргі таңда жолдардың құрылысы, реконструкция, күрделі жөндеу, бағдаршам, жол белгілері мен аялдама орнату бойынша нақты жұмыс жүріп жатыр. Биыл 21,8 шақырым жаңа жолды пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде оңтүстік айналма жолы бар. 17 шақырым жолда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, 24,9 шақырым жолды реконструкциялау жоспарланып қойған. Қала бойынша 345 көше жөнделеді, қазіргі таңда 185 көшеде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қаладағы 450 мың шаршы метр шұңқырларды жамау жоспарланып, оның жартысы қазірдің өзінде жүзеге асты. Бұл былтырмен салыстырғанда бес есе көп. Тұрғындардың сұрауы бойынша аз ғана уақытта 36 көшеге асфальт төселді. Сондай-ақ 11 орталық көшенің асфальты жаңартылды. Соңғы рет 2009 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген Әл-Фараби алаңының да тозығы жетіп, шұрық-тесік көбейген еді. Жыл сайын жолды жамай беру бюджетке тиімсіз. Сондықтан жол жамылғысын толық жаңарту жұмыстары жүргізілді, - деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Айта кетсек, Шымкент қаласы бойынша жолдардың жалпы ұзындығы 3 247,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде 2312,3 шақырымға асфальтбетонды жабын төселген, шағал тасты жол — 831,4 шақырым, топырақ жол - 103,9 шақырым.
Биыл жол желісін дамыту 47 нысанды немесе 159,6 шақырым жол жөндеу жұмыстарын қамтиды. Жыл қорытындысымен 35 нысан немесе 113,2 шақырым жол пайдалануға берілмек.
Жыл соңына дейін жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 71,2 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Фото: Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы