Тоғызқұмалақ па, тоғызкөргөл ме?

Тарихта шын мәнінде бұл зерделі ойынға қарақалпақ та, ноғай да, алтай да және басқа төрктер де ие. Соған қарамастан, қазақ пен қырғыз ортақ бұл спортты екі түрлі атап екі жаққа тартып, берекесін алып жүр...

Malim Админ

  • 24.05.2024

Биыл елімізде көшпенділердің Дүниежүзілік V ойыны өтіп, онда ондаған этноспортымыз сарапқа салынып, әлемнің көзайымына айналмақ. Соның бірі – тоғызқұмалақ. Материалдық емес мәдени мұраны (МЕММ) қорғау жөніндегі үкіметаралық комитет 2020 жылдың 14-19 желтоқсаны аралығындағы сессияда тоғызқұмалақ ойынын материалдық емес мәдени мұраның репрезентатив тізіміне енгізді, яғни бұл ұлттық зиякерлік спорттың әлемдік деңгейде дамуына рухани жол ашылды деуге болады. Дегенмен бұл ойынды дамыту жолындағы кедергі болып отырған бір мәселені ашу мен оның шешу жолын ұсынуды парыз санаймыз.

Тоғызқұмалақ ойынына әзірге екі ел негізгі басты тұтушы/носитель болып келеді: Қазақстан мен Қырғызстан. Ал тарихта шын мәнінде бұл зерделі ойынға қарақалпақ та, ноғай да, алтай да және басқа төрктер де ие. Соған қарамастан, қазақ пен қырғыз ортақ бұл спортты екі түрлі атап екі жаққа тартып, берекесін алып жүр...

Мәселе неде? Халықаралық аренада бұл ойынның әлі де бірыңғай мойындалған атауының жоқтығы.  Қазақ тарапы – тоғызқұмалақ, ал қырғыз жағы – тоғызкоргоол атайды. Мәселе атаудың алуандығы ғана емес, ортақ құндылықты дамытуға қажет ресурстардың шашылуында және түрлі позицияның түрлі бағытқа қарауында. Бір ойынның бұлайша құбылуының артында бірікпестік жатыр, бұл рухани құндылықты бүгінгі жалпытүркілік сұранысқа пайдалана алмау мен оның түпкі мазмұнын түсінбеудің кесірі бар.

Тоғызқұмалақтың иесі кім?  Бұл ойын  барлық төрктерге (төрк – заң,билеуші) тән. Ол – бүкіл төркке ортақ тарихи-рухани игілік. Ойын пайда болғанда 4000-5000 жыл бұрын оны бөлшектеп отырған бүгінгі этностар болған жоқ. Демек, тоғызқұмалақтың авторы – қазақ та, қырғыз да, түрік те емес, бұлардың  арғы ата-бабалары. Және бұл бабатөрктің қай жәдігері де бүгінгі 40 шақты төрктің бәріне де ортақ еді. Ендеше содан бергі кезеңде барша төрктектестердің ортақтасуына бұл ойынға өздерінің заңдық болмаса да рухани қақы әбден бар.

Бұл ойынды бүгінгі күнге дейін сақтап келген қазақ пен қырғызға, қарақалпаққа рақметтен басқа ештеңе тимесе, олардың өкпелеуге бұған қақы жоқ.

Ендеше тоғызқұмалақ – қазақтың не қырғыздың болмаса түрік пен қарақалпақтың емес, жалпытөрктік зияткер ойын ретінде жариялануы керек еді. Осылайша бұл  ойынға 200 миллиондық төрк жұртшылығының ойыны ретінде оларды рухани жұмылдырып, оның дамуына тікелей қатысы бар сезімдерін оятар едік, сол арқылы бірден бұл ойынның қолда бар қыруар тұтушысын (носителін) қалпына келтіреміз ғой.

Тарихқа жүгінейік. 1974 жылы ҚазақКСР-ның тоғызқұмалақ федерациясы құрылса да, ұлттық ойынымыз кеңес дәуірінде бұқаралық сипат алған жоқ.

Тәуелсіздік арқасында ғана тоғызқұмалақ дамуына оңтайлы ахуал қалыптасты дегенмен, бастаманы қырғыздар алып кетіп, 1993 жылы қыркүйекте Тоғыз коргоол федерациясын құрып алады. Ал 11 жылдан кейін ғана Қазақстанда Тоғызқұмалақ федерациясы 2004 жылы құрылып тіркеледі.

Халықаралық аренаға  1994 жылдан бастап шығады: қырғыздар осы жылы Тоғызкөргөл атауымен Азия чемпионатын өткізіп жібереді. 2010 жылы ғана оянған Қазақстан тоғызқұмалақтан Әлем чемпионатын өткізеді. 2011 жылы алғашқы Ебропа чемпионаты өтеді. 2014 жылдан бастап шығады: Чехияның Пардубице қаласында Зерделі ойындар бойынша Олимпиада аясында тоғызкөргөлден турнир тұрақты түрде өтіп тұрады екен. 

Міне, осылайша, қазақ пен қырғыз бүкіл төркке ортақ бір ойынды екіге бөлісе алмай келе жатыр. Дегенмен осы бәсекеде қазақтар алға шығып, 2020 жылы ЮНЕСКО ойынды «тоғызқұмалақ» атауымен «адамзаттың мәдени мұрасы» тізіміне қосты. Бірақ қырғыз ағайындар қалысқысы келмей уикипедияда оны «тоғызкороол» атымен жариялап қойды.

Шын мәнінде, алтай, қарақалпақ, қазақ, қырғыз, тыва халықтарында сақталған бұл ойынды әлі күнге бірыңғайлау болмағандықтан, оны әлемге түрлі атаумен тарату көзге түсуде әрі басқа жұртты былай қойғанда, «құмалақ» атауына төрк халықтарының өздері қызықпай отырғанында. Егер біз бұл ойынды аталған бес халықтың емес, барша төрктің ақыл-ой спорты десек, оны тарату бір сәтте жүреді. Және бұл абырой ойынды сақтап келген төрт-бес халыққа бірдей болар еді.

Ондай атау мүмкін бе? Болған ба? Болған, ол атау – «тоғызат»! Жып-жинақы әрі жалпы төркке ортақ сөз. Төрктің этнокоды! Олардың бірден бір мәдени-рухани құндылығы мен өркениетін паш ететін атау. Бұл сөз - төрк бабаның 6000 жыл бұрынғы атты үйретіп, оны мінумен бірге, оны ақыл-ойды дамытатын зерделік спортқа да айналдырып, ойлау мәдениетін орнықтырғанының тағы бір куәлігі емес пе?!

Ойын әуелде қалай аталған? Тоғызқұмалақ ойынын байқап алғаш рет хатқа түсірген патшалық Ресейге қарасты қырғыздың Тоқмақ қаласын басқарған, жергілікті халықтардың тұрмыс-тіршілігін байқап, зерделеген этнограф Г.С. Загряжский өзінің «Тогуз-ад (киргизская/казахская игра)» атты шағын сипаттамасын 1874 жылғы келтіріп өткен. Осы еңбек арқылы ойынның ХІХ ғасырдың 80-жылдарына дейін «тоғызат» аталғаны мәлім болып отыр.

1887 жылы орыс географы әрі этнографы Краснов А.Н. өзінің «Очерк быта Семиреченских  киргиз» атты жазбасын жариялап, қазақтың зерделік бұл ойынына қатысты былай баға беріпті: «Тогызкумалак очень остроумная игра, заставляющая киргизь ломать голову не менее, чем у нас шахматы. В перевод на русский тогузь кумалак  значит девять катышков баранего помята – название прямо показывающее, что это изобретение принадлежит исключительно кочевникам».

Бұл жазба хатқа түскенде көшпелі құндылықты тәрк еткен отырық сананың орныға бастағанын аңғарамыз;  халқымыздың танымы мен болмысы өзгеріп, ойынның да бұрынғы атты-мәдени мазмұны көмескі тартып, номадтық «тоғызат» атауынан «тоғызқұмалақ» болып ауызекі түрде өзгергендігі байқалады.

Ресей зерттеушілерінің тағы бірі - этнограф Н.Пантусов «Киргизская игра тогузкумалак» атты мақаласын 1906 жылы жариялады, ойын мұнда да «тоғызқұмалақ» аталды. Бұл әрине отырықшылыққа бет алған оңтүстік аймақтағы лексика болатын. Одан бергі еңбектердің бәрінде осы атау орнықты. Орныққаны өз алдына, оны мақтаныштың тиегіне айналдырдық. Тіпті, «құмалақ» сөзі арқылы бұл спорт «шопандар алгебрасы» түрінде насихатталды.

Енді тоғызат ойынын зерттеген, зерделеген, оны қалпына келтіруге қатысқан авторларға сөз берейік.

С.Аманжолов [(2004) «Тоғызқұмалақ (қазақтың ұлттық ойыны)», Сәрсен Аманжолов және қазақ фольклоры]: «... во время игры в момент хода их называют конями».

Т. Сұлтанбеков [1967, Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, Алматы, Қазақстан] : «... «Конями» называют кумалаки во время игры...». Аталмыш дереккөздің бәрі де «тоғызаттың» пайдасына сөйлеп тұр.

Тоғызқұмалақтың құрылымына зер сала отырып, оның салтаттылар өмірінен ажырағысыз мәдениеттен хабар беретініне куә боламыз. Атаулар мен ұғымдар негізінен жылқыға, аңшылыққа және көшпелі өмір салтына қатысты. Ойын тақтасындағы отау атаулары қазақ, қырғыз, қарақалпақ халықтарында сәл өзгерісі болғанымен, әуелгі тұтас мазмұнға барынша жуық әрі бірін бірі толықтырады. Оны төмендегі кестеде берілген ұяшық атауларынан [Сұлтанбеков Т. (1967), Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, Алматы], [Орозобаков Т., Чылымов А. (1997), Тогуз коргоол] байқауға болады.

Бұл ойында барлық отауы ойынтассыз қалған ойыншы жағдайын «атсырау» атайды, бұл – атсыз қалу дегенді білдіреді. Егер де ойын атқа байланыссыз болғанда, оны «құмалақсырау» немесе «тассырау»  атар еді. Демек, ойынның басты атрибуты да ат болғаны және бір кезде «тоғызат» аталғандығы да анық.

Тоғызқұмалақтың әлемге таралуына оның атауымен қоса жүретін «қара насихаты» кедергі болуда. Белгілі тоғызқұмалақшы әрі зерттеуші, Мақсат Шотаев [https://abai.kz/post/13778 (4.06.2012)] былай дейді: « Шетелге шыққанда ойынның атауының мағынасын ашуға ұяламыз да, «құмалақ» сөзін аударсақ, бірқатар шетелдік әріптестердің мыйығына күлкі үйіріледі. Испандар, немістер, түріктер сұрағыштайды. Амал жоқ, оларға қойдың нәжісі екенін аударуға тура келеді, сосын олар оның ойынға не қатысы барын ұқпай дал болады...»

Ойынның өзіне тән «тоғызат» атауы не береді? Бұл шынымен де – өзекті мәселе! «Құмалақ» сөзін айтуға да, мағынасын ашуға да қолайсыздықтан құтқарады. Түбі бір 200 миллоннан асатын түркілердің ойынды бәріне ортақ «тоғызат» атау арқылы бірден ықыластарын оятамыз. «Ат» сөзі барлық түркіге  таныс, ортақ. Түркілерге таралған ойынды, одан ары әлемге тарату аса жеңіл болмақ. Ең бастысы, ойынның атауында – оны дамыту мен таратудың стратегиясы бұғып жатыр.

Ең әуелі жалпытөрк ойындарының атауын бір ізге түсіреді. Қараңызшы, Дүниежүзілік 5-ойынның бағдарламасындағы 21 ойынның ішінде екі түрлі атаумен аталатын да тағы сол: тоғызқұмалақ-тоғызкөргөл... Төрктерді тоғызатпен біріктіретін уақыт келді.  Одан арғы сөзді тоғызқұмалақшылардың/тоғызкөргөлшілердің өздерін «тоғызатшылар» атауға қалай қарайтынын Дүниежүзілік федерацияның Жалпы жиналысы шешер деген үмітімізді үзбейміз.

Серік ЕРҒАЛИ

Редакциядан: Malim.kz автордың тоғызқұмалақ ойынының атауын өзгертуге қатысты ұсынысына орай Халықаралық және ҚР Тоғызқұмалақ қауымдастығының төрағасы Әлихан Байменовке сауал жолдайтынын ескертеді. 

Фото: Gov.kz/дереккөз

Байланысты жаналықтар

«Міржақып. Оян, Қазақ!» фильмі ұлтараздықты қоздырды – танымал режиссер

04.12.2024

Көшпенділер ойынынан кейін қазақ халқын балағаттаған Қырғызстан азаматы ұсталды

21.09.2024

Қырғыз көкпаршылары шеттетілмек немесе айыппұл арқаламақ

14.09.2024

ҰҚК қырғыз көкпаршысына «қысым көрсетілгеніне» қатысты мәлімдеме жасады

13.09.2024

Қазақ пен қырғызға тек бауырмалдық жарасады. Көкпар федерациясы

13.09.2024

«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі». Астанада зерттеу жұмыстары таныстырылды

10.09.2024
MalimBlocks
«Міржақып. Оян, Қазақ!» фильмі ұлтараздықты қоздырды – танымал режиссер

Танымал режиссер Айсұлтан Сейітов фильмді сынап, пікір білдірген

Көшпенділер ойынынан кейін қазақ халқын балағаттаған Қырғызстан азаматы ұсталды

Ол көпшіліктен кешірім сұрады

Қырғыз көкпаршылары шеттетілмек немесе айыппұл арқаламақ

Финалындағы келеңсіз жайтқа қатысты мәлімдеме жасалды

ҰҚК қырғыз көкпаршысына «қысым көрсетілгеніне» қатысты мәлімдеме жасады

ҰҚК тек ресми ақпаратқа сенуге шақырады

Қазақ пен қырғызға тек бауырмалдық жарасады. Көкпар федерациясы

Көкпарда қамшысын сілтеп жіберсе, аса бір арызданатын жағдай емес

«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі». Астанада зерттеу жұмыстары таныстырылды

Тарихи мұраларымен аты шыққан аймақтың археологиялық әлеуеті зор