Түркістан облысында балалар мектеп-интернаттан шығарылған

Түркістан облысында сөйлеу қабілеті бұзылған және ақыл-есінде кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернаттан шу шықты, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі ktk.kz-ке сілтеме жасап.
Себебі Төлеби ауданындағы №2 интернатқа ойда-жоқта келген арнайы комиссия денсаулығы жарамсыз балалар жаппай "қарапайым мектепке жіберілсін" деп, интернаттан шығара бастаған.
Ата-аналар бұл онсыз да жарымжан балалардың құқын таптау десе, интернат қызметкерлері балаларды әдейі таратып, мектеп ғимаратын бәз біреулерге бермек деп санайды. Төлеби ауданының орталығы Леңгірде орналасқан №2 мектеп интернатында осындай дау шығып тұр. Тілінің мүкісі бар балалардан бастап, сал ауруы мен аутизмге шалдыққан балалардың ата-аналары ұл-қызын суыт жеткен комиссия түгел интернаттан шығарып, қарапайым мектепке қуып жатқанын айтады.
"Баламды 1-сыныпта қарапайым мектепке бергенмін. Үш ай барды, үйге жылап қайтады. "Бармаймын" дейді. Сүйреп апарған кезім де болды. Мазақтайды. Апайы "сіздің балаңыз түк қақпайды, оқытайын десем, ұйықтап қалады" дейді. Ал бұдан үлкен сыныптағы балам "мектепте бәрі кемсітеді, мен інімді кемсіткеніне намыстанамын" дейді", - деді Әлия Үсіпбек.
Ақыл-есінде кемістігі бар баланы "жай мектепке жіберу - бала құқын таптау" дегенге мұндағы ұжым да қосылады. Кейінгі бірер айда интернатты жабады екен деген қаңқу сөз жиілеген. Бұл шындыққа айналса, 150 қызметкер жаппай жұмыссыз қалады.
"Барлық мектепте жеңіл дәрежедегі тіл бұзылысы бар балалар да бар, соларды да мектепке жіберіп жатырмыз. Олар мектепте толық көмек алады, психологиялық көмек алады. Себебі заң шыққан. Сіздер шешпейсіздер. Ол заң бойынша шешіліп қойған. Ол жерге біз қорытынды берсек, мектепке барған балаға мектеп жайлы жағдай жасайды", - деді Төлеби ауданы психология, медицина, педагогикадан кеңес беру мекемесінің меңгерушісі Гүлнұр Исламқызы.
"Әлі ешкімді шығармадық" дегенімен, ата-аналар комиссияның шығарылсын деген қортындысы бар, мөр басылып, қол қойылған анықтамаларды көрсете бастады. Жарымжан балалардың құқын таптап жатыр деген ата-ана мен 60 жылдық тарихы бар мектеп-интернат ұжымы енді комиссияның әрекетіне қарсы Бас прокуратураға арыз жазбақ.
Фото: видео кадры