Павлодар облысында ТЖМ құтқарушылары дауыс зорайтқышпен жабдықталған дронның көмегімен жоғалып кеткен қызды аман-есен тапты, деп хабарлайды Malim.kz.
ТЖМ мәліметінше, бүгін түске таман 112 қызметіне қыздың жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Хабарлаушының айтуынша, олар бір күн бұрын Павлодарское ауылы маңындағы Ертіс өзенінің жағасында, Қайық станциясы ауданында түнеп демалған. Таңертең бойжеткеннің жоқ екенін байқап, өз күштерімен іздегенімен, нәтиже шықпаған.
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар аумақты шолу үшін дауыс зорайтқышпен жабдықталған ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдаланған. Дрон арқылы бірнеше рет үндеу жасалғаннан кейін 2003 жылы туған қыз дауысты естіп, іздестіру тобына қарай қозғалған. Соның нәтижесінде оның нақты орналасқан жері қысқа уақыт ішінде анықталды.
Қыз табылғаннан кейін полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Оған медициналық көмек қажет болмаған.
ТЖМ табиғат аясында демалу кезінде жалғыз жүрмеуге, қай жерде екеніңізді жақындарыңызға хабарлап отыруға және өзіңізбен бірге толық қуатталған ұялы телефон алып жүруге кеңес береді. Төтенше жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет.