Алматының жаңа әкімі тұрғындарға үн қатты

Алматының жаңа әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарға үндеу жасады, - деп хабарлайды malim.kz тілшісі.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
"Бүгін менің Алматының әкімі ретіндегі алғашқы жұмыс күнім Мемлекет басшысының қабылдауынан басталды", - деді ол.
Ол президент Қасым-Жомарт Кемелұлы қала болашағына қатысты қандай тапсырмалар жүктегенін айтты.
"Тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу, қаланың инфрақұрылымын кешенді жаңғырту, жол-көлік жүйесін жақсарту, экологиялық мәселелерді шешу мен экономиканы әртараптандыру - алдағы жұмысымыздың басты бағыттары болмақ. Алматы - арман мен мүмкіндіктер мекені. Бұл шаһарға шынайы жанашырлықпен, тың серпінмен, нақты іспен қызмет ету - мен үшін үлкен мәртебе. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірігіп, тізе қосып еңбек етсек, ару қаламызды одан әрі көркейте аламыз. Әсем Алматының әрбір көшесі мен әр тұрғыны үшін нақты өзгерістер жасау, аянбай қызмет ету - біздің басты міндетіміз! Кеше айтылған басым бағыттарды біртіндеп, кезең-кезеңімен жүйелі түрде жүзеге асырамыз!" - деді ол.
Фото: Алматы әкімдігі