Ахметов, Матаев... – "Зардап шеккендер" Нығматулиннен кек ала ма?

Ахметов өтініш берді, Матаевтар ақталды, басқалар да қимылдап жатыр. Ал, Нығматулин шетелде жүр...

Алмас НҮСІП

  • 20.07.2022
Коллаж: Malim.kz/Суреттер ашық дереккөздерден алынды

 

Нығматулин және Ахметов

Соңғы уақытта бұрынғы мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің аты жиі аталып кетті. Ұлдары басқаратын компанияға қатысты әңгіме өз алдына, сырттай оған қатысы жоқ сияқты көрінетін оқиғаларда да оның аты-жөні жүр. Мәселен, 2014 жылы сотталған, жазасын өтеген бұрынғы экс-премьер-министр Серік Ахметов жақында ғана өзін ақтау туралы Жоғарғы сотқа арыз берді. Ол өзіне «тағылған барлық айып бойынша ақтап, жала жауып, істі қолдан ұйымдастырғандарды жауапқа тартуды» талап етіп, өзін қудалауды ұйымдастырушы адам ретінде антикордың бұрынғы қызметкері, Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің басшысы болған Олеся Кексельді атады. Дегенмен, қазақстандық БАҚ бұрыннан бұл іске Нұрлан Нығматулиннің қатысы бар екенін жазып келеді.

Ахметов Нығматулин президент әкімшілігі басшысы болып тұрғанда ұсталды. Сол кезде қоғамда, БАҚ беттерінде түрлі болжам айтылды. Соның бірі Серік Ахметов пен Нұрлан Нығматулиннің Қарағанды өңіріне қатысты келісе алмай, президентке бір табан жақын Нығматулин астыртын әрекеттер ұйымдастырып, ақыры Ахметовті қаматып тынды деген долбар. Ахметов сотта елден де, басқадан да емес, сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұрағанда, бұл долбардың жаны бар сияқты көрінген. Кейін Нығматулин президент әкімшілігінен кетіп, Мәжіліс спикері болып тағайындалғанда, «Нығматулиннің ықпалы әлсіреді, енді Ахметов бостандыққа шығады», деген сөз айтылды. Артынша, «Ахметов «үлкен кісімен» жеке кездесіпті, түрме мерзімі қысқаратын болды», деген де дақпырт тараған. Бірақ, «Нығматулиннің ықпалы әлі де бар, сондықтан экс-премьерге бостандық туралы ойлануға әлі ерте» деген де сөздер болған. Осы сөз расқа айналған болуы мүмкін, себебі, Ахметов 2021 жылы ғана бостандыққа шықты.

Оқи отырыңыз: Тоқаев Нығматулинді партиядан да шығарды

Ахметовтің ұсталуына Нығматулиннің қатысы бар екеніне тағы бір дәлел ретінде – сот процесі кезінде қазақстандық БАҚ-тарда бірыңғай, бір-бірінен аумайтын материалдардың көптеп жариялануы айтылып жүр. Бұлар президент әкімшілігі жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің дайындаған текстері деген сөз бар. Ахметовті қамау алдын ала жоспарланып, билік тарапынан арнайы ұйымдастырылған, оны ПӘ басшысы Нығматулин басқарған деген болжамның негізгі аргументтерінің бірі осы.

Ахметов өзін тергеу ісін жүргізуге басшылық еткен, 2019 жылдан бері басынан дау арылмай келе жатқан Олеся Кексельді тергеуді сұрапты. Серік Ахметов, денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев, ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев сияқты атақты адамдардың ісін жүргізген, 2019 жылғы ең шулы оқиға – тергеу кезінде қаза болған денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің басшысы Лариса Пактың ісіне басшылық еткен Кексель 2019 жылы бір тергеуге алынып, артынша, «кінәсі дәлелденбегендіктен» босатылған. «Қазақстаннан қашып кетіпті» деген дақпырт шығып, министрдің өзі арнайы жауап беруге мәжбүр болған. Одан кейін биылғы ақпан айында Олеся Кексельдің тергеуге қайта алынатыны айтыла бастады. 7 шілде күні ғана антикор Лариса Пак өліміне қатысты тергеу қайта жанданып, оны азаптау фактісі бойынша тексеріс болатынын мәлімдеді.

Егер Олеся Кексель Лариса Пак өліміне ғана емес, Серік Ахметовтің шағымына байланысты да тергеуге алынса, онда, ар жағынан біраз адамның аты аталуы әбден мүмкін. Демек, Ахметов Жоғарғы сотқа берген талабында Нығматулинді атамағанмен, Ахметовті ақтау бойынша сөз шықса, экс-мәжіліс спикері бұл ақтау процестерінен шет қала алмайтын сияқты.

 

Нығматулин және Матаевтар

Нығматулин есімі Сейітқазы мен Әсет Матаевтар ісіне қатысты ұзақ жылғы дауда көп аталды. Оған себеп болған, 2016 жылы Сейітқазы Матаевтың сотта жеңіліп, 6 жылға сотталып бара жатқандағы соңғы сөзі. Ол өзін қудалауды ұйымдастырған негізгі 3 адамның атын атаған.

«Олардың арасында журналистер отбасын қудалауға мұрындық болғандар бар. Олар – бұрынғы президент әкімшілігінің басшысы Нығматулин, жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро жетекшілерінің бірі Татубаев (Талғат – ред.), кезінде Израиль азаматтығын алып алған жартылай олигарх және жартылай медиа-магнат Клебанов (Александр – ред.). Біз бұл туралы бірнеше рет ашық жаздық. Осылардың көрсетуімен менің отбасымды қылмыстық қудалау басталды, осылардың көрсетуімен Алматыдағы баспасөз клубы бұзылды, осылардың көрсетуімен Қазақстан Журналистер одағының қызметі тұралап қалды, осылардың көрсетуімен біздің дүние-мүлкіміз тәркіленді, осылардың көрсетуімен ұлым екеуміз ұзақ уақыттан бері қамауда отырмыз», -деген Сейітқазы Матаев.

Оқи отырыңыз: Нығматулин қайда болса, Махаев сонда

Қазір бұл аталған үш адамның ішіндегі Татубаевқа да тергеу қаупі төніп тұрғанын «ҚазТАГ»-тың өзі жазды. Татубаев наурыз айында әділет министрінің кеңесшісі қызметінен босатылған. Ал, Клебанов туралы соңғы ақпарат 2022 жылғы мамыр айында оның Қазақстанның ең бай 50 бизнесмені тізімі шыққанда пайда болған. Ол 2022 Forbes Kazakhstan тізімінде 15 орынға тұрақтап, 2021-ге қарағанда үш саты жоғарылап, позициясын нығайта түскені айтылған.  

Ал, Нығматуинге қатысты әңгіме соттағы соңғы сөзбен біткен жоқ. Одан кейін де қаншама мәрте сөз болды. Ара-тұра көре қалған журналистер мәжіліс спикеріне осы сұрақты жиі қоятын. Және ол көп жағдайда жауапсыз қалатын. Бірақ, Матаевтар сотынан кейін іле-шала жасаған мәлімдемесінде ол Матаевтар ісімен өзгелер сияқты БАҚ арқылы ғана хабардар екенін айтты.

«Бұл мәлімдеме туралы көру мен оқу мен үшін өте жағымсыз болғанын жасырмаймын. Маған Сейітқазының осындай жағдайға түскені де өте өкінішті. Бұл оның жеке басының үлкен трагедиясы. Мен оның ісімен өзгелер сияқты БАҚ материалдары арқылы таныспын, менің түсінгенім, заң одан өте салмақты кінәрат тауып отыр. Дегенмен, бұл соттың жұмысы, тек сот қана оның қаншалықты кінәлі, кінәсіздігін анықтай алады. Ал, мәлімдеменің өзіне келсек, менің ойымша, бұл әшейін сот процесін саясидандырып, оған саяси рең беру әрекеті. Бұл өзінше қорғану әдісі болар. Бірақ, менің адресіме айтылған бұл мәлімдеме таза ойдан шығарылған және шындыққа жанаспайды», - деген 2016 жылдың қыркүйегінде.

Оқи отырыңыз: Матаевтар. Назарбаевтың Қазақстаны келтірген зиянды Жаңа Қазақстан өтей ме?

Бірақ, Нығматулиннің бұл мәлімдемесі оған бағытталған кінәраттарға толық жауап болды деп айту қиындау. Өйткені, Матаев Нығматулиннің «ҚазТАГ» ісіне тікелей араласқанын, тіпті, оңаша сөйлескенін де айтқан.

«Мен Нығматулинмен бас финпол Қожамжаровтың қатысуымен бірнеше рет кездестім. Нығматулин маған ультиматум қойды: кінәңді мойындап, тергеумен келісімге келіп, 65-бап бойынша арыз жаз; келтірілді-міс деген 600 млн теңгені өтеп, өз кінәмді толық мойындағаным туралы прессаға арнап брифинг өткіз деді. Мен бұл өз-өзіңе ғана емес, бүкіл Қазақстанның журналистикасына үкім шығару екенін, журналистік бірлестіктерді жығып беріп, еркін журналистиканың жолын жабу екенін айтып, ультиматумнан бас тарттым», - деді.

Жалпы, Матаев соттағы соңғы сөзінде Нығматулин туралы бірнеше мәрте қайталап айтты. Соның бірі Нығматулиннің «ҚазТАГ»-ты сұрауы.  

«Президент әкімшілігіндегі бір кездесуде Нығматулин маған турасын айтты: «ҚазТАГ»-ты бер, болды, бәрін тоқтатамыз... Істі жабамыз, қылмыстық жауапкершіліктен босатамыз». Және Алматыдағы ғимарат пен Астанадағы «Журналистер үйін» кәмпескелейтінін де айтты. Ол: «Балаларыңды ойла, немерелеріңді ойла. Мына қырсықтығыңмен оларға не қалдырмақсың?» - деді. Енді бұл мүліктерді айыптау үкімі арқылы тартып алмақ», - деген.

Нығматулин жалпылама жауабында бұл айыптауларға жеке-жеке тоқталған жоқ. Бәрін бір ауыз сөзбен жоққа шығарды да, одан кейін бұл тақырыпқа аттап басқан жоқ.

 

Дариға Назарбаева және Матаевтар

Матаев айтып отырған Астанадағы «Журналистер үйі» Ақордаға ең жақын нүктеде орналасқан жеке мүлік. Бұл үйдің салынуына және жеке қолға өтуіне Дариға Назарбаеваның да қатысы болғаны айтылады. Әрине, Сейітқазы Матаевтың идеясы. Матаевтың өтініші бойынша Дариға әкесі Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазады. Сөйтіп, құрылыс салынады. Астана жаңа салынып жатқан, сапырылысқан кез, «Журналистер үйін» Матаевтар заңдастырып алады. Бұл кезде астанада құрылыс қарқынды жүріп жатқан, саяси ахуал да қайнап жатыр. Оппозиция күш алып, «Ақжол» құрылып, басқа да саяси күштер бірігіп жатқанда «Асар» партиясын құрып, екі ортадағы тартыспен әуре болып кеткен Назарбаеваның өз көмегімен салынған «Журналистер үйіне» қарайлауға шамасы да болмаған сияқты. Тек, кейіндеу заман «тыншып», бар билік бір отбасының қолына өтіп, арғы-бергіні сарапқа салғанда Ақорданың дәл іргесінен қоныс тепкен жекеменшіктегі «үй» есіне түссе керек. Нығматулинмен арасы өте жақсы, арнайы өтініш айтқан яки тапсырма берген.

Оқи отырыңыз: 700 млн – Кезек Нығматулиндерге де келді

Матаевтардың қудалануы – Назарбаевтардың бүкіл медиа саласын ақыр-тақыр бақылауға алмақ болған кезеңіне сәйкес келеді. Ratel сайты қуғандалып, «Жас Алаш» газеті қайта-қайта сотқа ілігіп,  Central Asia Monitor және Radiotochka.kz басылымдары таяқ жеп жатқан кез. Осы қатарға «ҚазТАГ» та қосылды. Бұл істердің артында өзі де көптеген БАҚ-тың иесі Дариға Назарбаев тұр деген сөздер сол кезде-ақ айтылып жүрген, сірә, «тиісуге» болмайтын Дариғаның есімін сотталып бара жатқан, әлі де ақталудан үміті бар Сейітқазы Матаев айта алмаған сияқты.

Не де болса, Матаевтар ақталды, Ахметов арыз беріп жатыр, одан басқа да сотты болған Константин Сыроежкин, Қуат Сұлтанбеков, Зинаида Мухортова, Дінмұхамед Ыдырысовтар да Жаңа Қазақстаннан теңдік сұрауға ниет танытып жүр. Мұның барлығы қайта қолға алынса және Матаевтар сияқты жолы болса, Нығматулин және сол сияқты кланбасылардың біразы туралы «тың» мәліметтер естіп қалуымыз әбден мүмкін. Әзірге билік дәліздерінде «саудаласу» жүріп жатыр деседі...

Байланысты жаналықтар

Бектенов Еуропалық Одақ елдері өкілдерімен су ресурстарын басқару мәселесін талқылады

18.04.2024

Тоқаев Астана әуежайында Садыр Жапаровты күтіп алды

18.04.2024

Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заңды қабылдады

17.04.2024

Депутат жертвам паводка: Назарбаевский клан никуда не делся

17.04.2024

Президент ақбөкендерді атуға тыйым салынатынын мәлімдеді

16.04.2024

Тоқаев Үкіметке ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді

16.04.2024
MalimBlocks
Бектенов Еуропалық Одақ елдері өкілдерімен су ресурстарын басқару мәселесін талқылады

Ол елімізде болған күрделі су тасқыны жағдайы аясында тұрақты су инфрақұрылымын дамыту үшін ЕО елдерімен әріптестікті кеңейтудің маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті. 

Тоқаев Астана әуежайында Садыр Жапаровты күтіп алды

Сапар аясында ертең жоғары деңгейде екіжақты келіссөздер жүргізіледі және бірқатар маңызды құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.

Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заңды қабылдады

Құжатты таныстырған Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан заң жобасын әзірлеп, пысықтауға белсенді қатысқан қоғам мүшелеріне алғыс білдірді.

Депутат жертвам паводка: Назарбаевский клан никуда не делся

Депутат мажилиса Максат Толыкбай обвинил крупные нефтяные компании в нежелании делиться имеющейся у них техникой для помощи во время паводков.

Президент ақбөкендерді атуға тыйым салынатынын мәлімдеді

Бұл туралы Тоқаев Қостанай ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтты.

Тоқаев Үкіметке ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығын қысқарады.