Бір Әбдіқалықова келді, бір Әбдіқалықова кетті
Бір айда талай кадрды ауыстырып тастады.
Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВАНЫҢ президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ жарлығымен Қызылорда облысына әкім болып келгеніне бүгін тура 40 күн болыпты. Ел тарихында алғаш облыс басқарған әйел әкімнің бұл қызметке келген күнінің өзі сыр елінің есінде қалатыны анық. Өйткені 28 -наурызда Әбдіқалықова әкім болып тағайындала сала, аймақта ең алғашқы коронавирус жұқтырған тұрғын анықталды.
Әбдіқалықованың алдында Қызылорда облысын Қуанышбек ЫСҚАҚОВ басқарды. Бірнеше жыл Көшербаевтың орынбасары болып келген Ысқақов бір жылға жетпей, үлкен көлемде ақша жымқырды деген күдікпен ұсталып қызметін сәтсіз аяқтады.
Ал Гүлшара Әбдіқалықова келген соң бір аптадан кейін-ақ айналасына өзі қалаған жандарды «жұмсақ креслоларға» жайғастыра бастады. Мәселен 6-сәуірде Әбдіқалықованың өкімімен облыс әкімінің екі орынбасары Серік АХМЕТОВ пен Серік СҮЛЕЙМЕНОВ бірден тағайындалды.
Одан соң әкімнің аппарат басшысына Ерлан РАЙҒАНИЕВТІ орынбасарымен бірге жаңадан тағайындады.
Сонымен қатар төрт басқарманың жаңа басшылары да креслоларына жайғасты. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасына Сейілбек НҰРЫМБЕТОВ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаментіне Мұрат ТІЛЕУІМБЕТОВ, білім мен дене шынықтыру және спорт басқармаларына Ақзира ҚАСЫМОВА мен Жақсылық ОСПАНОВ бастық болды.
Жаңадан тағайындалған басшылардан Тілеуімбетов, Нұрымбетов, Оспановтар бұрын өздері ісетеген басқармада орынбасар болған еді.
Жаңа аймақ басшысының баспасөз хатшысы да жақында қызметтен кетті. Басшылық қызметтен кеткендердің арасында Әбдіқалықованың туған сіңілісі де бар. Осы кезге дейін қалалық білім бөлімін басқарып келген Меруерт ӘБДІҚАЛЫҚОВА әпкесі облыс әкімі болып келгеннен кейін өз еркімен қызметінен кеткен. Меруерт НАУШАҚЫЗЫ былтыр 2019 жылдың мамыр айында ғана Қызылорда қалалық білім бөлімінің бастығы жұмысын бастаған еді.
Абай НҰРЖАНҰЛЫ