Мемлекеттік қызметшілердің ант беру мәтіні өзгереді
Алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілердің ант беру мәтінін жетілдіру бойынша тиісті жұмыстар атқарылады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде 2024 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша өткен алқа отырысында Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның сөзінше, мемлекеттік қызметшілердің антқа адал болуы негізгі құндылыққа айналуы тиіс.
Алқа отырысында мемлекеттік қызмет саласын бақылау жұмысында алдын алу шараларына, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғауға баса назар аударылатыны айтылды.
2024 жылы мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуына байланысты жүргізілген тексеріс нәтижесінде 15 мыңнан аса заңбұзушылық анықталды. Заңсыз қабылданған 100-ге жуық акті мен шешімнің күші жойылып, 760 азаматтың құқықтары қалпына келтірілген.
Агенттік бастамасымен жазаның бұлтартпаушылық принципін дәйекті түрде жүзеге асыру механизмдері айқындалды. Биылғы жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің басқа мемлекеттік органға ауысуына қарамастан, бұрынғы лауазымда жасаған теріс қылықтар үшін жауаптылықтан босатылмайды.
Фото: qyzylqoga.kz