Қазақстан vs Өзбекстан: Үлкен қыздардың үлкен ойлары

Өзбекстанның президенті Ш.Мирзиеев Қазақстанның экс-президенті Н.Назарбаевтың қателігін қайталай ма?

Алмас НҮСІП

  • 22.12.2022
С.Мирзиеева және Д.Назарбаева /Фотоколлаж: Malim.kz / Суреттер ашық дереккөздерден

 

Мирзиеева және мұғалімдер

Өзбекстан президенті Шавхат Мирзиеевтің қызы Саида Мирзиееваның мұғалімдерді қосымша жұмыстардан босату туралы айтқан сөзі Қазақстан медиасын да шарлап кетті. Ол былай дейді:

«Бүгінде мұғалімдер – әкімшілік іс шараларының қызметшісі, бағбан, тазалықшы, мектепке келген комиссияларға қызмет көрсететін аспаз әрі даяшы; Науқандарда бос залды толтыратын массовка; одан қалса салық және несие қарыздары туралы халықтан ақпарат жинаушы; Мерзімді басылымдардың міндетті жазылушысы; Түнгі кезекті атқарушы және мектеп қарауылы. Ал, осындай жағдайда мектептің жай-күйі мен балалардың білімі не болмақ? Тіпті мұғалімнің жеке өміріне немесе отбасына бөлетін уақыты туралы айтудың өзі қиын. Қоғам мұғалімдерді мәжбүрлі еңбекке, түрлі қосымша жұмыстарға тартуға қарсы болғанда ғана олар құқығын қорғай алады. Ал бұл кәсіптің иелеріне негізгі міндеттен бөлек жұмыс жүктегендер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылу керек. Осыған орай тиісті заң жобасы әзірленіп, жақын арада қабылданғалы жатыр».  

Әрине, мұндай заңның қабылданып жатқанын парламенттегілер айтса да болар еді, бұл, әлбетте, президенттің сұлу қызының аузынан шықса сүйкімді естіледі, әсерлі болады деп шешкен болуы керек. Оның үстіне, өзбек президентінің үлкен қызы да не айту керегін жақсы біледі. Әсіресе соңғы екі жылда ашық қоғам, сөз бостандығы, журналистердің зор жауапкершілігі, биліктің ашықтығы, гендерлік теңдік туралы ақылды сөздер айтып, көзге жиі түсе бастаған Саида Шавхатқызы ақыры әкесінің жанына – Өзбекстан президенті әкімшілігіне қызметке келді.

Видео:   Саида Мирзиёева елдегі мұғалімдердің жағдайы мен жұмыс жағдайын сынға алды

Мирзиеевтің қызы дегенде, біздің де «үлкен қыз» еске түседі. Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үш қызының арасында мемлекеттік қызметте Сенатты басқаруға дейін шарықтай өскен үлкен қызы Дариға Назарбаева. Ол да ақылды сөз айтуға, жаңа бастама көтеруге тырысатын, бірақ, онысы көп жағдайда қоғам тарапынан сынға ұшырап жататын. Оның қандай бастамасы болса да қоғам оны «ханның қызының еркелігі» ретінде қабылдайтын. Тіпті, ол бірде бір мәрте Саида сіңілісінің кешегі деңгейінде алғыс арқалап көрмеген шығар.

 

Назарбаева және мұғалімдер

Қазақстанда да көптеген наразылықтар мен шулы оқиғалардан кейін «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданған. Бір қызығы, бұл құжат дәл Дариға Назарбаева Сенат төрайымы болып отырғанда бекітілді. Енді, Дариға Назарбаева бұл құжатқа қандай еңбек сіңірді, және жалпы мұғалімдердің мәртебесіне қатысты қандай да бір нақты мәлімдеме жасады ма деген сұрақ туады.

2008-ден бастап 2013 жылға дейін саясаттан алыстап, ән айтып, концерт өткізіп, демалып келген Назарбаева 2013 жылы кемтар балалар «көрмесі» туралы («И детей этих — уродов показать, инвалидов, пусть смотрят») әйгілі сөзінен кейін жиі көріне бастады. Оның бұл белсенуін де іші пысқан ерке қыздың жай ғана уақыт өткізу үшін ойлап тапқан хоббиі деп есептеген ел, ол 2016 жылы премьер-министрдің орынбасары болып шыға келгенде, шындап ойлана бастаған. Және ерке қыздың ұпай жинауға кірісе бастағаны да осы кез. Ол ұпай жинау үшін өзіне ең үлкен «армия» ретінде – мұғалімдер мен дәрігерлерді саналы түрде таңдап алған сияқты. Себебі, осыдан бастап оның мұғалімдер мен дәрігерлер туралы сөзі жиі айтылып жүрді.

Премьер-министрдің әлеуметтік салаға жауапты орынбасары Дариға Нұрсұлтанқызы бірде таусыла отырып:

«Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау – бұл балалар, оқушылар, студенттер, зейнеткерлер – тікелей әйел адамға жақын әлем болып табылады. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейінгі аралықтағы барша адамды тіршіліктің тіні саналатын әлеуметтік сала қарсы алып, өмір бойы бірге болып, кейін шығарып салады. Бұл, тіпті, оның «рахметі жоқ» деп есептелетініне қарамастан, адам айтқысыз күрделі, сонымен бірге, өте қызықты жұмыс», - деп тебіренді.

Бірақ, көп ұзамай бұл «рахметі жоқ» салаға рахмет айтып, сенатор болып кетті. Сенатор кезінде де ол мұғалімдер мен мектеп тақырыбына қатысты жиі көрінуге тырысты. 2018 жылы ол мұғалімдердің үйсіздігіне нали отырып, оларға үй беру туралы мемлекеттік бағдарлама жасайық деді.

"Кейбір мұғалімдерді отбасында отағасы асырайды. Ал енді бірі, керісінше, бүкіл жанұясын өзі асырауға мәжбүр. Оларға қалай көмектесу қажет? Мен әскерилер сияқты, олар үшін де жеке бағдарлама әзірлеуді ұсынамын. Әйтпесе, қанша миллион шаршы метр үй тұрғызсақ та, бұл мәселе күн тәртібінен түспейді", - деген.

Бұл оның «біз қанша үй салсақ та халық санын қуып жете алмаймыз» деп жүрген кезі. Халық санын несиеге үй берсең де қуып жете алмайсың деді ме екен, оның бұл бастамасы бастама күйінде қала берді. Оның үстіне, «әзірше жұмысты бастай берейік, ара қарай пісіп-жетіле береді» дегені «ыңғайына қарап көреміз» деген ниетін аңғартқан және нақты бір жоба-жоспары жоқ, әшейін сөз екені байқалған.

Есесіне, Қазақстанды дамыту үшін мұғалімдерді жарылқаудан гөрі әкімдерге жағдай жасау керек деп шешті ме екен, алдымен білім басқармаларын жауып тастайық деп, уөп ұзамай әкімдерге бір-бір тікұшақ әперейік деп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Әкімдер елдің ішіндегі жағдайды біле алмай, 5 сағаттап көлікпен жүріп қиналып жүр, ал білім басқармалары мектептердегі проблемаларды жасырып отыр және бюджетке артық күш түсіріп отыр. Осының есебінен, әкімдерге тікұшақ алуға да, мұғалімдердің жалақысын көтеруге де болады. Бұл президенттің ақылды қызы ойлап тапқан, логикаға құрылған тамаша жоспар еді, «ерке қыз не демейді», деді ме екен, бұған да қоғам езу тартқаны болмаса, үкімет пен парламенттегі ағалары онша бір елең ете қойған жоқ.

 

Сенатор қыздың бизнес-жобасы

Бұл Қазақстанда мұғалімдердің жалақысын көтеру мәселесі енді-енді қызып келе жатқан уақыт. Дариға Нұрсұлтанқызы жалақы көтеруге қатысты тағы бір тың идеясын жайып салды. Оны жұрт «Дариғаның бизнес-жобасы» деп атап кетті. Алматыда мұғалімдермен кездесуде «мектептердегі асханалар мен спорт залдарды жалға беру» туралы айтып, елді елең еткізді. Ол «баяғыда үйлену тойлары мектепте өтіп жататын, басқа да дастарқан жайылатын, мен осы тәсілді қолдаймын», деп, мектеп директорларын бизнестің көзін табуға, сол арқылы, бюджетке ақша құйып, мұғалімдердің жалақысын өсіруге ат салысуды ұсынды. Әрине, ел «мектеп асханасы – тойхана, мектеп спорт залы – қатымхана болсын» деп қыжыртқаны болмаса, Қазақ даласын тойхана басып қалған мына уақытта мектеп асханасының кәдеге аспайтыны түсінікті еді.

Бұрыннан-ақ мектепте үш тілде білім беруді барынша қолдап жүрген Назарбаева сабағына әрең үлгеріп жүрген мұғалімдерді ағылшын тілі курсынан өтуге мәжбүрлеп, ауыл мен қала арасында біраз сенделтуге аямай үлес қосты. Екі жылдан аса уақытқа созылған бұл науқан мұғалімдерге ағылшынша үйретпегені түсінікті, есесіне, ара-тұра кезектен тыс «демалыс» алып, қалаға келіп, айлап жатып кетуге мүмкіндік сыйлады. Мұны Назарбаеваның мұғалімдерді артық жүктемеден босатуға қосқан үлесі деп айтпасақ, басқалай нәтижесі болған жоқ.

Жылдың үздік мұғалімдерін марапаттауға келіп, тебірене сөз сөйлеп, алдарында «бас иіп» жүрген сенатор Назарбаева мектепке ақша жинау, мұғалімдерге сыйлдық беру туралы әңгіме қызып жатқан бір тұста: «мұғалімдер мен дәрігерлерге сыйлық беруге болады, министрлерге болмайды» деп, ұстаздар қауымын қаншалықты жақсы көретінін, қолдайтынын, керек болса қорғайтынын білдірді. Дәл осы кездері мұғалімдердің құқығын қорғау туралы айта келіп, «ата-аналар мәселенің мәнісіне жетпей жатып, мұғалімдермен ұрсыса кететін болған, егер педагогтар болмаса, ертең біздің балаларымызды кім оқытады?» - деп, сезімге ерік бергені бар.

Дегенмен, Сенат төрағасы болып сайланып алғаннан кейін басқаша сөйлей бастады. Мұғалімдердің жүктемесін азайту мәселесі қайнап жатқан уақыт – 2019 жылы «мұғалімдер «интернет жоқ» деген сылтаумен «Күнделік» толтыруға ерінеді» дегендей сөз айтты.

«Оқушылардың үлгерім деңгейі, мұғалімдердің өздерінің даярлығы - бәрі электронды күнделікте жазылады. Бұл олар үшін қолайсыз», - деп салды.

Оның бұл сөзі ылғи да мақтап жүрген мұғалімдерді анығында сауатсыз, жалқау деп есептейтінін білдіріп алды. Бұл «Педагог мәртебесі туралы заң» қабылданар қарсаң. Сірә, «онсыз да арнайы заң бекітіп жатырмыз, жылай бермей жұмыс істесін», деп, аздап міндетсінген болар. Одан кейін көп ұзамай Сенат спикерлігінен кетіп үлгерді, әйтпесе, осы жақсылығын бұлдап, бір кездері көп балалы аналарға айтқандай «сонша ақылды болсаң, неге кедейсің?» деп дүрсе қоя берер ме еді... Әлде, сіңілісі Әлия Назарбаева жазған "Күш-қайрат мекені" деп аталатын кітапты мәжбүрлеп оқытуға дейін барар ма еді... Білетіндер, сіңілісінің бұл кітабы негізінен мемлекетке масыл болмау туралы жазылған деп жүр ғой.

Байланысты жаналықтар

«Табысты болыңдар, бақытты болыңдар». Назарбаев референдумда дауыс берді

06.10.2024

Тоқаев Өзбекстан Президентінің көмекшісі Саида Мирзиёеваны қабылдады

05.08.2024

Танымал актер Тоқаев, Назарбаев және Путиннен кешірім сұрады

18.07.2024

Назарбаевтың інісі Самат Әбіш шартты түрде 8 жылға сотталды – Депутат

20.03.2024

Қаңтар оқиғасы: ҰҚК экс-қызметкері Самат Әбіштен бұйрық алған

18.09.2023

Назарбаевты мақтағандар енді Тоқаевты мадақтауда

20.07.2023
MalimBlocks
«Табысты болыңдар, бақытты болыңдар». Назарбаев референдумда дауыс берді

Ол «Астана Опера» театрының ғимаратында таңдау жасады

Тоқаев Өзбекстан Президентінің көмекшісі Саида Мирзиёеваны қабылдады

Президент Астанада халықаралық «Заковат» интеллектуалдық ойынының өткізілуіне қолдау білдіріп, мұндай іс-шаралар халықтарымыздың арасын жақындата түсетінін атап өтті.

Танымал актер Тоқаев, Назарбаев және Путиннен кешірім сұрады

Шоумен президенттерді сынағаны үшін айыптымын деп отыр.

Назарбаевтың інісі Самат Әбіш шартты түрде 8 жылға сотталды – Депутат

Бұл туралы Ермұрат Бапи әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Қаңтар оқиғасы: ҰҚК экс-қызметкері Самат Әбіштен бұйрық алған

Жауаптардың құпия болуы Самат Әбішті жасырып қалу үшін жасалған

Назарбаевты мақтағандар енді Тоқаевты мадақтауда

Шығыс Қазақстан облысы Тоқаевты мадақтайтын бейнероликке 5,2 миллион теңге жұмсаған.