Қошанов мықты ма, Нығматулин мықты ма?

Парламентте депутаттар бір үйдің баласындай тату, бір бірімен келіспей қалу деген бола бермейді. Есесіне, мәжіліс төрағалары ара-тұра үкімет мүшелерін ұрысқанды жақсы көреді.

Алмас НҮСІП

  • 29.09.2022
Е.Қошанов пен Н.Нығматулин / Коллаж: Malim.kz

Парламент мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов соңғы кезде үкімет мүшелеріне жиі ренжитін болып жүр. Ол кеше тіпті премьер-министр Әлихан Смайыловтың өзіне сәлем жолдады.

Рас, Конституция бойынша Парламент Үкіметтен жоғары саналады.  Кейде осы естеріне түсіп кете ме екен, біздің спикерлер ара-тұра министрлерді немесе олардың орынбасарларын нұқып алып тұрады. Әрине, «енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» деген деңгейде, жұмсақ қана. Біз соның өзін көтермелеп, желдірмелеп, «сөгіп салды»; «соғып салды»; «ұрысып тастады»; «қатаң сынға алды», деп, бөркін дағарадай қыламыз.

Бұрынғы мәжіліс спикері, 10 жылдай төраға болған Нұрлан Нығматулин отырыс сайын «концерт» қоятын. Ол әсіресе 2019 жылдан бастап тіпті асқақтаған. Оның алдында министрлер мен әкімдер экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтан ұрыс еститін. Назарбаев орнынан кеткен соң, орнына жұмсақтау көрінген Тоқаев келген соң, «бір ақсақал болмаса бір ауылда...» деді ме екен, оның орнына Нығматулин жиі-жиі «тәйт» деп қоятын болды.

Біздің мәжілістің отырысы тым қарапайым: бір депутат сұрақ қояды, сұрағы анау айтқандай күрделі емес. Рас болса депутаттар сұрақ қоярдан бұрын, спикер өзі арнайы қарап, жарайтынын бекітіп береді екен деген сыбыс бар. Бәрі алдын ала дайындалатындықтан, үкімет мүшелері де «спектакльге» дайындалып келу керек. Қалай айтқанда да төтен сұрақ қойылмайды, күтпеген мәселе көтерілмейді. Біздің үкімет мүшелері осы «үй тапсырмасына» дұрыстап дайындалмайды ғой. Спикерлер бұған күйіне ме, жоқ па? Бұл жерде тағы бір болжам жасауға болады: министрлер мен олардың орынбасарлары әлде шынымен не істеп, не қойып жүргенін білмейді, не «отырысты» көңілдірек ету үшін шатасқан болады. Немесе «грозный» Нығматулиннің алдында білгенінен жаңылады.

«Грозный» Нығматулин

Нығматулиннің жұрт дауылдатып көтеріп әкеткен сөздерін еске түсіріп көрейік. Ол түк таппағанда елге өтімді тақырып – тіл мәселесін қозғайтын. Жыл сайын бірнеше мәрте. 2021 жылы «Сіз парламентке келіп отырсыз, қазақ тілінде қойылған сұраққа қазақ тілінде жауап беру керек», - деп, Экология министрі Әсет Ерғалиевті; 2020 жылы «Басқа ұлттың азаматы қазақ тілінде сұрақ қойып тұрғанда, сіздің мемлекеттік тілде жауап бермегеніңіз дұрыс емес», - деп (депутат Наринэ Микаелян қазақша сұрақ қойған), Цифрлық даму, инновациялар және Аэроғарыш өнеркәсібі вице-министр Асхат Оразбекті саусағын шошайтып тұрып ұрысқан; 2019 жылы «қазақша түсінбесеңдер құлаққап киіп алыңдар», деп, біраз ашуланған. 2020 жылы Экология министрі Мағзұм Мырзағалиевке «қайтадан оқыңыз, лекция тыңдаңыз» деп кеңес беріп, тағы бір министрлік өкілдеріне «Тегі сайрап отырсың» («прямо поешь, слушай»), - деп «комплимент» айтып, «Жай айта салшы, тегін болса тегін де», деп, жастарды қырына жиі алатын.

Нығматулиннің бұл әрекетін жастарды қатал енедей «ширатып бір алайын дегені шығар» деп, күле қарап жүргенде, ол 2021 жылы өз қатарласына ауыз салды. Басқа емес, вице-премьер Ералы Тоғжанов. Ақсақал – тұңғыш президенттің жөні бөлек қой, қанша ұрысса да, ар жағында аталық мейірім көрініп тұрады. Оның үстіне «егер керек болса, кез келгеніңді қолыңнан жетелеп апарып түрмеге қамай аламын» деген атақты сөзі тағы бар. Демек, ол кісі кешірімді деген сөз. Сонысы үшін де ол кісіден ұрыс есту былай қарағанда тиісті сыбағаңды алумен пара-пар. Ал мына мәжіліс спикерінің тап бергені, қалай десеңіз де, Тоғжанов үшін күтпеген жағдай болған. «Лекцияны басқа баудиторияда оқисыз, тоүсінікті ме?» - деп, дап-дардай Тоғжановтың өзіне қатал мұғалім сияқты ұрысқаны қызық көрінген.

Қыза шапқан Қошанов

Кезінде өзі басқарып отырған облыста аудан әкімдерін, ауыл әкімдерін, басқа да мәселелерге байланысты басқармаларды аздап ұрысып қойып жүре беретін Қошанов соңғы кезде парламент қабырғасында да ширақтық таныта бастады. Мәжіліс қабырғасындағы алғашқы отырыстарында депутаттарға «жемқорлық туралы сұрақ қоймадыңдар» деп, аздап ренжіген спикер «Халық сайлаған депутаттар ең алдымен өз сайлаушыларына жақын болуы қажет» екенін ескертіп, «елде не болып жатқанын біліңіздер» деп, өз депутаттарына ақыл айтатын.  

Одан кейін көп уақытқа дейін онша бір ызбары байқала қоймаған Қошанов депуттары каникулға кетер қарсаң – 30 маусым күні «Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдардан стандартты сырғытпа жауап келеді. Сессия жабылатын кезде ғана белсенді қимылдай бастайды», - деп ренжіді. Осы кезде қыза келіп: «Министрлер депутаттар арқылы өздерінің «жанып тұрған» мәселелерін шешіп қалғысы келетін жағдайлар да бар», - деп салғанда, қазақстандық БАҚ атаулы шу ете түсті.

Биылғы сессия басталғалы көп өте қойған жоқ. Кеше ғана пленарлық отырыста кенеттен «Өзімнің ескертпемді айтайын деп едім...» - деп, жұмсақ қана бастады да, ары қарай қызып сала берді.

 «Пленарлық отырысқа дайындалып келу керек. Қол астындағы адамдардың қолдарыңызға жазып берген анықтамасын оқып берудің қажеті жоқ. Осы сұрақтардың барлығы бұған дейін жұмыс тобында талқыланды, комитеттің отырысында қаралды. Енді оны осы жерге келгенде бес саусақтай біліп тұруларыңыз керек қой», - деді.

Сосын соңғы кезде өзі де сыннан көзі ашылмай жүрген Сайыловқа сәлем айтты:

«Мен үкімет өкіліне де осы ескертпені айтамын. Премьер-министрге жеткізіңіз. Егер осы жерде дайын емес министрліктердің өкілдері болса, орнына басқа адамдар келсін».

Нығматулин министрлік өкілдеріне ұрысқаны болмаса, премьер-министрге соқтыққанын байқамаппыз. Оның үстіне соңғы жылдары өзінің үзеңгілес серігі, жақында ғана «сырға салу» мәселесін кафеде отырып бірге талқылаған Асқар Мамин премьер-министр болғандықтан шығар, оның адресіне мұндай ауыр сәлем жолданып көрмеген. Ал, Қошанов жасы кіші деді ме, әлде, Нығматулиннен асып түсудің жолы ретінде таңдады ма екен, тура премьер-министрдің өзіне «мыналарыңа ие бол», дегендей ескерту жасады. Не де болса, алдағы Парламент сайлауынан соң басқа жаққа ауысып кетпесе, Қошанов та мүлгіп тұратын Парламентті жандандыру үшін «тамада» болуға дайын сияқты.

Байланысты жаналықтар

Премьер-министр Олжас Бектенов өрт қауіпсіздігі шараларын күшейтуді тапсырды

12.11.2024

Үйі жоқ барлық азамат кезекке тұра алады

11.11.2024

Үкіметте «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы бекітілді

09.11.2024

Үкіметте 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысы қаралды

07.11.2024

Үкімет алдағы 3 жылда қарыздарға 7,2 трлн теңге жұмсайды

07.11.2024

Олжас Бектенов ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьерімен экономикалық ынтымақтастық жайын талқылады

04.11.2024
MalimBlocks
Премьер-министр Олжас Бектенов өрт қауіпсіздігі шараларын күшейтуді тапсырды

Үкімет отырысы барысында одан әрі пайдалануға жарамсыз тұрмыстық баллондарды қолданыстан шығару және утилизациялау мәселесін шешу қажеттігі атап өтілді

Үйі жоқ барлық азамат кезекке тұра алады

Үй беру азаматтың табысы мен мәртебесіне сәйкес жүргізіледі

Үкіметте «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы бекітілді

Онда экология бағыттары бойынша индикаторлар қойылған

Үкіметте 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық барысы қаралды

Жылдағы су тасқыны жағдайының алдын алу бойынша дайындық шаралары жүргізілуде

Үкімет алдағы 3 жылда қарыздарға 7,2 трлн теңге жұмсайды

2024 жылы үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге 2,02 трлн теңге сомасында шығыстар көзделген

Олжас Бектенов ҚХР мемлекеттік кеңесінің премьерімен экономикалық ынтымақтастық жайын талқылады