Сатыбалды Дәулеталин: «Кәсіподақтар федерациясы жастар саясатына баса көңіл аударады»

Кәсіподақтар федерациясы еңбекақы жүйесін сапалы жетілдіру бойынша Үкіметке ұсыныстар пакетін қалыптастырды

Олжас Қасым

  • 29.08.2022

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы еліміз нарықтық экономикаға көшкенде бірқатар қиындықтарды бастан кешіргенімен,  бүгінде айрықша күшке ие. Бұл ұйым қазіргі таңда азаматтардың құқықтарын қорғау аясында жұмысын бір сәт те тоқтатқан емес. Қоғамдық ұйым  заман талабына сай, бұқаралық сипат алып келеді. Жалпыхалықтық ауқымға жетпеген әлсіз ұйымдармен ешкім де санаспайтыны мәлім. Сондықтан да қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен кәсіподақ қозғалысын  мейлінше дамыту  қажеттілігі туындап отыр.  Осы ретте, ҚР Кәсіподақтар  федерациясының  төрағасы Сатыбалды Дәулеталин  мырзамен сұхбаттасудың сәті түсті.  


- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан кәсіподақтары федерациясының XXVI съезінде «Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестермен бірге еңбек қайшылықтарын реттеудің және қызметкерлердің заңды мүддесін қорғаудың өркениетті тәсілдерін белсенді пайдалануы керек» деген болатын. Осы бағытта қандай айтулы жұмыстар атқарылды?

- Сөз басында Кәсіподақтар федерациясы 16 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымдарында 2 миллионға жуық еңбеккерді біріктіріп отырған ең ірі қоғамдық ұйым екенін айтып өткен жөн. Бірлік, әділеттілік, Еңбек адамына деген құрмет – Кәсіподақтар федерациясының 26-шы съезінде қабылданған Стратегиясының ең маңызды қағидалары.

Кәсіподақтар федерациясының негізгі мақсаттарының бірі – жұмыскерлерге лайықты жалақыны қамтамасыз ету. Осыған орай Кәсіподақтар федерациясы еңбекақы жүйесін сапалы жетілдіру бойынша Үкіметке ұсыныстар пакетін қалыптастырды. Ең алдымен, еңбекақы жүйесін анықтау механизмдерін қайта қарау туралы ұсыныс жасалды.

ҚР Еңбек кодексінің 107-бабына сәйкес қызметкердің жалақысы еңбек шартының, ұжымдық шарттардың және жұмыс берушінің актілерінің жағдайларымен айқындалатын жұмыс берушідегі қолданыстағы еңбекке ақы төлеу жүйелеріне сәйкес еңбек шартында белгіленеді. Ұжымдық шарттарда еңбекке ақы төлеу жүйесі және жұмыс берушінің актілері туралы ережелер қамтылуы тиіс болғанымен, іс жүзінде бұл механизм тиімсіз. Бұл жағдайдың негізгі себебі жұмыс берушінің қызметкерге ықпалы және кәсіподақ ұйымдары болмаған жерде жасалған ұжымдық шарттардың декларативті сипаты болып табылады. Бүгінгі таңда елімізде жасалған 154 635 ұжымдық шарттың тек 25-30 мыңға жуығына кәсіподақтар қол қойған. Қалған шарттардың мазмұны сұрақ тудырады.

Жұмыскерлердің жұмыс берушінің еңбекақы төлеуге қатысты қабылдаған шешімдеріне ықпал ету механизмін қалыптастыру мақсатында ҚР Еңбек кодексіне жұмыскерлер өкілдерінің пікірін ескере отырып, еңбекке ақы төлеу жүйесін айқындайтын жұмыс берушінің актілерін шығаруды қарастыратын толықтырулар енгізуді ұсындық.

Сонымен қатар, біз ХЕҰ-ның №173 «Жұмыс берушінің төлем қабілетсіздігі жағдайында еңбеккерлердің талаптарын қорғау туралы» конвенциясын толық көлемде ратификациялау қажеттілігі туралы мәлімдедік. Яғни, кезектілік басымдығын белгілеу нормасынан ғана емес, сонымен қатар жұмыс берушінің төлем қабілетсіздігі жағдайында қызметкерлерді жалақысын жоғалтудан сақтандыру арқылы да.

Жалақыны нақты арттырудың ең маңызды міндеті – индекстеуді белгілеу, ол жылына кемінде бір рет жүргізіліп, жетекші сипатта болуы керек. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 157-бабының 2-тармағы 2) тармақшасына сәйкес ұжымдық шартқа жалақыны индекстеу тәртібін енгізу міндетті ереже емес, тек мүмкіндік болып табылады. Біз Қазақстан Республикасының заңнамасында жалақыны индекстеу түсінігінің анықтамалары мен белгілеулерін; жұмыс берушiлердiң жалақыны индекстеу мiндетi туралы нақты заңнамалық нормаларын; жалақыны индексациялаудың оның кезеңділігі мен өлшемдеріне байланысты негізгі принциптерін белгілеуді ұсындық.

Ұсыныстардың бір бөлігі ең төменгі жалақыны, азық-түлік себетінің құнын және ең төменгі күнкөріс деңгейін анықтау жүйесіндегі құқықтық олқылықтарды жоюға бағытталған. Тиісті әдістемелерді әзірлеу бойынша шұғыл шаралар қабылдау, сондай-ақ ХЕҰ-ның №131 «Дамушы елдерді ерекше ескеру арқылы ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» конвенциясын ратификациялау қажет.

Әлемдік тәжірибеде ең төменгі жалақы орташа айлық жалақының 50% деңгейінде болуы керек деп қабылданған, бұл өз кезегінде Қазақстанды қарастырғанда, шамамен 125 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, бірқатар елдерде ең төменгі жалақыны анықтау үшін «ең төменгі тұтыну бюджеті» деп аталатын – ең төменгі күнкөріс деңгейімен салыстырғанда жоғары деңгейдегі игіліктер мен қызметтерді бағалауды сипаттайтын есептік шама қолданылады.

Сондай-ақ, Кәсіподақтар федерациясының бір ұсынысы еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін қайта қарауға қатысты болды.

Жәрдемақы мөлшері 15 АЕК-тен аспайтындықтан, әдетте, қызметкерлер ауырған жағдайда жалақысының бір бөлігінен айырылады. Жәрдемақы көлемі өте төмен болып қалады. Мәселен, 2022 жылы еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақының ең жоғары мөлшері 45,9 мың теңге – ең төменгі жалақының 77% құрайды. Бұл жәрдемақының мөлшерін заңнамада қызметкердің еңбек өтіліне қарай орташа жалақысының 60-тан 100%-ға дейін дифференциалды түрде белгілеуді ұсындық.

- Кәсіподақ ұйымдарының әлеуметтік институттар жүйесіндегі рөлі қаншалықты нығайды?    

- Біздің әлеуметтік әріптестермен бірлескен қызметіміздің маңызды бағыттарының бірі – әлеуметтік әріптестік тетіктерін жетілдіру. 2022 жылды Кәсіподақтар федерациясы «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жариялады.

Шынын айту керек, кәсіподақ тарапынан іс-әрекеттер мен бастамалардың арқасында әлеуметтік әріптестік жүйесі айтарлықтай табысты жұмыс істеп келеді. Біз барлық республикалық кәсіподақ бірлестіктерінің күш-жігерін біріктіріп, 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімге қол қойдық.

Бас келісім аясында кәсіподақтардың көптеген бастамалары қолдау тапты. Мәселен, біз Бас келісімге ең төменгі жалақы мөлшерін кезең-кезеңмен арттыру, оны жыл сайын индекстеу, ХЕҰ-ның №131 «Дамушы елдерді ерекше ескеру арқылы ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» конвенциясын ратификациялау мәселелерін қарастыруға, әлеуметтік әріптестермен лайықты еңбек тұжырымдамасын іске асыру бойынша Жол картасын әзірлеуге қол жеткіздік.

Әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссиялар жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында өңірлердің басшыларына ұсыныстарға бастамашылық еттік, бұл қадамымыз ел Президенті мен әлеуметтік әріптестік жөніндегі республикалық үшжақты комиссияда қолдау тапты. Нәтижесінде барлық дерлік өңірлердегі аймақтық үшжақты комиссияларды әкімдер басқарады, әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарын тең төрағалық ету тәжірибесі енгізілді, кәсіподақ алаңдарында және жергілікті форматта отырыстар өткізілуде. Жергілікті атқарушы органдардың сайттарында «Әлеуметтік әріптестік» арнайы айдарлары ашылды.

Бас келісімді жүзеге асыру аясында Республикалық үшжақты комиссия жұмыскерлердің жағдайын жақсартуға, қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етуге, еңбек дауларының алдын алуға бағытталған бірқатар маңызды шешімдер қабылдады.

Үстіміздегі жылдың қаңтар айында республикалық үшжақты комиссия еңбекті қорғау жүйесінің қағидаттарын түбегейлі өзгертуге арналған Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдады. Тұжырымдама ХЕҰ Конвенцияларына сәйкес әзірленді және қабылданды.

- Жастарды еңбек үдерісіне тарту, ел азаматтарының әлеуетін арттыру тұрғысында қолға алынған жобалар туралы баяндап берсеңіз...

- Кәсіподақтар федерациясы жастар саясатына баса көңіл аударатынын айтып өткім келеді. Осы орайда талантты кәсіподақ жастарына қолдау көрсету үшін «30 Еңбек Елшісі» жобасы бастау алды. Жоба аясында 30 еңбек елшісі іріктелді, олар кәсіподақтардың жастар үшін тартымдылығының, ел өміріне белсенді қатысудың үлгісі болуға тиіс.

Біз кәсіподақтардың жас буын үшін маңыздылығын айтарлықтай арттырып, олардың бозбалалар мен қыздардың әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы рөлін күшейтіп, жастардың өзін-өзі танытуына қажетті жағдайларды қамтамасыз етуді мақсат тұттық.

Сонымен қатар, өткен жылды бастауыш кәсіподақ ұйымдары жылы аясында өткіздік. Себебі, қарапайым еңбеккерлердің барлық мәселелері бастауыш ұйымдарда шоғырланған. Бастауыш ұйымдарымыз әрқашан алдыңғы қатарда, кәсіподақ мүшелерімен күн сайын араласып, бүгінгі күні әлеуметтік-еңбек қатынастарында орын алып отырған мәселелерді бірлесе талқылаймыз. Сондықтан Федерация тұрақты түрде «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясын ұйымдастырды.

Сондай-ақ, кәсіподақ көшбасшыларының құзыреттілігін дамыту мақсатында Кәсіподақтар федерациясы «Кәсіподақ көшбасшысының мектебі» жобасын қолға алды. Мектеп ағымдағы жылдың 20 сәуірінде басталды, ал бірінші шығарылымы ағымдағы жылдың 22 маусымында өтті.

Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің алғашқы шәкірттері Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарынан білім және ғылым қызметкерлері республикалық салалық кәсіподақ ұйымының 96 бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары болды. Тыңдаушыларды таңдау олардың соңғы жылдары, яғни 2019-2022 жылдар аралығында кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары болып сайлануын ескере отырып жасалды. Бұл жобаны жүзеге асыру жалғасуда. 

- ҚР Кәсіподақтар федерациясының аумақтық бірлестіктерінің жұмысы жөнінде ақпарат алсақ дейміз... 

- Бүгінгі таңда Федерация құрамында 17 аумақтық кәсіподақ бірлестіктері бар. Негізі, аумақтық құрылымды құру әлеуметтік әріптестік тараптарын диалогқа тарта отырып, әлеуметтік-еңбек қатынастарының өзекті мәселелерін шұғыл және кәсіби түрде шешуге, қала кәсіпорындарында еңбек дауларының алдын алудың тиімді алгоритмін әзірлеуге мүмкіндік береді.

Ал кәсіподақ орталықтарының жұмысына тоқталар болсақ, бүгінде өңірлерде  әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, әлеуметтік әріптестік туралы өңірлік келісімдердің мазмұнын өткен жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының Үкіметі, кәсіподақтардың республикалық бірлестіктері және жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасында қол қойылған Бас келісімге сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, кәсіподақтар орталықтары өз жұмыстарында кәсіподақтардың рөлі мен беделін арттыруға, бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен «кері байланыс» орнатуға және жұмыскерлерге қолдау көрсетуді күшейтуге ерекше мән береді.

Сондай-ақ, кәсіподақ бірлестіктері еңбеккерлердің мүдделерін қорғауда айрықша рөлге ие ұжымдық шарттарды бекіту және мазмұнын сапалы ету жұмыстарына баса көңіл аударады. Мәселен, ағымдағы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша жасалған ұжымдық шарттардың саны – 155 267, бұл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жартысын қамтиды.

 «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында өңірлерде 980 бастауыш кәсіподақ ұйымдарына виртуалды сапар жасалып, еңбеккерлермен жүздесу болды. Кездесулер барысында 613 мәселе көтеріліп, өз шешімін табуда.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің қолдауымен ағымдағы жылдың 7 айында 36 оқыту семинары өткізіліп, оларға 8450 кәсіподақ мүшелері қатысты. Сондай-ақ, аумақтық кәсіподақ бірлестіктері жанынан ҚРКФ Заң клиникасының 17 қоғамдық қабылдауы жұмыс істейді. Осы жылдың 1 жартыжылдығында барлығы 1827 өтініш қаралды.

- ҚР Кәсіподақтар федерациясының халықаралық ұйымдармен және шетелдік кәсіподақ бірлестіктерімен ынтымақтастық бағытындағы қарым-қатынасы қалай? 

- Кәсіподақтар федерациясы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, Федерацияның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға және халықаралық әріптестермен келісімге келуге көп көңіл бөледі.

2021 жылы ҚРКФ өкілдері Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) 24 іс-шарасына, сондай-ақ Халықаралық көші-қон ұйымы ұйымдастырған 3 іс-шараға қатысты.

Грузия, Өзбекстан және Әзірбайжан ұлттық кәсіподақ орталықтарына 3 маңызды халықаралық сапар жасалды.

2021 жылдың қазан айында біздің делегация Женевадағы Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) штаб-пәтерінде және Брюссельдегі Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК) кеңсесінде жұмыс сапарымен болды.

ХЕҰ/ACTRAV жұмысшылар қызметі бюросының директоры Мария Хелена Андремен және ХКК Бас хатшысы Шаран Барроумен және осы ұйымдардың бірқатар құрылымдарының басшыларымен кездесулер мен келіссөздер маңызды мәселелерді, соның ішінде, ҚРКФ-тың ХКК мүшелігін қалпына келтіру мәселелері бойынша ұстанымдарды анықтауға мүмкіндік берді.

Халықаралық әріптестер Кәсіподақтар федерациясының қызметіндегі оң өзгерістерді атап өтіп, кәсіподақтардың әлеуетін дамытуға қолдау мен көмек көрсетуге кепілдік берді.

Кездесулер нәтижесінде біз әртүрлі салалардағы ынтымақтастықты жалғастыру және бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу, сондай-ақ 2022 жылы ХЕҰ және ХКК-мен бірлесіп бірқатар жобаларды жүзеге асыру туралы келісімге келдік. Ағымдағы жылдың мамыр айында Қазақстанға ХЕҰ тікелей байланыстар миссиясы келді, қыркүйекте біз ХКК тікелей байланыстар миссиясының сапарын күтеміз.

Өткен жылдың қазан айында Федерация делегациясының Өзбекстанға ресми сапары аясында Орталық Азия елдерінің (Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан) кәсіподақтар кеңесін құру туралы тарихи құжатқа қол қойылды, оның мақсаты: еңбеккерлердің әлеуметтік, еңбек, кәсіптік, экономикалық құқықтары мен мүдделерін, сондай-ақ кәсіподақтар қызметінің құқықтары мен кепілдіктерін қорғау жөніндегі іс-әрекеттерімізді біріктіру болып табылады.

  Осылайша, Орталық Азия аймағындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілуде.

Биыл Кеңеске төрағалық ету Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына беріледі.

2022 жылдың 18-21 сәуірінде Кәсіподақтар федерациясының делегациясы Түрік және Хакиш кәсіподақтарында болып, олармен келіссөздер жүргізді. Сапар барысында Федерация мен Хакиш кәсіподақтар конфедерациясы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Ал ағымдағы жылдың 31 мамыры мен 6 маусымы аралығында ҚРКФ делегациясы ХЕҰ-ның 110-сессиясына қатысты. Жұмыс сапары аясында ҚРКФ делегациясы ACTRAB/ХЕҰ жұмысшылар тобының өкілдерімен, PERC/ХКК президенті Ираклий Петриашвилимен және шетелдік кәсіподақ орталықтарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.

Сапар барысында қазақстандық делегация ХЕҰ Бас директоры Гай Райдермен, аймақтық директор Хайнц Коллермен, ACTRAV жұмысшылар бюросының директоры Мария Хелена Андремен, ХЕҰ Еуропа және Орталық Азия бойынша бойынша маманы, ХЕҰ ACT/EMP Еуропа және Орталық Азия бойынша маман Кристиан Хесспен кездесті.

Осылайша, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының халықаралық ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілуде.   

- Кәсіподақтар федерациясының алдағы мақсаты мен міндеттерін білсек дейміз...    

 - Азаматтық қоғам институттары жүйесінде кәсіподақ – еңбеккерлердің мүддесін қорғаудың шын мәнінде демократиялық құралы болып табылатын бірден-бір ұйым. Күрделі және серпінді әлеуметтік-экономикалық жағдайда кәсіподақ жетекшілері мен кәсіподақ белсенділеріне көбінесе белгісіздік жағдайларында әрекет етуге тура келеді: функциялардың белгісіздігі, құқықтар мен өкілеттіктерге, міндеттер мен жауапкершіліктерге, әрекет ету әдістеріне қатысты нормативтік актілердің болмауы.

Бүгінгі заманауи талаптарға сәйкес келу үшін кәсіподақтар келіссөздер кезінде де, қоғамдық акциялар кезінде де тиімді болуы тиіс. Бұл тиімділік қабылданған шешімдерді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ішінде нақты ұйымдық құрылым болған кезде ғана мүмкін болады.

Ынталы кәсіподақ активі оқусыз және сенімсіз бола алмайды.

Осы орайда Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ мүшелері мен кәсіподақ кадрларын тұрақты негізде оқыту жүргізеді.

Әртүрлі санаттағы кәсіподақ қызметкерлері мен белсенділері үшін кәсіподақтық білім беру бағыттары айқындалған оқыту семинарларының ең сұранысқа ие бағдарламалары әзірленді.

Салалық, аумақтық бірлестіктердің тәжірибелі кәсіподақ қызметкерлері мен Кәсіподақтар федерациясының қызметкерлерінен лекторлар базасы құрылды.

Тек ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында  Кәсіподақтар федерациясы 15 мыңнан астам кәсіподақ мүшелерін қамтыған 136 оқыту семинарын өткізді.

Қорытындылай келе, Кәсіподақтар федерациясы еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету және лайықты еңбек қағидаттарын ілгерілету үшін әлеуметтік әріптестермен сындарлы диалогты әрқашан қолдайтынына және қолдай беретіндігіне сендіргім келеді.

Байланысты жаналықтар

Депутаттар орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы заң жобасын талқылап жатыр

20.11.2024

Fitch Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін растады

16.11.2024

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Президенттері энергетикалық жүйені интеграциялау жөніндегі келісімге қол қойды

13.11.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

11.11.2024

Қазақстан хоккейден алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы

10.11.2024

Қазақстанға Ресей Президенті Путин келеді

07.11.2024
MalimBlocks
Депутаттар орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы заң жобасын талқылап жатыр

2022 жылдың қазан айында Тоқаев ТМД қамқорлығымен орыс тілін қолдау және ілгерілету ұйымын құруды ұсынған

Fitch Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін растады

Қазақстан рейтингін сыртқы буферлер ұстап отыр

Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Президенттері энергетикалық жүйені интеграциялау жөніндегі келісімге қол қойды

Құжат Еуропа елдері мен басқа да нарықтарға жол ашады

Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Президент Қазақстан мен Польша арасындағы байланыс дамып келе жатқанын атап өтті

Қазақстан хоккейден алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы

Шешуші ойында ұлттық құрама Жапонияны ұтты

Қазақстанға Ресей Президенті Путин келеді

Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары 27 қарашаға жоспарланған