Симонян Қазақстанға әскер кіргізуді қалайтынын айтты
Ресейлік пропагандист Маргарита Симоньян «Эхо» радиостанциясына берген сұхбатында Қазақстанға әскер жіберуге, «қайдағы бір қылмыскерлермен» күресуге қарсы емес екенін айтты, деп хабарлайды KazTAG агенттігінің тілшісі.
«Мен қуана-қуана Украинада, Сирияда және егер тағы бір рет шақырса, Қазақстанда да бармалеялармен күресуге қуана келісер едім», – деді Симоньян.
Айта кетейік, Симоньян Қазақстанға қатысты алғаш рет даулы пікір білдіріп отырған жоқ. Ол 2022 жылдың ақпанында Қазақстанның дипломаттары «ДХР» және «ЛХР» деп аталатын сепаратистік ұйымдардың тәуелсіздігін мойындамайтыны туралы мәлімдегенде, Симонян бұлқан-талқан ашуланып, «алғыс айтуды білмейтіндер» деп Қазақстан билігін сөккен болатын.
«Не үшін оларды құтқардық?» – деп сұраған еді ол, Қаңтар оқиғасында Қазақстанға ОДКБ әскерінің келгенін еске салып.
Қазақстан Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым оның мәлімдемесіне жауап ретінде Симоньянның шешім қабылдайтын тұлғалар қатарына жатпайтынын еске салды.
«Аллаға шүкір, Маргарита Симоньян – Сыртқы істер министрі емес, Мемлекеттік Думаның спикері емес, Президент те, Премьер-министр де емес», – деді Сарым KazTAG редакциясына.
Симоньянның соңынан қалмайтын тағы бір ресейлік пропагандист – оның күйеуі Тигран Кеосаян да Қазақстанға қатысты оспадар сөздер айтқан. Оның бір телешоуда Қазақстанға қарсы тікелей қоқан-лоқы жасмағаны елдің ашуын туғызды. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2022 жылдың 27 сәуірінде ресейлік пропагандистің сөздерін сынап, оның Қазақстанға кіруге тыйым салынған адамдар тізіміне енгізілуі мүмкін екенін мәлімдеді. Кеосаянның сөздерін қатаң сынға алған қазақстандықтар арасында танымал актер Досхан Жолжақсынов ресейлік пропагандисті Италияның Ұлттық фашистік партиясының жетекшісі Бенито Муссолинимен салыстырды. 2022 жылдың 29 сәуірінде Украина Журналистер одағының төрағасы Сергей Томиленко KazTAG редакциясына берген пікірінде Кеосаянның Қазақстанға жасаған қоқан-лоқылары елді соғысқа қатысушы етуге тырысу деп бағалады. 2022 жылдың 5 мамырында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Кеосаяның Қазақстанға кіруіне тыйым салу процесін бастағанын хабарлады, ал 24 маусымда KazTAG дереккөзі оның Қазақстанда террористертізіміне енгізілгенін растады.