Сириялық босқындар: «Елге қайтқымыз келеді, бірақ...»

«Біз өткен түннен бері ұйықтаған жоқпыз. Әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Енді мұнда ешкім қалғысы келмейді. Барлығы отанымызға қайтуды қалайды, себебі еліміздегі соғыс аяқталды. Біз Түркияға өте ризамыз».

Аялдар Күнтуған

  • 09.12.2024

                   Фото: ВВС

Башар Асадтың режимі құлағаны туралы хабардан кейін Анкара маңында жексенбі күні стихиялық мереке басталды, деп хабарлайды ВВС-ге сілтеме жасап, www.malim.kz сайты.

«Мен өте бақыттымын – өмірімде алғаш рет осындай қуанышты сезіндім», – дейді 20 жастағы Хама қаласының тумасы Асиф. Қолына Түркия мен Сирия оппозициясының туын ұстап алған.

«Біз өткен түннен бері ұйықтаған жоқпыз. Әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Енді мұнда ешкім қалғысы келмейді. Барлығы отанымызға қайтуды қалайды, себебі еліміздегі соғыс аяқталды. Біз Түркияға өте ризамыз».

Оған Алеппоның тумасы, досы Айхам қосылады: «Асадтың қатыгездігі кесірінен біз елге қайта алмадық. Біз кетуге мәжбүр болдық, өйткені өз отандастарымызды өлтіруге мәжбүр болғымыз келмеді. Енді бәрі аяқталды, біз қайтамыз».

Түркияда 14 жыл бойы тұрып келе жатқан тағы бір жас жігіт Сирияға дереу қайтуды шешкенін айтады: «Мұнда бізге енді істейтін ештеңе қалмады. Сирияға оралу уақыты келді. Қажет болса, бәрін қайта тұрғызамыз, тіпті басынан бастаймыз. Бүгін, мен үйленуді жоспарлаған күні, Сирия азат болды. Мен осы күнді ешқашан ұмытпаймын».

Түркияның басқа қалаларында, әсіресе, Стамбұлда көп санды сириялықтар тұратын жерлерде де мереке өтіп жатыр. Шишлиде мыңдаған адам Сирия консулдығының ғимаратының алдына жиналып, Асад режимінің туын құлатты.

2011 жылы Сирияда азаматтық соғыс басталғаннан бері Түркия шамамен үш миллион сириялық босқынды қабылдады.

Алайда Сирияға оралуға бәрі бірдей асықпайды.

Берлин метросындағы вагонда Раша диктофонға бірдеңе айта отырып, әріптестерінен мазаламауын сұрады. Жақында ғана ол Дамаскідегі отбасын ешқашан қайта көрмейтіндігін айтқан болатын.

Бұл оның ғана жалғыз мәселесі емес – соңғы онжылдықта миллиондаған сириялықтар өз Отанына қайтып оралу үмітінен күдер үзген еді. Бірақ жексенбіде Асадтың режимі құлағаны туралы хабар жетті.

Көптеген сириялық босқындар үшін бұл жаңалық қайшылықты сезімдер тудырды: сенімсіздік, қуаныш, үміт, шатасу және қорқыныш.

Рашаның қобалжуы белгісіздікке ұласты. Оның бірінші ойы – «заттарын жинап, қайту», бірақ практикалық мәселелер оны сабырлы әрі ойлы шешім қабылдауға мәжбүр етті.

«Енді шекараны қорықпай кесіп өтуге болады, қамауға алынудан қауіптенбеймін, – дейді ол, – бірақ қазір репрессия, діни алауыздық пен кек алу тенденциясының қаупі бар».

Діни азшылықтың өкілі болғандықтан, Раша ықтимал қауіптерді ерекше сезінеді. Қазірге дейін нақты топтарға қарсы зорлық-зомбылық туралы расталған ақпарат болмаса да, ол әлі де сақтануды жөн көреді.

«Бұл әлі де алғашқы, қуанышты уақыт, – дейді ол абайлап. – Біз ақылмен ойлауымыз керек».

Рашаның жағдайын Германиядағы босқын статусы қиындатуы мүмкін. Ол бірнеше жыл жаңа қоғаммен байланыс орнатып, бір жыл ішінде неміс азаматтығын алу жоспарын құрып отыр, бұл оған айрықша еркіндік береді.

«Біз осында қол жеткізген жетістіктерімізді жоғалтпай қайтқымыз келеді, – дейді ол, тіл үйрену, білім алу және тұрақтылықты меңзеп. – Егер мен қазір қайтып, заңды статусымнан айырылсам, болашағыма қауіп төндіремін».

Раша, сондай-ақ, Дамаск қаласындағы отбасының тағдыры үшін алаңдаулы.

«Кешеге дейін мен ешқашан үйімізді қайта көрмеймін деп ойлаған едім, – деп мойындайды ол. – Қазір үміт пайда болды. Бірақ үйімізді әлдекімдер басып алса, не болар екен?»

Ол мүлікті жаппай тонау туралы әлі хабар жоқ екенін естігеніне жеңілдеп қалғанымен, белгісіздік әлі де сақталады. «Режимнің құлағанына қуаныштымын, – дейді ол, – дегенмен мен қақтығыстардан, экстремизм мен фанатизмнің күшеюінен қорқамын».

Қайту оңай емес
Amnesty International ұйымының Таяу Шығыс және Солтүстік Африка бойынша өңірлік директорының орынбасары Ая Мажзуб босқындарға өз елдеріне қайту оңай болмайтынын ескертеді.

«Қайту туралы ойланып жүрген көптеген сириялықтар үйлерін, жұмысын және жақындарын жоғалтты, – дейді ол. – Сирия экономикасы қақтығыстар мен санкциялар салдарынан күйреген. Гуманитарлық ұйымдар қайтып келетін адамдардың ерікті, қауіпсіз және лайықты түрде оралуын қамтамасыз етуі қажет. Қайтып келетіндерге баспана, азық-түлік, су және медициналық көмек қолжетімді болуы тиіс».

Түркияда тұратын босқын Махмуд Буайдани Дамаск қаласынан жеткен толассыз жаңалықтарды естігендегі ойын бөлісті.

«Бұл соңғы он жылдағы жаңалықтарды көргенмен бірдей еді – минометпен атылған әрбір оқ, әрбір химиялық шабуыл, әрбір әуе соққысы», – деп еске алады ол.

Махмуд 2018 жылы бірнеше жылдық қоршаудан кейін отанын тастап шыққан, қазіргі кезде Стамбул маңындағы Коджаэлі университетінде компьютерлік жүйелер бойынша білім алып жүр.

Оң өзгеріс болатынын сақтықпен ойлағанымен, елге оралудың машақаты көп болатынын жасырмайды.

«Бірінші ойымда тұрғаны – бұл біздің отбасылық мүлкіміз. Біз оның жағдайын білмейміз. Мүмкін, оны біздің рұқсатымызсыз сатып жатқан шығар», – дейді Махмуд.

Махмуд білімін аяқтауды да жоспарлап отыр. «Алдымен мен Сирияға барғым келеді. Бірақ қауіпсіздік, басқару және заң үстемдігі мәселелері анық болуын қалаймын. Мен уақытша қорғау статусынан бас тарта алмаймын, себебі бұл менің білімім мен тұрақтылығымды жоғалту қаупін тудырады».

Иорданияның Зарка қаласында тұратын Ум Қасим босқын ретінде өткізген жылдарын ойлап отыр. «Біз Иорданияда 12 жыл болдық, – дейді ол. – Адамдар бізді өз отбасыларындай қабылдады, бірақ жер аудару дегеніміз – қашанда жер аудару».

Ум бейбіт Сирияға оралуды армандайтын болса да, ол елдің экономикалық жағдайын шынайы бағалайды: «Менің отбасым әлі де қиындық кешіп жатыр. Үнемі электр қуаты жоқ, су жоқ, ал бағалар шарықтап кеткен. Адамдар қалай өмір сүреді?»

Оның екіұдай ойы көптеген диаспора өкілдерінің көңіл-күйін көрсетеді.

«Режимнің құлағанына қуаныштымыз, бірақ Иорданияда екінші отбасымызды қайта құрғаннан кейін кету өте қиын болады», – дейді Ум.

БҰҰ Босқындар ісі бойынша жоғары комиссариаты Харб: «Барлық босқындардың өздері қалаған уақытта өз отанына қайтуға толықтай құқығы бар екенін мәлімдейді және оларды қайтару процесі ерікті, лайықты және қауіпсіз болуы тиіс», – деп хабарлады.

Харб босқындардың қайтуын қолдауға дайын екенін, бірақ жағдайдың мүмкіндігіне байланысты болатынын айтады.

«Сирия ішіндегі жағдай әлі де шиеленісіп тұр, көптеген сириялықтар соңғы аптадағы оқиғалардың салдарын бағалап, сол жерде қаншалықты қауіпсіз екенін түсінуге тырысып жатыр, әрі қайтуға асығу керек пе, жоқ па деп ойлауда», – дейді Харб.

Бұл белгісіздік көптеген сириялықтарға ауыр жүк. Олар Сирияға қайту туралы сақтықпен ойланса да, соғыс, жоғалту мен орын ауыстыру кезіндегі естеліктер оларға тыныштық бермейді.

Ал әзірше олар жағдайдың қалай дамитынын түсінуге тырысып, уақытша күтіп отыр.

Байланысты жаналықтар

ВВС-ге Сирияның жаңа көсемі сұхбат берді

20.12.2024

Үш баланы өлтіру. Полицейлер бірін бірі терістеп жатыр.

04.05.2023
MalimBlocks
ВВС-ге Сирияның жаңа көсемі сұхбат берді

Сұхбат барысында азаматтық киім киген көтеріліс жетекшісі босаңсып, көзіне жас іркілді және өз ұйымының экстремистік кезеңнен өткенін, ондай шақтан толық бас тартқанын қайталаумен болды.

Үш баланы өлтіру. Полицейлер бірін бірі терістеп жатыр.

«Сириядағы соғысқа қатыспаған». Бір жарым ай бұрын Ақтауда ажырасқан әйелінде кеткен үш баласын қастандықпен өлтірген әкенің діни жат ағымның жетегінде кеткені туралы ел арасында түрлі әңгіме айтылған еді