ВВС-ге Сирияның жаңа көсемі сұхбат берді
Сұхбат барысында азаматтық киім киген көтеріліс жетекшісі босаңсып, көзіне жас іркілді және өз ұйымының экстремистік кезеңнен өткенін, ондай шақтан толық бас тартқанын қайталаумен болды.
Фото: ВВС
ВВС-дің халықаралық жағдайлар бойынша редакторы және Таяу Шығыс мәселелері бойынша маман Джреми Боуэн Сирияның қазіргі лидері, Башар Асадты тақтан тайдырған көтерілісшілердің жетекшісінен сұхбат алды.
Сирияның қазіргі көшбасшысы Ахмед аль-Шараа елдің соғыс салдарынан күйрегенін және көршілеріне немесе Батысқа қауіп төндірмейтінін мәлімдеді. Ол BBC-ге берген сұхбатында Сирияға салынған санкцияларды алып тастауды талап етті.
Аль-Шараа Башар Асадтың режимін құлатқан жедел шабуылға жетекшілік етті. Ол «Хайят Тахрир аш-Шам» (ХТШ) қарулы тобын басқарып отыр. Бұрын ол Абу Мұхаммед аль-Джулани деген күрескерлік лақап атымен белгілі болған.
Аль-Шараа ХТШ-ны террористік ұйымдар тізімінен алып тастауды талап етті. Бұл ұйымды Біріккен Ұлттар Ұйымы, АҚШ, Еуропалық Одақ, Ұлыбритания, Ресей және басқа да көптеген елдер террористік ұйымдар тізіміне қосқан. ХТШ 2016 жылы «Әл-Каидадан» бөлініп шыққан.
Аль-Шараа «Хайят Тахрир аш-Шам» террористік ұйым емес деп мәлімдеді.
Ол өз тобының бейбіт тұрғындарға немесе азаматтық аудандарға шабуыл жасағанын жоққа шығарды. Керісінше, олар Асад режимінің қылмыстарының құрбандары екенін, ал құрбандарға агрессорлармен бірдей қарауға болмайтынын қайталады.
Аль-Шараа Сирияны Ауғанстан сияқты мемлекетке айналдыруды қаламайтынын айтты.
Ол бұл екі елдің бірдей еместігін, олардың әртүрлі дәстүрлері мен мәдениеттері бар екенін атап өтті. Ауғаныстаны қоғамы – руаралық қоғам, ал Сирияда, оның айтуынша, менталитет басқа. Аль-Шараа, сондай-ақ, әйелдерге білім беру қажеттігін, солай жасайтынын айтты.
«Идлибте университеттер сегіз жылдан астам уақыт бойы жұмыс істейді. Меніңше, сол университеттердегі әйелдер үлесі 60%-дан асады», – деді ол.
Сирияда алкогольдің сатылуы туралы сұраққа ол: «Кейбір мәселелер бар, ол туралы менің айтуға құқым жоқ, өйткені бұл құқықтық сұрақтар», – деп жауап берді.
Аль-Шараа Сирияда заңгерлерден тұратын комитет құрылатынын және жаңа конституцияның дайындалатынын атап өтті: «Олар шешім қабылдайтын болады. Ал кез келген үкімет немесе президент заңға бағынуы тиіс».
Сұхбат барысында азаматтық киім киген көтеріліс жетекшісі босаңсып, көзіне жас іркілді және өз ұйымының экстремистік кезеңнен өткенін, ондай шақтан толық бас тартқанын қайталаумен болды.
Алайда көптеген сириялықтар оған сенбейді.
Сирияның жаңа билеушілерінің әрекеттері келесі бірнеше ай ішінде олардың қандай ел болғысы келетінін және оны қалай басқарғысы келетінін көрсетеді.