Украина үшін Курск облысындағы шайқастың маңызы қандай?
Фото: газета.ру
Украина әскерінің Курск облысындағы белсенділігі Ресей армиясының Донбассқа жасаған шабуылы мен Курахово қаласын алу туралы жариялаған ақпараттар фонында арта түсті. Курахова бұрын Украинаның оңтүстігіндегі маңызды бекініс нүктесі болған. Украинаның әскери басшылығы Ресейдің шабуылына қарсы өз резервтерін бағыттамай, керісінше басқа бағытта әрекет ету туралы шешімге келген секілді. Олар неге бұл тактиканы таңдады? Бұл тураолы ВВС жазды.
Соңғы бірнеше аптада Ресейдің әскери пабликтері украиналық бөлімшелердің солтүстік бағытқа көшірілгенін және жаңа шабуылға дайындалуы мүмкін екенін хабарлаған, шабуылдың бағыты туралы түрлі болжамдар айтылды.
Операция басталғаннан кейін Украинаның әскери басшылығы ақпараттық тыныштық режимін енгізіп, украиналық БАҚ-тан құпияның сақталуын талап етті. Алайда Украинаның Жоғарғы Бас қолбасшылығының ресми хабарламаларына қарағанда, оқиғаның ауқымы айқын көрінеді.
Қазіргі уақытта Курск облысында 42 әскери қақтығыс болды, деп жазылған 5 қаңтардағы есебінде. Сонымен қатар, бұрын ең ыстық нүкте болып саналған Покровск учаскесінде, украиналық әскери ведомствоның мәліметі бойынша, бір күнде 36 қақтығыс болған.
Украинаның қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырскийдің Жаңа жылда Курск облысына барғаны және 5 қаңтарда Ресей Қорғаныс министрінің орынбасары Юнус-Бек Евкуровтың Курск қаласына шұғыл келуі көп дүниені аңғартса керек.
Қазіргі уақытта Суджа ауданынан Большое Солдатское ауылы мен Бердин хуторына қарай украин әскерінің алға жылжығаны туралы ақпарат бар. Бұл жерлер облыс орталығына және Курчатов қаласына, сонымен бірге Курск атом электр станциясына апаратын трассаның бойында орналасқан. Сонымен қатар, Суджа ауданынан солтүстік-батыс пен шығыс бағытта украин әскері шабуыл жасағаны туралы ақпар тарады.
Курск облысындағы «үлкен шабуыл» туралы не белгілі Алғашқы соққының маңызды нәтижелері белгісіз болғандықтан, Украина жоспары туралы пікір айту қиын, бірақ штеленіс артып келеді.
2024 жылдың тамызында Украинаның Курск облысына басып кіруі кезінде операцияның мақсаттарының бірі Донецк облысындағы Ресей армиясының шабуылына қарсы тұру деп аталған. Бұл міндет жартылай орындалды.
Ресей Курск облысына шамамен 55 мың әскери қызметкерді жинауға мәжбүр болды, бірақ Донбасстағы негізгі бағытта шабуылдар тоқтамады. Алайда, Мәскеуге бес ай ішінде Курск облысындағы жағдайды шешу мүмкін болмады.
Қазіргі уақытта украиналық әскердің белсенділігі осы бағыттағы салыстырмалы тепе-теңдікті бұзу, Курск облысындағы басқа ірі елді мекендерге айтарлықтай қауіп туғызу және Ресейдің әскери басшылығын үлкен резервтерді сол жаққа ауыстыруға мәжбүр ету әрекеті ретінде көрінеді.
Егер бұл жоспар шын мәнінде жүзеге асса, Ресейдің негізгі мәселесі – қосымша күшті қайдан табу болмақ. Ресейдің «Север» әскери тобының күштері Харьков облысындағы шекаралас ұрыстарға тартылған, ал басқа күштер Брянск және Белгород облыстарындағы ықтимал қауіп төнетін бағыттарды қорғауға қажет.
Егер Украинаның Курск облысындағы шабуылы сәтсіз болса, онда Украинаның жсопарына, әсіресе Донбасстағы фронтты тұрақтандыруға мүмкіндіктері азайып, қиын жағдай туындауы мүмкін.