«Ұлттық арна сөзімізді қиған, әке-шешемді «содырлар» емес, әскерилер атқан!»
Тіпті сараптамаға берілген мәйіт сүйектері де толықтай қайтарылмаған.
Қаңтар қырғынында желтоқсаншылар Қуат Биткенбаев пен Гүлзифа Құлсұлтанованың жан түршіктірер өлімі қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Ерлі-зайыптылар әдейі бағытталған оқтан жантәсілім еткен. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі куәгерлері тура 30 жылдан соң сол алаңда көз жұмды. Өздері күрескерлікпен құрған Тәуелсіз Қазақстанында оққа ұшты. Өкініштісі, мезгілсіз мерт болған жандарға оқ атқандар әлі анықталмаған. Тіпті сараптамаға берілген мәйіт сүйектері де толықтай қайтарылмаған. Бұл туралы malim.kz тілшісіне марқұмдардың ұлы Дәурен БИТКЕНБАЕВ баяндап берді.
- Дәурен, Қаңтар оқиғасы кезінде сіздің әке-шешеңіз қаза тапты. Қайғылы жағдай қалай болғанын баяндап берсеңіз...
- Біз Алматы қаласында тұрамыз. Әкем Қуат Биткенбаев пен анам Гүлзифа Құлсұлтанова 7 қаңтар күні бір туысымыз шақырып сол жаққа кеткен еді. Сағат кешкі 18:45 кезінде бізді Шашкина-Әл-Фараби көшесінен қалдырып кетті. Қайтар жолда ата-анам Сәтбаев пен Назарбаев көшесінен өтіп бара жатқан. Сол кезде ту сыртынан әскерилер оқ жаудырған. Шамамен 50 шақты оқтың бірнешеуі бензин багына тиген болуы керек. Содан көлік өртеніп, әкем мен анам жанып кеткен. Өртенген көліктің сол жерде үш күн бойы тұрып қалғанын бірақ білдік. Төртінші күні мәйіттің сүйектерін жинап моргке апарды. Ал көлікті айып тұрағына алып кетті. Автотұраққа барып тағы да қалған сүйектерді жинадық.
- Сіздерді полиция бөліміне шақырды ма? Арыз жаздыңыздар ма?
- Ішкі істер департаментіне мені сұрақ алу үшін шақырды. Басқармадағылар 4,5 қаңтарда не істедің? Қай жерде болдың деген сұрақтар қойып жатыр. Әке-шешем туралы ештеңе білмейтіндей кейіп танытады. Прокуратура да кезек келсін деп қозғалмай отыр. Оған міне, бір айдан асып кетті. Ата-анамыздың жағдайына байланысты Бостандық ауданының полиция басқармасының атына арыз жазғанбыз. Арызымыз сол қалпы жатыр, ешқандай хабар жоқ.
- Мәйіттерге сот-медициналық сараптама жасалды ма?
- Экспертизада қалған сүйектері бар екен. Оны әлі бермей жатыр.
Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан полицейлер отбасына көмек көрсетіліп жатыр ғой. Әке-шешеңіз үшін өтемақы төлейміз деген жоқ па?
Жоқ, ол туралы ешкім айтпады. Бізге атқан адамды табу керек қой. Өтемақы жөнінде білесіз ғой. Өзіңіз Қазақстанда тұрасыз. Ондай нәрсені жылап тұрып алмасаң ешкім бермейді.
- Әке-шешеңіздің қазасына кімдерді кінәлі деп санайсыздар?
- Өзіміздің әскерилердің атқаны туралы телеарнаған берген сұхбатымызда бірнеше рет айтылды. Сол сөздеріміздің бәрін қиып тастаған. Бүгін Ұлттық арна әлеуметтік желідегі парақшаларына «Әке-шешесі содырлар қолынан қаза тапқан алматылық тұрғын елімізде мұндай оқиғалардың қайталанбауын тілейді» деп жазып қойыпты. Әскерилердің қолынан қаза тапты ғой. Ұлттық арна неге бұлай жазады? Қандай құқығы бар олай жазуға?
- Марқұмдардың соңында қанша баласы қалды?
- Мен үйдің кенжесімін. Есімім – Дәурен. 1983 жылы туған апайым мен 1984 жылы туған ағам бар. Қаңтар оқиғасы бәрімізді қайғыртып кетті. Жазықтылар жазасын алса дейміз!
Р.S «Қазақстан» ұлттық арнасы Алматыдағы трагедияға арнап «Қаралы қаңтар» деректі фильмін түсірген. Дәуреннің сөзінен түйгеніміз, құрбандарға оқ атқан содырлар емес, әскерилер. Алайда басты арна олардың әскерилер туралы айтқан сөздерін қиып тастаған. Көлікке оқ қай тараптан атылғаны анықталмаған. Бүгін арнаның әлеуметтік желілерінде ерлі-зайыпты алматылықтар өліміне кінәлі содырлар деген сипатта жазба шықты. Жәбірленуші ақпаратты бұрмаламай, халықты адастырмауын сұрайды.
Айбын АТАБАЙ