«Сағындықтың 5 жасар қызы «әкемді кім атты?» деп сұрайды  

Не деп айтарымызды білмейміз

Олжас Қасым

  • 09.01.2023

Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адамның қаза тапқанын жариялағаны мәлім. Еліміздің әр аймағында жалғасқан бас көтерулерде алаңға шыққан азаматтар түрлі жағдайда көз жұмды.  Сол қанды қырғында қызылордалық Сағындық Назаров та мерт болған еді. Содан бері азамат әлі ақталмаған. Жақында марқұмның  жақындары жылдық асын өткізіп, құран-қатым түсірді. Malim.kz тілшісі Сағындықтың әпкесі Сағыныш Назармен сұхбаттасып, бауыры жайлы, оқиғаның себеп-салдары туралы сұрады.

Сағындық қандай жағдайда қаза тапқан еді? 

5 қаңтар күні  сағат 11-ге таман whats app-қа кірген екен. Сол күні қаза тапқан. 6 қаңтарда бізге қаралы хабар жетті. Сыңарым базар жақта жұмыс істейтін. Сол уақытта келіншегі екінші балаға босанайын деп жатқан.  Перзентханаға бара жатып, Қызылорда қалалық патрульдік полиция  ғимаратының қасынан  бір топ адамды көрген екен. Әділетсіздікке жаны қас, шындық іздеп жүретін бауырым еді. Билікке датын айтып, бұқараның саяси жүйеге деген наразылығын білдіріп тұрғандарға қосылуды жөн санапты. Перзентхана ол жерге жақын болатын. Алдын ала әйеліне хабарласып, «мен осы жақта жүрмін, сәлден соң барамын»,деп айтыпты.  Өкінішке қарай, теңдік сұраймын деп жүріп жендеттердің қолынан мерт болды.  

Қаңтар құрбаны Сағындық Назаровтың әпкесі Сағыныш Назар   

Оқ тиген бе? Марқұмның денесінен қандай да бір белгі көрдіңіздер ме?

Сағындықтың мәйітін көруге дәтім шыдамады. Денесін жууға кірген ағаларым екі жерінен оқ тигенін көрген.  Мойынында дубинканың екі ізі қалыпты. Ал аяғында, тобығының тұсында пневматикалық қарудың ізі бар. Бүйрегінің қасынан да оқ тигенін байқапты. Дубинкамен бір емес, бірнеше рет ұрған секілді. Киімін алған кезімізде аяусыз сүйрелегенін білдік. Құйрық тұсы мен балағына дейін балшық болып қалған. Өзімнің топшылауым бойынша қорғаншақтап қалған кезде дубинкамен сабап, резеңке оқпен атып, сосын сүйрелеген. Көпке дейін берілмей, қасарысқан соң тағы атқан сияқты.  Көз жұмар сәтінде қабағын түйіп алғаны байқалады. Қатты ашуланған секілді соған қарағанда. Денесін жуғаннан кейін ғана қабағы жазылды.

Оқи отырыңыз: Тәуелсіз адвокат: «Қаңтар ісі бойынша амнистиямен босаған адам көрмедім...»

Бауырыңыз шындық іздейтін азамат болғанын айтып қалдыңыз. Марқұмның жалпы мінезі қандай еді? 

Сағындық менің сыңарым. Мектепті бірге бітірдік. Пейілі кең, көпшіл, ақкөңіл, адамдармен тез араласып кететін. Қоғамда болып жатқан әділетсіздік, заң бұзушылықтарды батыл сынап отыратын. Ерте есейді.  Ата-анамыз ажырасып кеткен. Әкемізді өзі іздеп тауып, туысқандармен араласып, айналасына жұғымды болды.  Өз бетінше саудамен айналысып жүретін еді. Өз күнін өзі көріп жүрген азаматымыз болатын. Анамызға қарайласып, қарашаңыраққа ие болып отырған-ды. Өнерге бейім екенін ерте бастан аңғартты.  Арман-мақсаттары көп еді. Соңында екі қызы қалды. Біреуі 5 жаста. Екіншісі өзі қаза тапқаннан кейін дүниеге келді.

Бауырыңыздың артында әйелі мен балалары қалды. Мемлекеттен өтемақы талап еттіңіздер ме?  

Ешкімнен ештеңе сұраған жоқпыз, ешкім бізге өтемақы жайында хабарласқан да жоқ.  Сағындық қайтыс болғаннан кейін құқық қорғау органдары қайта-қайта  келіп, ананы-мынаны сұрап мазамызды алды.  Видеокамерадан көрдік деп бір мазалады. Полиция бөлімшесінің үй ішіміздегі адамдарды шақыруы жиіледі. Әлдебір құжатқа «қол қойыңдар» деп мәжбүрлеуге тырысты. Мен ешкімді жібермей, есіктің ауызын бағып отырдым.  Телефон қоңырауына өзім жауап беріп, ендігәрі мазаламауын талап еттім. Кейін тынышталды. Қазір анамыз, туыстарымыз «халықты қорғайды» деп әспеттейтін  полициядан қорқып қалған. Ешқайда шыққысы келмейді.     

Сағындықтың ісі бойынша сотқа арыз бердіңіздер ме?  

Ешқандай да арыз берілген жоқ.  Қазіргі биліктің нақты не ойлап отырғанын түсіне алмай далмыз. Қаралы қаңтарға бір жыл өтсе де әскерилердің қылмысы ашылған жоқ. Билік халықтың жағында болса, жазықсыз жапа шеккен бауырымның құнын даулар едік. Қазір онымыздан ешқандай нәтиже шықпасын білеміз.  Қарапайым адамдардан террорист жасау оңай болып тұр. Қаңтарда алаңға шыққандардың көпшілігі отбасын жалғыз өзі асырып отырған, құрылыста, басқа да салада қарапайым күн кешіп жатқан жандар еді. Олар отыз жыл бойы іріп-шіріген жүйені өзгерткісі келіп, билікке үн қатты. Ақыр соңында халықтың өзі жалалы болып, атылып, соққы жеп тынды.  4 жасар қызды атқан адамдардан не күтуге болады?  Арыстай азаматымызды жоғалтсақ та, өз күнімізді өзіміз көрерміз. Материалдық өтемақы талап етпейміз, бірақ заң алдында ақталғаны керек. Әйтпесе Отан үшін опат болғандарды бүлік тудырушы, террорист деп күстаналап жатқаны жанымызға батады. Біздің Сағындық та солардың санатында секілді аталатыны жаман. Бастысы, бізге бауырымыздың о дүниеде тыныш жатқаны керек.  Билік қаңтар қырғынының құрбандарынан, сосын халықтан  кешірім сұрасын. Халыққа кімдердің оқ атқаны әшкере болсын, ақиқат айтылсын! Талабымыз – осы!  

Сағындықтың балалары өсіп келеді. Кеше 5 жастағы қызы маған: «Сағыныш тәте, әкемді атып тастады ғой»,- дейді. Азай бойым қаза болды. Әкесінің оқтан өлгенін естіген ғой.  Менен қайта-қайта «Кім атты?»,-деп сұрап жатыр. Не деп айтарымызды білмейміз.  Балалар өседі ертең. Бәрібір биліктің жасырып отырған қылмысы ашылады,  түптің түбі осы сұрақтың жауабын біледі олар.

Байланысты жаналықтар

Алматыда мектеп жанынан ер адамның мәйіті табылды

10.12.2024

Лифтіде пышақтап тастай жаздады. Күдікті ұсталды

10.12.2024

Аса ірі көлемде есірткі сатқан екі қызылордалыққа жаза кесілді

07.12.2024

Астанада жол апатынан бірнеше адам зардап шекті

06.12.2024

Петропавлда үстеріне төбе сылағы түскен оқушылардың жағдайы қанағаттанарлық

05.12.2024

Қызылорда облысында қалың тұманнан мал бақташысы адасып кеткен

30.11.2024
MalimBlocks
Алматыда мектеп жанынан ер адамның мәйіті табылды

Қазір тергеу жүргізіліп жатыр

Лифтіде пышақтап тастай жаздады. Күдікті ұсталды

Сұрағын естімей қалғаны үшін ер адам әйелге пышақ тақаған

Аса ірі көлемде есірткі сатқан екі қызылордалыққа жаза кесілді

Олардан 1,4 келі есірткі тәркіленген

Астанада жол апатынан бірнеше адам зардап шекті

Әлеуметтік желіде таралған видеоға қарағанда, оқиға Астананың сол жағалауында болған. Бұл туралы azattyq-ruhy.kz сайты хабарлады.

Петропавлда үстеріне төбе сылағы түскен оқушылардың жағдайы қанағаттанарлық

Қызылорда облысында қалың тұманнан мал бақташысы адасып кеткен

Құтқарушылар оны тауып алды