Үнділер жатақханада, қазақтар көшеде – Саясат Нұрбектің Тоқаев айтқан сайлауға қосқан үлесі
Жатақхана сатылып кеткен
Сабақ болса басталып кетті, жататын жер керек қой
Оқу жылы басталғалы бері жатақхана таппай, студенттер далада қаңғып қалды. Білім алуға келген олар қазір қайда паналаймын деп жетім бұрышты жағалап кеткен. Жығылғанға жұдырық, қазір жалдамалы пәтер бағасы да аспандап тұр. Жайлы үй жалдауға шамасы жоқ жастардың жертөлеге қонудан өзге шарасы жоқ. Әсіресе Алматы мен астана, Қарағанды, Шымкент, Көкшетау қалаларында ахуал қиын.
Malim.kz редакциясына хабарласқан Жанар Қасымханқызы да жатақханаға қолы жетпегендердің бірі. Оның сіңілісі Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медицина университетіне түскен. Қызылордадан жақында келген қыз жатақханаға орналаса алмай жатыр.
«Жатақханаға өтінішті электронды түрде тапсырыңыздар, аласыздар деген. Содан өзім университетке бардым. Жатақхана беретін апайы бізге дұрыс жауап бермеді. «Жатақханада орын жоқ, болып жатса айтамыз. Болмаса университет сайтынан көріп, бақылап отырасыздар», деді. Біз қалай күтіп отырамыз, сабақ болса басталып кетті, жататын жер керек қой», - дейді Жанар.
Оқи отырыңыз: Кезектен тыс сайлауға 45 млрд теңге жұмсалады
Жанар студенттерді жатақханаға орналастыруға жауапты адамның бірі болып істейтін Аян Жайнарұлымен сөйлескен. Әдеттегідей «жоқ» деп шығарып салған университет өкілі оларды ақылы жатақханаға бағыттапты. «Онда да орын жоқ. Екі күн кезекте тұрып күтсек те нәтиже болмады», дейді.
Асфендияров университетінің жатақханасы кімге сатылған?
«Медициналық университеттің Шәріпов көшесіндегі жатақханасы бар. Сонда туған сіңілім төрт жыл бойы тұрған. Сол жатақхана жөнінде сөйлессем, оны жекешелендіріп, үндістандық студенттерге беріп қойған екен. Бұрын біз оқығанда жартысында үндістандықтар, жартысында қазақ студенттері тұратын. Қазір толықтай солар иеленіп алыпты. Олар ай сайын ақшасын төлеп тұратынын білдім. Таныстармен сөйлесіп көріп едім, үндістандық жастардың тұрағы болып кеткенін айтты. Естуімше, жатақхана сатылып кеткен, жекенің қолында», - дейді ол.
Жатақхана ала алмай жүйкесі жүндей түтілген азаматтар бірігіп, шеруге шықпақшы болыпты. Төле би көшесін жауып, талап-тілектерін айтуға бекінген.
«Мұндай хабарды естіген университеттің қызметкері Аян Жайнарұлы маған «өзіңіз ғана келіңіз, сізге жатақхана тауып беремін, шулатпаңыз», деді. Телефонымның дауысын шығарып қойып Аянға «басқа ата-аналарды қайтесіздер, олар не істейді» десем, «ешкімге уәде бере алмаймын», деп жауап берді», - дейді Жанар.
Оқи отырыңыз: Мағауиннің ауылы өртеніп жатыр. Билік үнсіз
Жанар Алматыдан 50 шақырым қашықта жатқан Жетіген ауылында тұрады. Қазір сіңілісі сол ауылдан қатынап оқып жатыр. «Жол шығыны бар, автобус жүрмейді, таксимен баруға мәжбүр, сіңілімнің қалаға баруға үш-төрт сағаты кетеді. Таңертең университетке жету үшін 5:00-де тұрады, күн бата келеді. Ертең қыс келгенде не істерімізді де білмейміз», деп күйініп отыр ол.
Жанардан студент туысының аты-жөнін сұрап едік, бізге айтудан бас тартты. Соңына түсіп алып, қудалап, оқуынан шығарып жіберсе қайтеміз деп алаңдайды. Шағымданушы, бір айдың ішінде жатақхана беріледі деп үміттенеді. «Егер бермеген жағдайда көшеге шығып, шеру ұйымдастырудан басқа амал жоқ», деп отыр.
Туысының паналайтын жер таппай отырғанын айтқан ол «қазақтар далада қаңғып жүргенде, үнділерге даңғарадай жатақхананы бергенін түсінбей дал. «Сұрастырып көрдім, олар төлемақысын артығымыен төлейтін секілді. Өйткені оларды мемлекет қамтамасыз етеді», дейді.
Шамшыл Ешенқұлов және "қаңғып жүрген студенттер"
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловтың айтуынша, «Алматыда әлі 500 cтудент ешқайда орналастырылмаған. 37 мың студент хостелдер мен пәтерлерге орналасты. 47 мың бала өздерінің туыстары мен таныстарының үйінде тұрып жатыр. Алматы бойынша 181 мыңнан астам студент бар. Оның ішінде 121 761 студент басқа өңірлерден келген».
Оқи отырыңыз: Сайлауға қанша миллиард кететіні белгілі болды
Вице-министр Ешенқұлов сөз арасында «Далада қаңғып жүрген студент» деген сөзден аулақ болсақ», деп шамданды. Ешенқұлов мырза, «Далада қаңғып жүрген студент» деген сөзден аулақ болу үшін жекешеленіп, үндістандықтарға берілген жатақхананы қайтарыңыздар. Ол қашан, не себепті сатылғанын анықтап бермей, қазақстандық сутденттердің неліктен сыймай қалғанын айтпай, қаңғып жүрген студенттер туралы әлі талай естисіз. Бұрын жартысында қазақстандық жастар, жартысында үндістандықтар тұрған жатақхана неге толықтай оларға берілген? Университетке тиесілі болған кешенді саудалап жүрген кім?
Жақында ғана ғылымды дамытамыз деп, екіге бөлінген ведомствоның Ғылым және жоғары білім министрі болып жаңа тағайындалған Саясат Нұрбек Ақорда президент сайлауын қайтсек амалдап өткізіп аламыз деп басы қатып жүргенде, «қаңғып жүрген студенттерді» көшеге шығарып алса, дұрыс кадр таба алмай, құлағынын тартып әкелген Тоқаев маңдайынан сипамайтыны анық. Оның үстіне, ертең сайлауға қатысып, дауыс беруге тиіс негізгі күш те осы студенттер болатыны сөзсіз. Демек, Нұрбек жатақхана мәселесі арқылы ғана Тоқаевтың кезектен тыс сайлауына зиян тигізіп алғалы тұр.