Ұлытауда облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асыру жалғасуда, деп хабарлайды Malim.kz.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС құрылтайшысы Нұрлан Артықбаев, Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев және Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков негізгі әлеуметтік нысандардың іске асырылу барысын тексерді.

Сапар аясында С. Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық-драма театры назарға алынды. Ғимарат күрделі жаңғыртудан өтіп жатыр. Бүгінгі таңда демонтаж жұмысы толық аяқталып, театр терезелерінің ескі жақтаулары мен қасбеті жөнделуде. Қазіргі кезде ішкі әрлеу жұмысы мен шатыр жабынын толық ауыстыруға дайындық жұмысы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны - 5,1 млрд теңге. Ғимаратты толық жаңғырту жұмысын 2026 жылғы желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.

Бұдан кейін делегация «Жастар» саябағын жаңғырту жұмысының барысымен танысты. Құны 4,9 млрд теңгені құрайтын жоба аясында заманауи қоғамдық кеңістік құру көзделген. Оның шеңберінде жаяу серуендеуге арналған жол мен велосипед жолын салу, субұрқақ орнату, балаларға арналған ойын алаңдарын жасау және аумақты көгалдандыру жұмысы қарастырылған. Қазіргі уақытта мердігер ұйым демонтажды аяқтап, абаттандыру жұмысын қолға алуға дайындалып жатыр. Нысанды пайдалануға беру 2026 жылғы қазан айына жоспарланған.

Жұмыс сапары аясында делегация Кеңгір су қоймасының жағалауын абаттандыру барысымен танысты. Жобаның екінші кезеңі «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Қаржыландыру көлемі 3,4 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта нысанда дайындық және жоспарлау жұмысы атқарылып, құрылыс бригадалары мен арнайы техника жұмылдырылуда.
Құрылыс жұмысы аяқталғаннан кейін жаңа жағалау облыстық мешітпен бірге қала тұрғындарының демалуына, мәдени іс-шаралар өткізуге және қалалық ортаны одан әрі дамытуға арналған бірыңғай заманауи қоғамдық кеңістікке айналады.
Қазақмыс Ұлытау облысының аумағында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған кешенді жұмысын жалғастыруда.
2026 жылдың қыркүйегінде Жезқазғанда балалар мен жасөспірімдерге арналған «NAMYS» спорт академиясы ашылады. Құны 8,1 млрд теңгені құрайтын жоба 5 мың шаршы метрден астам аумақты қамтитын, 150-200 тәрбиеленушіге арналған заманауи спорт кешенін салуды көздейді. Мұнда Ұлытау облысының қалалары мен аудандарынан келген балалар үшін сапалы білім мен кәсіби спорттық даярлықты ұштастыруға қолайлы жағдай жасалады.
Сәтбаевта қалалық аурухананы жаңғырту және оның жанынан травматологиялық пункт салу жұмысы жүзеге асырылуда. Құны 1,8 млрд теңгені құрайтын нысанды 2026 жылғы қараша айында пайдалануға беру жоспарланған.
Сонымен қатар 2,7 млрд теңгеге Кенші даңқы алаңын күрделі жөндеу жұмысы жалғасуда, оның аяқталуы 2026 жылдың қыркүйегіне жоспарланған.
Жобалар компанияның өзіне қатысы бар өңірлерді дамыту жөніндегі ұзақ мерзімді міндеттемелер аясында іске асырылып, Ұлытау облысы тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның Ұлытау облысында жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобаларының жалпы құны биыл 26 млрд теңгеден асады. Бұл жобалардың іске асырылуы заманауи қалалық инфрақұрылымды қалыптастыруға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және Ұлытау облысы тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Әлеуметтік нысандарды өндірістік бастамалармен қатар дамыту өңірдің тұрақты дамуына, сондай-ақ оның инвестициялық және әлеуметтік тартымдылығын арттыруға бағдарланған компания қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.