Қазақстанда ет бағасының өсуі жалғасуда. Әсіресе қой мен сиыр еті айтарлықтай қымбаттаған, деп хабарлайды Malim.kz.
Биылғы сәуір айындағы мәлімет бойынша, қой еті бір жылда 23,5 пайызға, сиыр еті 20,9 пайызға өскен. Сонымен қатар жылқы еті 14,5 пайызға, шошқа еті 13,7 пайызға қымбаттағаны байқалды.
Қазіргі таңда қой етінің орташа бағасы – 4 мың теңге, сиыр еті – 3,7 мың теңге, жылқы еті – 4,1 мың теңге, ал шошқа еті – 2,9 мың теңгеге жетіп отыр.
Ең жоғары баға Алматы мен Ақтауда тіркелген. Алматыда сиыр етінің келісі 4 мың теңгеден асса, қой еті 4,4 мың теңгеге жеткен. Ақтауда жылқы еті 4,6 мың теңгеге дейін қымбаттаған екен.
Сарапшылар ет бағасының өсуіне өндіріс көлемінің азаюы мен мал құнының қымбаттауын негізгі себеп ретінде көрсетіп отыр. Биылғы алғашқы төрт айда елдегі ет өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 2,8 пайызға төмендеген.