Қазақстанда электромобильдер үшін арнайы мемлекеттік нөмірлер енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Электромобильдерді жасыл түсті нөмірлермен ерекшелеу ұсынылуда. Бұл ақылы тұрақтарда, қуаттау станцияларында және арнайы рұқсат қажет аймақтарда оларды жылдам анықтау үшін қажет.
«Электромобильдердің мемлекеттік нөмірлерінің фонын өзгерту қажет. Әлемдік тәжірибеде олар жасыл түспен белгіленеді, сондықтан бұл мәселе қарастырылып, қолдау тауып отыр», – деді Әділов.
Электромобильдер туралы заң қазірдің өзінде күшіне енгенімен, іс жүзінде бірқатар мәселелер туындаған.
Депутат Арман Қалықовтың айтуынша, автоматтандырылған жүйелер мен камералар көбіне электромобиль мен кәдімгі көліктің айырмасын ажырата алмайды.
Соның салдарынан экологиялық көлік иелері тұрақтарда және күзетілетін аумақтарға кіру кезінде қиындықтарға тап болады.
Техникалық тіркеу құралдары әрдайым электромобильді қарапайым көліктен ажырата бермейді. Бұл әсіресе ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кіру кезінде маңызды. Электромобильді жедел анықтау қажеттілігі туындайды, сондай-ақ жол полициясы инспекторларының жұмысында да қиындықтар бар. Осы заң жобасы аясында Экология комитеті электромобильдер үшін мемлекеттік нөмірлердің жеке түсін енгізуді ұсынды», – деді Арман Қалықов.
Еске салайық, 2024 жылғы 18 қыркүйектен бастап Қазақстанда электромобильдерге тегін тұраққа тұру құқығын беретін заң күшіне енді. Қазіргі таңда жүргізушілер бұл үшін растайтын құжаттарды көрсетуі тиіс, ал түрлі-түсті нөмірлер енгізілсе, барлық рәсім жеңілдейді.