Астанада Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің жетекшілігімен Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлау науқаны аясындағы XI отырыс өтті, деп хабарлайды Malim.kz.
Жиынға ТМД мен ЕҚЫҰ ДИАҚБ байқаушылары, саяси партиялар, Сыртқы істер, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ БАҚ қатысты.
Отырыста сайлаушылар тізімдері, есептен шығару куәліктері, онлайн-сервистер, сайлау бюллетеньдері және халықаралық байқаушыларды аккредиттеу мәселелері қаралды.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, 2 тамызда өңір әкімдері әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізімдерін учаскелік сайлау комиссияларына тапсырды. Ендігі міндет – тізімдердің толықтығы мен нақтылығын қамтамасыз етіп, азаматтардың өтініштерін жедел қарау.
ОСК мүшесі Азамат Айманакумовтың мәліметінше, республика бойынша сайлаушылар тізіміне 12 605 788 азамат енгізілген. Сайлау науқаны басталғалы бері жұмыс істеп тұрған 221 call-орталыққа 6 080 өтініш түскен.
Сондай-ақ бүгіннен бастап ел бойынша 10 400-ден астам сайлау учаскесі жұмысын бастады. Сайлауды ұйымдастыруға 10 600-ден астам комиссияның 71 мың мүшесі тартылады. 4–17 тамыз аралығында ОСК мүшелері барлық 20 өңірді аралап, сайлау учаскелерінің дайындығын тексереді.
Нұрлан Әбдіров 7 тамыздан бастап әрбір сайлаушы өз деректерінің сайлаушылар тізіміндегі дұрыстығын тексере алатынын еске салды. Қажет болған жағдайда учаскелік сайлау комиссиясына жүгініп, өзгерістер енгізуге мүмкіндік беріледі.
ОСК мәліметінше, 7–22 тамыз аралығында азаматтар тұрғылықты жері бойынша учаскелік комиссиядан дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін ала алады. Бұл құжат сайлау күні басқа елді мекенде болатын азаматтарға арналған.
Жиында азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз етуге бағытталған онлайн-сервистердің жұмысы да таныстырылды. Олардың бірі азаматтың тіркелген мекенжайын тексеруге мүмкіндік берсе, екіншісі тіркеуі жоқ азаматтарды сайлау күні уақытша тіркеуге қоюға арналған.
ОСК мүшесі Михаил Бортниктің айтуынша, дауыс беру бюллетеньдері екі жақты, А4 форматында, көгілдір түсте дайындалады. Онда жеребе қорытындысына сәйкес саяси партиялардың атауы мен «Бәріне қарсымын» деген жол орналастырылады. Ел бойынша 12 731 847 бюллетень басып шығарылады.
Сондай-ақ ОСК Құрылтай депутаттарын сайлауға халықаралық бақылаушыларды аккредиттеу мәселесін қарады. 3 тамыздағы жағдай бойынша қосымша 155 халықаралық байқаушыны аккредиттеу туралы өтінім түскен. Жалпы бүгінгі күнге дейін 251 халықаралық байқаушы аккредиттелді.