Қазақстанда мобильді интернетті пайдалану көлемі алғаш рет сымды интернет көрсеткішінен асып түсті, деп хабарлайды Malim.kz.
2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтар мобильді желі арқылы 7,3 миллиард гигабайт интернет тұтынған. Бұл сымды интернет көлемінен 3%-ға жоғары.
Мұндай мәліметті Ұлттық статистика бюросы жариялады. Ресми деректерге сүйенсек, бұған дейін мобильді интернет трафигі сымды интернеттен айтарлықтай төмен болған. Мәселен, 2024 жылы айырмашылық шамамен 10%, ал 2023 жылы 25%-ға жуық болған.
Өткен жылы мобильді интернетті пайдалану көлемі 23%-ға артса, сымды интернеттегі өсім 7%-ға жеткен.
Жалпы интернет трафигінің барлық түрі бойынша өсім байқалды. Атап айтқанда, тіркелген сымсыз интернет, оның ішінде спутниктік байланыс қызметтері де кеңірек қолданыла бастаған. Бұл бағыттағы өсім 22%-ды құрады. Дегенмен оның жалпы көлемі әзірге жоғары емес – шамамен 259 миллион гигабайт.
Статистика көрсеткендей, Қазақстанда мобильді интернетке сұраныс кемінде 2012 жылдан бері тұрақты өсіп келеді. Ал сымды интернет көрсеткіштері кей кезеңдерде төмендеген. Мысалы, 2024 жылы бұл сегментте аздаған төмендеу тіркелген.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай өзгеріске мобильді технологиялардың дамуы, интернет сапасы мен жылдамдығының артуы, сондай-ақ қазақстандықтардың смартфондарды күнделікті өмірде белсенді пайдалануы әсер еткен. Қазір көпшілік мобильді интернетті видео көру, әлеуметтік желілерді пайдалану, жұмыс істеу және түрлі онлайн қызметтерге қол жеткізу үшін жиі қолданады