freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Қызылордада «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды

Қоғам
Қызылордада «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

«Құзыреттілік орталығында» «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының облыстық кезеңін қорытындылауға арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Malim.kz.

Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың белсенділері қатысты.

Аймақ басшысы  отбасы – қоғамның алтын діңгегі, ұлттың рухани тірегі екенін атап өтіп, қатысушыларға ризашылығын білдірді.

«Баршаңызды отбасы құндылығын ұлықтап, шаңырақтың шырайын, ұрпақ тәрбиесінің өнегесін дәріптейтін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің қорытындысымен шын жүректен құттықтаймын!

Жыл сайын әр аймақтан өнегелі отбасылар байқауға белсене қатысып, құрметке ие болып келеді. Биыл қала, аудандардан 220 отбасы қатысып, 16 отбасы үздік деп танылды. Осындай үлгілі әулеттер ұрпақ сабақтастығын сақтап, құндылықтарды насихаттауға негіз қалайды.

Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлы: «Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады», - деп атап өтті.

Халықтық Конституциямызда отбасы мен ұрпақ тәрбиесінің қоғам өміріндегі орны айқын көрініс тапқан. Сондықтан отбасының мәртебесін көтеру, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – баршамызға ортақ міндет.

Шаңырақтың беріктігін сақтап, сыйластық пен мейірімділікті өмірінің өзегіне айналдырған барша отбасыларға шынайы ризашылығымды білдіремін. Әрбір шаңыраққа баянды бақыт, амандық пен бақ-береке тілеймін!», - деді Мұрат Нәлқожаұлы.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы облыстық кезеңінің жеңімпазы Құтмамбетовтер отбасы болып (Арал ауданы), бас жүлдені иеленді.

Шиелілік Бәкіровтер отбасына І орын, қазалылық Досхожаевтар отбасына ІІ орын, қызылордалық Бимұратовтар отбасына ІІІ орын берілді.


Мұнан бөлек, «Ұлағатты отбасы» номинациясы Жұмағалиевтер отбасына (Арал ауданы), «Берекелі отбасы» номинациясы Шахмарановтар отбасына  (Қазалы ауданы), «Бәйтерек отбасы» номинациясы Тортаевтар отбасына (Қармақшы ауданы), «Кемел отбасы» номинациясы Қиясовтар отбасына  (Қармақшы ауданы), «Жігерлі отбасы» номинациясы Түлековтер отбасына (Жалағаш ауданы), «Ынтымақты отбасы» номинациясы Ахметовтер отбасына (Жалағаш ауданы), «Еңбекқор отбасы» номинациясы Бисеновтер отбасына (Сырдария ауданы), «Өнегелі отбасы» номинациясы Бұрхановтар отбасына (Сырдария ауданы), «Мәуелі отбасы» номинациясы Әбішовтер отбасына (Шиелі ауданы), «Үлгілі отбасы» номинациясы Ақылбековтер отбасына (Жаңақорған ауданы), «Өнерлі отбасы» номинациясы Әуелбековтер отбасына (Жаңақорған ауданы), «Шуақты отбасы» номинациясы Бодановтар отбасына (Қызылорда қаласы) табысталды.

Жеңімпаздар сыйлықтар және қаржылай сертификаттармен марапатталды. Шара соңы мерекелік бағдарламаға ұласты.

Өңірде әр отбасының әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше мән берілуде. Бүгінде облыста 17 500-ге жуық  көпбалалы отбасы мемлекет тарапынан тұрақты қолдауға ие.

Соңғы төрт жылда тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға 8 мыңға жуық пәтер кілті беріліп, 30 мыңнан аса жерлесіміз баспаналы  болды. 2026-2027 жылдары 6200-ден астам пәтер ел игілігіне табысталып, 25 мыңға жуық тұрғынның баспана мәселесін шешу жоспарлануда.

Отбасы құндылығын дәріптеу, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беру бағытында «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы» жүйелі жұмыс жүргізеді. Аудандардағы «Руханият орталықтары» жас отбасыларға қолдау көрсетіп, маңызды бастамаларды жүзеге асырып келеді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу