Ресей Федерациясы Армениядан көкөністер мен құлпынай импорттауға уақытша тыйым салды. Бұл туралы Россельхознадзор мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ведомство 30 мамырдан бастап Армениядан қызанақ, қияр, бұрыш, көк шөп және құлпынай әкелуге «уақытша шектеулер» енгізілгенін хабарлады. Себеп ретінде жеткізілімдер барысында фитосанитарлық талаптардың жиі бұзылуы және өнімнің қауіпсіздігіне қатысты тәуекелдер көрсетілген.
Бұған дейін Ресей тарапы Армениядан гүл, «Джермук» минералды суы, сондай-ақ бірнеше ірі өндірушінің коньяғы мен шараптарын әкелуге шектеу қойған болатын.
Сонымен қатар, 27 мамырда Армения Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапынан газ, мұнай өнімдері және алмаз жеткізу жөніндегі келісімді бұзу ықтималдығы туралы хабарлама алған. Мәскеу мұндай қадамды Ереванның Еуропалық одаққа ықтимал кіруімен байланыстырған.
Айта кетейік, 7 маусымда Арменияда парламенттік сайлау өтеді. Сарапшылар сайлау қарсаңында ел ішіндегі саяси бәсекелестіктің күшейгенін атап өтуде.