freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Ресейде Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы қамауға алынды

Қоғам
Ресейде Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы қамауға алынды
Фото: әлеуметтік желі

Ресейде ҚР ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапенов сырттай қамауға алынды, деп хабарлайды Malim.kz ТАСС-қа сілтеме жасап.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Мәскеу соты Азамат Қапенов пен оның туған бауыры Мейдер Қапеновке қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған. Екеуі де халықаралық іздеуге жарияланған.

Іс материалдарына сәйкес, қамауда ұстау мерзімі екі айды құрайды. Ол нақты ұсталған сәттен бастап есептеледі, ал Ресейге экстрадицияланған немесе депортацияланған жағдайда мерзім оларды ресейлік құқық қорғау органдарына тапсырған кезден басталады.

Тергеу мәліметінше, ағайынды Қапеновтар Қазақстанда тіркелген «ПТД» ЖШС-нің 25 пайыздық үлесін жымқырды деген күдікке ілінген. Тергеушілер олардың компания қызметіне байланысты дауларды шешуге көмектесеміз деген желеумен кәсіпкер Анатолий Балушкинді жаңылыстырғанын айтады.

Іс құжаттарында Қапеновтардың түрлі мәселелерді шешуге жәрдемдесуге уәде бергені, алайда тергеу нұсқасы бойынша бастапқыда өз міндеттемелерін орындауды көздемегені көрсетілген. Келтірілген материалдық шығын шамамен 52 миллион рубльге бағаланған.

ТАСС мәліметінше, Анатолий Балушкин бұрын Қазақстандағы автокөлік өндірумен, сатумен және қызмет көрсетумен айналысқан «Азия Авто – БИПЭК» компаниялар тобының негізгі иесі болған. 2025 жылдың сәуірінде Қазақстан соты Балушкин мен Ерік Сағымбаевты аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша сырттай тиісінше 9 және 8,5 жылға бас бостандығынан айырған.

Азамат Қапенов бұған дейін «Федералдық жүк компаниясы» АҚ-да ТМД елдері мен көршілес мемлекеттердегі бизнесті дамыту жөніндегі бас директордың орынбасары қызметін атқарған. Қазақстандық БАҚ-та ол Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы ретінде аталады.

Бұған дейін Қапеновты Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі де іздеуге жариялаған. Қазақстанда ол Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сырттай қамауға алынған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу