Халық әртісі Бибігүл Төлегенованы Air Astana қызметкері ыңғайсыз жағдайға қалдырған
Бұл туралы Лека Савельева есімді желі қолданушысы жазды.
Халық әртісі Бибігүл Төлегеноваға әуе кемесіне отырғызу кезінде Air Astana қызметкері дөрекілік көрсеткен. Бұл туралы Лека Савельева есімді желі қолданушысы мәлімдеп, компания президентіне үндеу жасады, деп хабарлайды Malim.kz.
«2024 жылдың 3 қыркүйегінде сағат 10:30-да Астанадан Алматыға ұшатын Эйр Астана 852 рейсінде қоғамның қайда бара жатқанын ойландыратын бір жағдай болды. КСРО халық әртісі және Қазақстанның халық әртісі, аңызға айналған әнші Бибігүл Төлегенова Air Astana әуе компаниясының қызметкері тарапынан дөрекілік пен құрметсіздікке тап болды. Бибігүл Ахметқызын мүгедектер арбасында ұшақ бортына өткізбек болғанда әуе кемесіне өтуді бақылайтын қызметкер тоқтатып, арбадағы жолаушылардың бірінші болып немесе ең соңғы жолаушы өткеннен кейін ғана өтуі керектігін дөрекі түрде ескерткен.
Мүгедектер арбасындағы жолаушылар ұшаққа отырғызу кезінде басқа жолаушыларға ыңғайсыздық тудырмауы керек. Бибігүл Ахметқызы мүгедектер арбасымен тек ұшақтың кіреберісіне дейін жетуі тиіс еді, әрі қарай ол екінші қатардағы орнына өз бетінше барғысы келген, бұл басқа жолаушыларға кедергі келтірмейтін еді. Сонымен қатар, сол сәтте жолаушылардың кіреберісте топтасуы байқалмады және арбамен ұшақтың кіреберісіне дейін кедергісіз жылдам жетуге болар еді. Айта кету керек, Бибігүл Ахметқызының омыртқасының дерті бар және оған мүгедектер арбасында ұзақ уақыт отыру өте қиын, бұл туралы Air Astana қызметкеріне Бибігүл Ахметқызын ұшақ салонына ертерек жіберу туралы өтінгенде айтылған болатын.
Әуе компаниясының қызметкеріне Бибігүл Ахметқызының жасы 95-ке жақындағаны және оның қазақ халқының мақтанышы екені туралы ақпарат айтылды, сондықтан оған кейбір артықшылықтар қолданылуы мүмкін еді. Осыдан кейін Бибігүл Ахметқызы қызметкерге өзінің Астана қаласының Құрметті азаматы екенін және оған қанша қатал ереже болса да, ерекше жағдай жасауға лайық екенін айтты. Компания қызметкері бұның бәрінен хабардар екенін, бірақ ережелерге қарамастан, мәртебесіне, жасына немесе жағдайына қарамастан, бәріне бірдей қолданылатынын айтты. Барлығын өте қатты және дөрекі түрде жеткізді.
Қарттарды, әсіресе елімізді халықаралық аренада танытқан тұлғаларды құрметтеуді қызметкерлерге неге үйретпегенін білгіміз келеді? Негізгі құрмет-әдеп қайда? Неліктен осындай адамдарға клиенттермен жұмыс істеуге рұқсат етеді? Ұлттық тасымалдаушы компания қызметкерлерінің мұндай мінез-құлқы масқара екені анық. Air Astana, баршамыздың сүйікті тұлғамыз Бибігүл Ахметқызы Төлегеноваға қатысты сіздердің түсініктемелеріңіз бен кешірімдеріңізді күтеміз!», - деп үндеу жасады.
Ал әуе компания бұл жағдайды қауіпсіздік үшін болғанын айтады.
"Біз Бибігүл Ахметқызы Төлегенова ханымға өз құрметімізді білдіргіміз келеді және келесіні түсіндіргіміз келеді: Air Astana үшін қауіпсіздік басты басымдық болып табылады. Халықаралық авиациялық қауіпсіздік ережелеріне сәйкес, мүгедек жолаушыларды ұшаққа отырғызу процесінің басында немесе соңында шақырады. Бұл ереже барлық жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау үшін және терминалдағы эвакуация ережелеріне сәйкес келеді. Біздің ақпарат бойынша, Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова ханым және оның қамқоршысы ұшаққа отырғызу процесі басталған соң келген, сондықтан әуе компаниясының агенті оларды отырғызу уақыты аяқталғанша күтуін сұраған. Әуе компаниясы туындаған түсініспеушілік үшін өкінеді және қызмет сапасын жақсарту мақсатында қосымша тексеру жүргізеді", - деп жауап берді компаниядан.
Желі қолданушылары ұлттық компанияның қызметкерлері тарапынан болған өзге де жағдайлар туралы жазып, жазалау керегін айтқан.
"Масқара болған екен! Тап осындай келеңсіз жағадайлар Flyarystan компаниясында да өте көп кездеседі. Ұшуына 40 мин уақыты бар самолетке регистрацияға 2 мин кешіктіңіз деп жүкті әйел мен кішкентай баласын далада шырылдатып қалдырып кеткен. Осы жағдайды көз алдымызда көріп шыдай алмай жауап іздеп едік... әлі жоқ", "Ұяттан безген, дым көрмеген қыз. Төлегенованы танымау, тіпті қарт адамға олай қарым-қатынас жасау ешқандай логикаға сыймайды. Қатаң сөгіспен жұмыстан шығарылуы керек", - деп жазған желі қолданушылары.