Продюсер Гүлзира Айдарбекова келін мен ене арасындағы сыйластық туралы пікір білдіріп, отбасылық мәселе туындағанда ең алдымен ерлі-зайыптылардың өзара ақылдасқаны дұрыс екенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Айдарбекованың айтуынша, келін мен ене бір-біріне құрметпен қарап, отбасындағы ауызбіршілікті сақтауға тырысуы керек. Ол үлкендердің ақылын тыңдаудың маңызын атап өтіп, келіндеріне өз ойын ашық айта алатынын жеткізді.
"Мен де енемін. Келін маған айтпақ тұрмақ, менің өзім айтпай, ескертпей кетпеймін. Біздер бір отбасы емеспіз бе?" – деді продюсер.
Ол кейде келіндерімен ақылдасып, сыйлық таңдағанда да олардың көмегіне жүгінетінін айтты. Сөзінше, осындай қарым-қатынас отбасы мүшелерін жақындастыра түседі.
Сонымен бірге Айдарбекова келіндердің отбасында мәселе туындаса, оны алдымен күйеуімен талқылағаны жөн деген пікір білдірді.
"Ал күйеуінен сұрасаң, не болыпты? Бір жағдай болып қалса, жүгіретіні де сол отбасың, күйеуің емес пе, әрине, Роза емес. Мен Розамен сыйласамын, бірақ мына сөзі денемді тітіркентті", – деді ол.
Продюсер сөз соңында келіндер мен енелерді өкпе мен менмендікті ысырып қойып, бір-бірімен түсіністік орнатуға шақырды.

Гүлзира Айдарбекова кім?
Гүлзира Айдарбекова – қазақстандық продюсер, кәсіпкер және әнші Қайрат Нұртастың анасы. Ол 1968 жылы 12 сәуірде дүниеге келген. Көпшілікке Қайрат Нұртастың алғашқы продюсері ретінде танылды.
Гүлзира Айдарбекова – отбасындағы сегіз баланың жетіншісі. Өзінің айтуынша, балалық шағы қазіргі Түркістан облысындағы Шорнақ ауылында өткен. Әкесі сырқаттанған соң, мектеп кезінен жұмыс істеп, газет таратып тапқан ақшасын анасына беріп отырған. Мектеп бітіргеннен кейін Алматыда еңбек еткен.
Жолдасы Нұртас Айдарбековпен бірге Қайрат, Аян және Заңғар есімді үш ұл тәрбиелеп өсірді. Қайраттың әншілік қабілетін қолдап, оның шығармашылық жолын өзі ұйымдастыруға кірісті. Алғашқы концерттерін өткізуге атсалысып, әншінің сахнадағы танымалдығының артуына продюсер ретінде үлес қосты.
Ол кино саласында да жұмыс істеген: 2013 жылғы "Өкініш" фильміне актриса ретінде қатысып, 2017 жылы шыққан "Арман" ("Когда ангелы спят") фильмінің продюсері болды.
2025 жылы Гүлзира Айдарбекова Қайрат Нұртастың продюсерлік жұмысын өзіне тапсыратынын айтты. Оның сөзінше, ұлының шығармашылығын қадағалап, қажет кезде кеңес беріп отырады, бірақ күнделікті жұмысына араласпайды.