Әлеуметтік желідегі дүңген дауы

Malim Админ

  • 08.02.2020

Қордай ауданындағы дүңгендер тұратын Масанчи ауылындағы жаппай төбелесті мәймөңкелемей ұлтаралық қақтығыс деп атау керек... Facebook желісіндегі жалпы жұрттың пікірі осыған саяды. Malim.kz тілшісі Қордайдағы қазақ-дүңген қақтығысына қатысты әлеуметтік желідегі бірқатар пікірлерге шолу жасап көрді.

Алдымен айта кету керек, Масанчи ауылындағы жаппай төбелес жайлы ақпараттың алғашқысы да, одан кейінгі тиісті органдар ауылды жауып тастап, ашық ақпарат ұсынбай қойғанда да жұрт хабарды осы әлеуметтік желілер арқылы біліп отырды. Сәйкесінше, әлеуметтік желі арқылы билікке талап қойды, оқиғаға қатысты пікір айтты. Көпшілігі «іріп-шіріген жүйені» сынға алып жатыр.

Саясаттанушы Мұхтар СЕҢГІРБАЙ Қордайдағы оқиғаны «бұл ірі этносаралық конфликт» деп бағалайды. Оның пікірінше, биліктің ақпаратты жасырын ұстауы – жағдайды одан сайын ушықтырып жіберген. Ресми, анық ақпарат болмаған соң тексерілмеген, араздықты қоздыратын авқпараттар тарап кетті дейді ол.

М.Сеңгірбай

«Бұл – Тоқаев билікке келгелі болып отырған ірі этносаралық конфликт, жағдайды осы контекстіде қарауымыз қажет. Жаңа президент саяси ашықтыққа бет бұрып, қоғаммен коммуникациясыны жақсартатынын айтып келеді. Соның арқасында қоғам да ашықтықты бұрынғыдан көбірек талап ете бастады. Соған қарамастан, президент пен күш құрылымдарының арасында ақпарат таратуға, жедел әрекет етуге байланысты үйлескен іс-әрекет байқалмайды.

Ал ұлтаралық мәселеге келер болсақ, бұл – бір күндегі, я бір жылда шешілетін нәрсе емес. Мұндай ұлтаралық түсініспеушілік Қазақстанның  барлық өңірінде бар. Оның үстіне әлеуметтік теңсіздік, ауылдағы жұмыссыздық пен шарасыздық, жемқорлық қосылса, Қордайдағыдай дүрдараздық басқа жақта да жасырын жүріп жатуы мүмкін. Оны 130 ұлт туралы декларациялық ұранмен, тек мереке өткізумен шектелетін ассамблеямен шешу мүмкін емес».

Саясаткер Мұхтар ТАЙЖАН Қазақстандағы өзге ұлт өкілдеріне қарата әркім өз орнын білу керек, әйтпесе басқаша сөйлесуге мәжбүр боламыз деген сөз айтыпты. Егер билік осылай үнсіз отыра берсе, бұл іспен ары қарай халықтың өзі айналысады дейді.

М.Тайжан

Диаспораларға айтам. Рас, ресми идеология жылдар бойы қазақ халқының толерантты, кеңпейіл әрі мейірімді халық екенін көрсетті. Солайы солай. Бірақ, бұл тек дос пен қонаққа ғана қатысты. Жауға келгенде қашан да қатал, жаужүрек болғамыз. Ұл-қыздарымыз 3 жастан бастап атқа мінген, бала 13-ке толғанда-ақ өзінің жеке қару-жарағы болған. Сондай батыр халық болмасақ мыңдаған жылдар бойы  мынадай жерді қалай сақтап қалдық, соны ойлаңыздар.

Біз қашан да дос болуға дайынбыз, бірақ, шаңырағымыз бен ошағымызды басынып, аяқ асты етуге жол жоқ. Мұндай жағдайда бәрі қатал болады, ешқандай келісім жоқ.

Президент Тоқаев құрған үкіметтік Комиссияға айтам. Қоғам жұмыстарыңыздың ашықтығы мен әділдігіне сенімді болу керек.

...Дүңгеннің жас балалары қазақ ақсақалына қалай қол көтеріп жүр? Қайда әлгі мақтап жүрген теңдессіз ұлтаралық келісім саясаты?

Ж.Әшімжан

Ақын, журналист «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек ӘШІМЖАН өз парақшасына шектен тыс толеранттылықтың келімсектерді есіртетіні туралы сөз жазды. Онда:

"Бәріне кінәлі – шектен тыс толеранттылық пен мультикультурализм саясаты".(Польшаның экс ішкі істер министрі Мариуш БЛАЩАКТЫҢ Германия жеріне келген келімсектің араласуымен болған ауыр оқиғадан кейін айтқан тұжырымы), - деп жазылған.

Журналист Тоқтар ЖАҚАШ билік «8 адам көз жұмған оқиғаны ешкімге жалтақтамастан "ұлт-араздық" деп тануы тиіс» деді.  

Т.Жақаш

«Тоқаев билігі мен пиарщиктері өздерін Назарбаев билігінен бөлек, прогрессивті, гуманды, халыққа жақын етіп көрсетуге тырысады ғой. Енді сол ниетін сөзбен емес, іспен дәлелдейтін уақыт келді!.

Сөйтіп, ұлт араздығына себеп-салдар болған мәселелерді мұқият зерттеп, қорытынды шығаруы керек. Қазақ ұлтын "мемлекетті ұйыстырушы, басты ұлт" деп ашық мойындауы керек. "Қазақстан - халықтар достығы, 150 ұлттың Отаны" деген Назарбаевтың популистік, псевдоинтернационалистік идеясынан бас тарту керек! Бұл ешқандай ұлтшылдық емес, "махровый" фанатизм емес, күн сайын дәлелденіп отырған шындық. Ұлт араздығына іргетас қалап отырған ұлттық балабақшалар мен мектептер мемлекет есебінен қаржыландыруды тоқтату керек! Балаларын өз тілінде оқытқысы келетін ата-аналар Қазақстан стандарты бойынша жекеменшік мекемелер ашсын! Мектептер мен балабақшалар түгелдей мемлекеттік тілге көшуі керек. Аралас мектептердің саны 30 пайызға дейін азайту керек! Оқиғаның ұлт араздық екендігін билік іштей мойындайды! Өйткені, дүңген саудагерлері мол Алматы барахолкасын бүгін жүздеген полиция мен сарбаздар қоршап тұр. Дүңген ұлтының контейнерлері мен бутиктерін қорғауға алған», - дейді Жақаш.

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы Дәурен ҚУАТ та «теңдессіз саясат» авторының «подходы» ескіргенін айтады.

Д.Қуат

«Қордайда Қорабай мен Қалабай төбелесіп қалған жоқ. Барды – «бар», жоқты – «жоқ» деп, шындықты мойындағанымыз жөн. Бұндай шетін уақиғаға НН-нің кезіндегі подхотпен келудің де уақыты өтіп кетті. Сондықтан болған жайттың барысын сараптау да, тергеп тексеру де, сот үкімі де, биліктің шешімі де өзгеше болуы керек. Ең бастысы қылмыстың түпкілікті себеп салдары анықталып, диаспорлар шоғырланған елдімекендердегі әлеуметтік ахуал шұғыл реттелуі қажет!»

Журналист Серік ӘБІКЕННІҢ пікірінше, ассамблея құру идеясы о баста дұрыс ойластырылмаған.

С.Әбікен

Қазақ саясатындағы ең сорлы тұс – әркімді жіктеп отыру, Ассамблеяда қазақтан басқаның бәрінің мәдени орталығы бар, татарды, ұйғырды, дүңгенді, орысты, т.б. қолдаймыз деп күн сайын, сағат сайын олардың кірме екенін, түп-тегін ұмытпауын, қазақтың оларды қорғап-қолдауға міндетті екенін ескертіп отырады. Сондықтан олар бұл мемлекетке асыранды баланың көзқарасымен қарайды, қазақпен құшағы қабысып, мінезі табысып кетпейді, тіліңді үйренбейді, дәстүріңді қабылдамайды. "Асырандыға" аларма, - деген сөз де өз үйінде ұрыс естуден ығыры шыққан қазаққа әбден батқан. Сол саясат сүйектен шықпай түк өзгермейді, келгеніне екі-үш ғасыр өткендер қазақыланбайды.

«Ел ұйытқысы Ассамблея қайда?» деген ақын, Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен ЕЛГЕЗЕК мұндай жағдай бұдан бұрын да болған дейді. Оның сөзінше, ассамблея өз міндетін дұрыс орындамай отыр.

А.Елгезек

Осындайда көрінуі тиіс Ассамблея қайда?! Бұл институт мұндай жағдайларды болдырмау үшін, елде ұлтаралық келісімді сақтау үшін құрылған жоқ па еді. Қанша рет осындай жағдай орын алды. Қорытынды шығарып жатқан Ассамблея жоқ. Демек, ұлтаралық қарым-қатынас пен келісім Ассамблеяға қарап тұрған жоқ дейміз. Ассамблея өз кезегінде қазақты сыйлата алған жоқ . Басты міндеті сол болуы тиіс еді! Өзге диаспораларды тәртіпке келтіре алған жоқ. Негізгі саясаты сол болуы керек еді. Жүктелген міндетті атқара алмаса, онда мұндай декоративті ұйым таратылуы тиіс».

Жалпы, бұл жағдайды бір бүгін бола қалған жағдай емес екенін айтушылар көп. Жоғарыда атап өткендей, бәрі – жүйенің, жасанды саясаттың салдары. Ел өтіріктен шаршаған. Енді өзі әрекет ете бастайды. Бұрын солай болған, бүкіл әлемде солай болған, әлемнің бір бөлшегі Қазақстанда да солай болады. Иә, «Қордай оқиғасы – жылдар бойы жиналған ашу»...

К.Ахметов

Қордай оқиғасы – жылдар бойы қордаланған ашу-ызаның бұрқ етіп сыртқа шығуы. Себепті бір күнгі оқиғадан іздемеу керек. Оның арғы жағында қазақ баласының жылдар бойы қорлануы жатыр. Соның себебін қотара анықтап, соған лайық шешім қабылдау керек. Сонда ғана мұндай жағдай алдағы уақытта қайталанбайтын болады, - дейді Кенжебай АХМЕТОВ.

 

Дінтанушы Қайрат ЖОЛДЫБАЙ:

Қ.Жолдыбай

Мемлекетіміз проактив емес, реактив. Құндылықтар негізінде емес, оқиғаларға реакциямен ғана әрекет етуде. Алысқа бармай-ақ, былтырғы бес баланың өлімі, шамалғандағы поезд апаты, жыл да қайталанатын көктемдегі су тасқындары, кешегі ұшақ қазасы секілді оқиғаларға реакция берумен шектеледі. Жүйедегі ақау тозығы жеткен шірік киім секілді әр жерден жыртылып, соны жамаумен әлекпіз. Ал құндылықтарға, құқыққа негізделген мемлекет болғанымызда, көп жағдайдың алдын алуға болатын еді.

Қазақ жігіттерінің кешегі әрекетін түсінуге болады. Іштегі қорланған намыс сыртқа шықты. Дүнген жастарының бұзақылығы барып тұрған басынушылық. Сондықтан кінәлілір заң алдында ең қатал жазаға кесілуі керек. Ақсақалдары кешірім сұрапты. Тек кешірім сұраумен шектелмей жастарын қазақ халқын сыйлауды, шаңыраққа қарауды әр отбасы, ошақ қасында кішкентайларынан үйретулері қажет.

Кешегі жағдайдан барлық диаспоралар сабақ алып, осы бағытта тәрбиелік жұмыс жасаулары қажет.

Биліктен кешегі жағдайға қатысқан қазақ жастарын жауапқа тартпауын талап етеміз», - дейді.

«Жұлдыздар отбасы», Аңыз адам» журналдарының бас редакторы Жарылқап ҚАЛЫБАЙ мұны осы күнге дейін жүргізілген жалтақ саясаттың салдары дейді.

Ж.Қалыбай

Назарбаевтың «интернационалистік, толеранттық», жалтақ саясатының жемісі бұл. Өмір бойы Мәскеудің қас-қабағына қарап өскен шолақ белсенді коммунист, таяудан бері елімізді алапат қарызға батырып, жер тағдырын Қытайға тәуелді етіп қойды.

Қара басының (отбасы мен сыбайлас жемқорларының) мүддесін Мемлекет мүддесінен жоғары қойып, Тәуелсіздігімізге орасан зор қауіп туғызды. Қазақ халқы ғасырлар бойы армандаған еркіндік ала алмады. Нәтижесінде өз елін «менің елім», өз жерін «менің жерім», өз ана тілін «менің тілім» деуден қалып барады...

Айта кетейік, кеше Жамбыл облысындағы Масанчи ауылында төбелес болып, мұның арты ұлтаралық сипат алған. Қазір ауыл толықтай жабық тұр. Соңғы ресми мәлімет бойынша қақтығыстан 8 адам қайтыс болып, 40-тан астам адам жарақат алған. Оның ішінде полиция қызметкерлері де бар.

Алмас НҮСІП

Суреттер ашық дереккөздерден алынды.

Байланысты жаналықтар

Зеленскийдің сұхбаты, Ресей депутатының Алматыны орыс салғанын еске салғаны

02.06.2024

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

28.10.2023

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

21.09.2022

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

09.04.2022

Қордай қақтығысы: Қираған үй жаңарды, ал көңілдегі жара жазылды ма?

24.04.2021

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

03.04.2021
MalimBlocks
Зеленскийдің сұхбаты, Ресей депутатының Алматыны орыс салғанын еске салғаны

Неге Ресей элитасы Қазақстанға ақпараттық шабуылын күшейтті?

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоғамдық қоры Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы жүзеге аса бастады.

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

Олар Қайратты «Құдай берген таланттың ұшқынын көруші» дейді.

Қордай қақтығысы: Қираған үй жаңарды, ал көңілдегі жара жазылды ма?

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)