Ата-анам «жезөкше» деп сөкті: слатшейминг несімен қауіпті?

Слатшейминг – (slut – сайқал, shaming – ұялту) қыздарды кемсітуді мақсат ететін буллинг түрі. Слатшеймерлер қыз балаларды сырт көрінісі үшін жеңіл жүрісті деп кінәлайды.

Айшолпан КЕРІМ

  • 17.08.2021

Америкалық әйелдер ассоциациясы жасаған зерттеуге сәйкес, орта және жоғары сынып оқушылары ең көп тап болатын жыныстық зорлық-зомбылық түрі – осы слатшейминг. Көп жағдайда мектеп жасындағы қыздар слатшейминг құрбаны болып жатады және мұның соңы үнемі жақсылықпен аяқтала бермейді...

2008 жылы жоғары сынып оқушысы Джесси Логан бұрынғы жігіті оның жалаңаш фотоларын сыныптастарына таратып жібергені үшін арадан екі ай өтпей өз-өзіне қол салды. Қыз таныстары мен сыныптастарының түрлі жағымсыз сөздерін көтере алмаған. Желіде слатшейминг құрбаны болып, соңы өліммен аяқталған түрлі қаралы хабар бар. Қазақстандық қыз балалар да түрлі сексуалдық пікірлер мен жағымсыз келемеж-әрекет құрбаны болып жатады.


Аруна, 18 жаста

11 сыныпты аяқтап, бітіру кешіне дайындалып жүрдім. Алғаш рет салонға барып, маникюр жасаттым. Өзімді ерекше ажарлана түскендей сезініп, қуанышым қойныма сыймай үйге келдім. Ата-анам «жезөкше» деп сөкті, нашар қыздарға ұқсап қалғанымды айтып, қатты айғайлап тастады.

Осыдан кейін үш күн жылап, ешкіммен сөйлеспей, ақырында сол бояуды өзім сүртіп тастадым.

Көшедегі «ауру» ерлердің сүзіп алардай қарағаны бір дерт, үйдегі ата-анаңның қысып ұстағаны тағы бір дерт. Жаздыгүні қысқа шалбар мен жеңі жоқ жейде кигенде не бар, түсінбеймін?

Қазір қолымнан келетіні қарсылығымды айтып, осы әрекеттерінің қате екенін ашық айту деп есептеймін. Ата-анам да сол сырт көзден сақтағысы келеді, оның үстіне адамдардың киіміңе қарап, өзіңді сынап қоймай, ата-анаңа тіл тигізіп, «тәрбиесіз» дей жөнелетіні бар емес пе?..

 

Айлина, 17 жаста

Инстаграм парақшама демалыста су киімімен түскен суретімді жүктедім. Ертесіне пост статистикасын қарасам, фото жүзге жуық адамға жіберіліпті. Оның үстіне маған тек таныс-жақындарым тіркелген, аккаунтым жабық. Кейінірек досым мектептегі ұлдар фотоны түрліше таратып, мені «жеңіл жүрісті» деп өсектеп жатқанын айтты.

Шынын айтқанда, мен мұның бәріне сұлулық, әдемілік тұрғысынан қараймын. Егер біреу менің денем үшін ұялып жатса, түрлі жаман ойға кетіп жатса, ол сол адамның проблемасы. Мұны сол кезде де ашық айттым.

Мен үшін өзге фотолардан еш айырмасы жоқ фотоға қарап, мазақ еткендері жаныма батты. Былай қарағанда, жеңіл жүрісті қызды да сол жүрісі үшін кінәлап, сынап-мінеуге ешкімнің хақысы жоқ қой. Бірақ менің өнер деп бағалаған нәрсеме жақын достарым «жезөкшелік» деп баға беріп, артымнан өсектегендері ренжітті.

Слатшеймингтің басты себебі – адамдардың сауатсыздығы мен мәдениетсіздігі. Біздің менталитетіміз де «Қазақсың, демек мұсылмансың, жабық киін, көп күлме, орындамайды екенсің – ұлт пен жұрттың қарабетісің» деген стереотипке негізделіп құралған. Жаспыз, әдемі киінгіміз келеді, бірақ қысқа белдемшеміз – құндылығымз жоқ деген сөз емес. Тіпті ортамдағы қыздардың біреуі де сүйісіп көрмеген.

 

Зере, 17 жаста

Менің оқиғам басқа, бұл қысымды біз ең сауатты санайтын мұғалімнен көрдім. Мереке күні мектепке шалбар киіп барғаным үшін директордың орынбасары кабинетке шақырып алды.

«Мына киіміңмен қандай қызға ұқсап тұрғаныңды білесің бе? Ертең келіп зорлап кетті деп жылайсың ғой. Өздерің жабыстырып шалбар киіп аласыңдар, елден не қайыр күтесіңдер?» дегені бар.

Ол – педагог, маман. Мұны басқаша да түсіндіре алар еді. Емтихандарға дайындалып, күйзелісте жүрген оқушы үшін бұл – өте ауыр сөздер. Оқиға жайлы ешкімге айта да алмадым.

Бұдан өзге де слатшеймингке та болған кездер көп болды. Жаздыгүні таксиге отырған соң, жүргізуші киіміме тиісіп, қазақ қызының «қалай» дұрыс киінуі керек екені туралы айтып, тізем көрініп тұрған соң көшедегі ерлер мені «сайқал» деп ойлайтынын айтты.

Жол бойы «Айтшы, осы киімің үшін қазір біреу зорлап кетсе, не істейсің?» деумен болды. Жетем дегенше жүргізушіден өлердей қорқып, түсіп қалғанша асықтым. Ең өкініштісі, елдегі ешбір қыз өзін қауіпсіз сезінбейтіндіктен қалағанын да кие алмайды. Былай қарасаң, патриархалды қоғам үстімізден күліп, мазақ қылып тұрғандай.

Бұл мәселе бүгін пайда болған жоқ. Қазір бәрінің атауы бар екені, осылайша бәрі бас көтеріп, мәселені көтеруге тырысатыны жақсы. Әйтпесе, қыздардың менталды саулығы, осындай ішкі жаралардың соңы жақсылықпен бітпейді.

Томпақтау келген құрбымды «Денесіне қарамай, ашық киінеді, әйтпесе ол шошқаға қай жігіт қарасын?» дегені үшін ақыры ауырып, соңы анорексиямен аяқталды. Тағы салмақ қосар, қалпына келер, бірақ оның жастай сынып қалған рухы не болмақ?...

Дайана Қалыбек – психолог 

Слатшеймингтің елде осынша кең етек алуы біздегі барлық сексуал мәселелердің табу тақырып болуымен, сексдеген сөзді айтудың өзі ұят болуымен байланысты. Ғасырлар өтіп, технология туындатқан түрлі мүмкіндікті қуана қабылдаған адамдар жаңа өнер түрі пайда болғанын, адамдардың да өзгергенін қабылдағысы келмейді. Дайана Қалыбек - Malim

Әлеуметтік желіде ойланбастан пікір қалдырып, көшеде қыздарға түрлі сөзді таңып қоятын, сырт көрінісі үшін қыздарды ұялтуға тырысатын адамдар өз-өздерінен ұялатын адамдар. Адам ішінде өзі үшін ұялу сезімі болса,ол өзгені де қиналмастан ұялдыра алады.

Әйтпесе, өзін жақсы көретін, сексуал өмірі мен өз дене бітімін жақсы көретін адамның өзгенің дене-бітімінде несі бар?

Қоғам интеллектуалды, жан-жақты, ақылды, өмірден не қалайтынын білетін  әйелдермен араласқанды ұната бастады. Алайда біз адамның осы тарапына көңіліміз толса, оның әртүрлі болуға, не қаласа, соны киіп, өзін қалай қаласа, солай ұстай алатынына да құрметпен қарауымыз керек. Құқықтар теңесті, алайда әйелдерге қатысты ескі қағидалар қалып қойды. Осы бір ойыстың орнын толтыру үшін қоғам ондаған жылды қажет етуі мүмкін.

Әдетте слатшейминг екі ұрпақ арасында туып жатады. Қоғамның бар мәселесі сол – жоғары буын мен жас буынның құндылықтары бөлек болуымен байланысты. Одан бөлек діни ұстанымдардың да бірдей бола бермейтіні бар. Бізде «күллі қазақ мұсылман» деген таптаурын да сол слатшеймингтің туындауына себеп болады. Адам қай дінді ұстанып, қай күшке сенетінін өзі білетінін ұмытпау керек. Өзінің сенген нәрсесін алға тартып, сол үшін өзге адамды ұялтып, кейде өмірден түңілдіріп жіберу – бұрыс әрекет. Кейде діннің өзі тек сылтау болып жатады. Ал негізінде мәселе оны сенімінде де емес, жан дүниесінде: адам өз бойында қабылдай алмаған нәрсені өзгеден көрсе, жаны қалмайды, тітіркенеді. Адамның сынға алған дүниесі – айнасы. Егер адам бір әйелдің өмір салтына қарсы болып, түзеткісі кеп тұрса, демек ол адамның өзі сол әйел сияқты «өзі қалаған өмір салтын» құра алмай жүргені деген сөз.

Осыдан шығатын қорытынды, слайтшеймингтен құтылудың жалғыз амалы – оның бар екенін, не екенін түсіндіру. Былай қарасаңыз, бақытты болғысы келетін, еркін адамдар бекер құрбан болып кетіп жатыр. Сол себепті қоғам болып қалаған өмірді сүруді, өз-өзімізден ұялмауды үйрену керек. Сол кезде біреу-біреуді мұқатып, артынан өсек таратуға да себеп қалмайды.

Байланысты жаналықтар

Павлодарда кәмелет жасына толмаған қызды өгей әкесі зорлап келген

19.11.2024

Өскеменде қыздар қатарласына буллинг жасаған

07.10.2024

Елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған театр студиялары ашылмақ

04.10.2024

Оқушы қыздар қатарласынан ақша жинап келген

27.09.2024

Оқу-ағарту министрлігі суицид оқиғаларынан кейін ата-аналарға нұсаулықтар әзірледі

26.09.2024

Оқушылардың суицид жасауына желідегі ойынның қатысы жоқ – ІІМ

23.09.2024
MalimBlocks
Павлодарда кәмелет жасына толмаған қызды өгей әкесі зорлап келген

Бұл жағдай сынып жетекшісінің арқасында белгілі болып отыр

Өскеменде қыздар қатарласына буллинг жасаған

Мектеп жасындағы қыздар құрбысын бейәдеп сөздермен қорлап, тізерлетіп кешірім сұратқан

Елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған театр студиялары ашылмақ

Оқушы қыздар қатарласынан ақша жинап келген

Іс материалдары сотқа жөнелтілді

Оқу-ағарту министрлігі суицид оқиғаларынан кейін ата-аналарға нұсаулықтар әзірледі

Екі тілде жазылған жадынамаларды мұғалімдер ата-аналарға таратып жатыр

Оқушылардың суицид жасауына желідегі ойынның қатысы жоқ – ІІМ

Өшірілген хаттар мен қосымшаларды анықтау үшін телефондар тексеріліп жатыр