Байлық салығын көбейтсе, 165 адам кедейленіп қалмайды
Бүгінде АҚШ-тағы ең көп талқыланатын мәселе - табыс пен байлық теңсіздігі. Еуропа экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) табыс пен байлық үлестірімі (wealth distribution) көрсеткіштеріне сәйкес, АҚШ-тағы байлықтың 79% елдегі 10%-ке тиесілі. Сонымен бірге, табыс теңсіздігін (income inequality) өлшейтін Джини коэффициенті көрсеткіші Америкада - 0,434 (бұл көрсеткіш 0 болса, ол керемет теңдік орнаған ел, ал көрсеткіш 1 болса, онда керемет теңсіздік орнаған ел болып саналады). Аталмыш коэффициет бойынша АҚШ көрсеткіші G-7 елдерінің ішіндегі ең нашары.
АҚШ-та табыс пен байлық теңсіздігі 1980 жылдардан бері күшейіп келеді. Әсіресе, соңғы жылдары байлар байи, ал кедейлер кедейлене түскен. Кейбір экономистер байлық салығын теңсіздікті азайту мен орта таптың көбеюіне әсер ететін ең пәрменді тетік деп есептейді. Сол себепті байлық салығы идеясы америкалықтар арасында кең қолдауға ие болып келе жатыр. Саясаткерлер байлық салығын өзінің сайлауалды платформасы ретінде қолданып жүр. Сондай саясаткерлердің алдыңғы шебінде Берни Сандерс пен Элизабет Уоррен жүр.
Табыс пен байлық салығы дегеніміз не? Табыс салығы жеке тұлғаның табысынан алынатын салық болса, байлық салығы осы күнге дейін жиналған бүкіл таза байлығына (net wealth = total assets - total liabilities) салынатын салық. Жоғарыда атап өткен Уоррен таза байлығы 50 миллион USD-дан асатындарға 2%, 1 миллиард USD–дан асатындарға 6% салық салуды ұсынып отыр. Ал, сенатор Сандерс байлығы 10 миллиард USD-дан асатындарға 8% дейін салық салу қажет деп есептейді.
Кеше президент Тоқаев прогрессив табыс салығын енгіземіз деп жариялады. Менің ойымша, Қазақстандағыдай байлық теңсіздігі жағдайында прогрессив табыс салығымен қатар байлық салығын да енгізу қажет секілді. KPMG компаниясының “Private equity market in Kazakhstan” зерттеуіне сүйенсек, Қазақстан халқының 0,001%-іне (162 адам) еліміздегі бар байлықтың шамамен 55% тиесілі. Егер біздің елде прогрессив байлық салығын енгізсе, сол 162 адамның дәулеті ортайып қалмас деп ойлаймын.
PS. Мен кәсіби экономист емеспін. Байлық салығының тыңғылықты механизмдерін, мұндай салықтың қажет/қажет еместігін экономистер саралай жатар. Біздің мақсат - ортаға ой тастау.
Нұрбек МАТЖАНИ
Жазба автордың рұқсатымен жарияланды.
Фото: life24.pro