«Цифрлық дәуірдегі баспасөз қызметі». Баспасөз хатшысы адвокат болуы керек

Күнделікті өмірге интернет араласқалы көпшілікпен байланыс жеңілдеді. Бірақ, осы цифрлық дәуірде баспасөз қызметінің жұмысы керісінше, қиындап кетті. Оны қалай шешу керек? Нені үйреніп, неден жирену қажет?

Айбек Ережеп

  • 03.04.2023

Бүгін Астанада медиа мамандары осы мәселеге қатысты қызықты жиын өткізді. Онда әлемге белгілі медиа сарапшы, Вашингтон баспасөз клубының президенті, Ақ үйдегі және басқа федералды агенттіктерде лауазымды қызмет атқарған Маргерит Салливан сөз сөйлеп, пікір алмасты.

«Баспасөз хатшысы аудармашы сияқты. Мемлекеттік қызметтің атқарып жатқан жұмыстарын халыққа жеткізу, халықтың оған реакциясын өз басшылығына жеткізіп отыруы керек. Саяси бағдарлама қабылданатын жиында міндетті түрде баспасөз хатшысы қатысуы керек. Және ол шешімді жұрт қалай қабылдайды деген сұрақта хатшының пікірі ескерілуі керек. Осы жағы ескерілмесе, оның салдары ауыр болуы мүмкін. Мемлекеттік бағдарламалар халыққа дұрыс түсіндірілмей, наразылық туындап жататыны содан»,- деді автор.

Маргерит Салливанның айтуынша, баспасөз хатшысының екі негізгі міндеті бар:

Біріншісі,  БАҚ-пен қарым-қатынаста үкіметтің адвокаты ретінде әрекет ету, оның іс-әрекетінің жағымды жақтарын түсіндіру, қате ақпаратты түзету және бұрыннан бар ақпаратты түсіну мен түсіндіруді жеңілдету;

Екіншісі, журналистердің өтініштерін жеткізіп, үкімет алдында журналистердің адвокаты болу.

Негізі, медиа сарапшы ретінде Маргерит Салливан «Цифрлық дәуірдегі баспасөз қызметі» (A Responsible Press Office in the Digital Age)  атты кітабымен сала мамандарына өте таныс. Әлемге танымал осы басылымның қазақ тіліне аударылған «Цифрлық дәуірдегі баспасөз қызметі» кітабының бүгін тұсаукесері де өтті.  Бұл іс-шараға Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Нұрбек Матжани, Ақпарат комитетінің төрағасы Елдос Нәшірәлі, «Maqsut Narikbayev University» басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев,  АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің кеңесшісі Дебра Ло  және кітап авторы Маргерит Хокси Салливан қатысты.

«Цифрлық дәуірдегі баспасөз қызметі» кітабында баспасөз қызметінің маңызы мен ережелері, атқаратын рөлі, проактив стратегиялық коммуникация қызметінің жоспары, веб-парақшалар мен әлеуметтік медиа, дағдарыс кезіндегі коммуникация туралы жазылған және баспасөз құжаттарының үлгілері жинақталған.

Айта кетерлігі, Маргерит Хокси Салливан бұл кітаптың алғашқы санын осыдан 20 жыл бұрын жазған. Ал қазақшаға аударылған бүгінгі кітап соның екінші саны.  

Автор кітаптың қазақша нұсқасының жарық көруіне атсалысқандарға, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, Қазақстандық қоғамдық даму институтының  MediaLab орталығына алғысын білдірді. Алдағы күндері ол мемлекеттік органдағы баспасөз хатшыларына семинар-тренингтер өткізеді. 

 

MalimBlocks
Білім мен ғылым жолы – адал жол

Байлық салығын көбейтсе, 165 адам кедейленіп қалмайды