Бас дәрігер: «Қан қысымы, қант диабеті, остеохондроз аурулары белең алып тұр»
Емделушілер арасында статистикалық бақылау жүргізіледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Дені сау ұлт» жобасы екі жыл бұрын қолға алынған еді. Жоба аясында халықтың өмір сүру ұзақтығын 2025 жылы 75 жасқа дейін көтеру көзделгені мәлім. Сонымен қатар, азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын 80 пайызға арттыру қажеттігі айтылған. Ұлттық жоба аясында Астана қаласы емханаларында қандай өзгерістер жүзеге асырылып жатыр? Ауруды дер кезінде анықтау мен емдеу ісі қай деңгейде? Ел азаматтары арасында қандай қауіпті дерт түрлері жиі кездеседі? Malim.kz тілшісінің осы және өзге де сауалдарына Астана қаласы әкімдігінің №11 қалалық емханасының бас дәрігері Жаңалық САҒЫНДЫҚОВ жауап берді.
- Жаңалық Карипуллаұлы, өзіңіз басқаратын №11 қалалық емхананың қазіргі тыныс-тіршілігі қалай? Медициналық мамандар тапшылығының алдын алу жұмыстары қай деңгейде жүзеге асырылып жатыр? Емханада қанша маман жұмыс істейді. Әңгімемізді осы сұрақтан бастасақ...
- Еліміздің басты құндылығы – адам екенін белгілі. Осы орайда, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деген болатын. Біздің емхана да азаматтардың денсаулығын оңалту бағытында жұмыс атқарып келеді. Айталық, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде тіркелген тұрғындардың қажеттіліктерін барынша қанағаттандыра отырып, медициналық қызмет көрсетеді. Басты миссиямыз-тіркелген тұрғындарға сапалы қызмет ету. Қазіргі уақытта емханаға 42 000-нан астам азамат тіркелген. Оның ішінде 700-ге жуығы мүмкіндігі шектеулі жандар. Сонымен қатар, біз тұрғындардың әлеуметтік қажеттіліктерін де өтеуге күш саламыз. Емханадан шалғай орналасқан мекен-жайларды қамту негізінде 4 филиалымыз бар. Олар Теміржолшылар кентінде және Ш.Құдайбердіұлы көшесі мекен-жайында орналасқан. 2022 жылы тіркелген тұрғындар арасынан Пациенттер кеңесін құрдық. Кеңес емхана қызметкерлері мен пациенттер арасында алтын «көпір» болып отыр деп нық сеніммен айтуға болады.
Соңғы есептеу бойынша, емханада 259 қызметкер жұмыс істейді: оның ішінде дәрігерлер-75, орта буын қызметкерлері-124 және 60-ы медициналық емес қызметкерлер. Кадрлар құрамы үнемі жаңарып отырады, қатарымызға жас мамандарды көптеп тартып жатырмыз.
- Емханаға келушілер арасында қандай сырқаттар көп кездеседі?
- Емханаға келушілер арасында статистикалық бақылау жүргізіліп отырады. Әсіресе артериялық гипертензия яғни жоғарғы қан қысымы дерті белең алып тұр. Көп жағдайда аурудың симптомдары байқалмайды. Алайда оның соңы инсульт, тамыр ауруы, бүйректің созылмалы ауруы мен соқырлыққа әкеліп соғатынын ұмытпағанымыз жөн. Сонымен қатар, бүгінде әлем халқын алаңдатып отырған қант диабеті сырқатына шалдыққандар аз емес. Дерт дендеп кетпес үшін уақтылы емдеу шараларын жүргіземіз. Остеохондроз және түрлі дене жарақаттарымен шағым айтып келетіндер қатары көбейген. Сонымен бірге, пациенттер арасында артық салмақ өте көп кездеседі. Міне, осы ауру түрлері айрықша бақылауға алынады.
- Сондай-ақ, қазіргі кезде эпидемияға қарсы шараларды жүргізу маңызды. Осы ретте қандай кешенді шаралар қолға алынған?
- Емханада эпидемияға қарсы шараларды орындау мақсатында инфекциялық бақылау қатаң қадағаланады. Оны арнаулы білікті эпидемиолог дәрігер және бас медбике жүргізеді. Ол дегеніміз, ауруханаішілік инфекцияны болдырмау және инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында санитарлы-эпидемиологиялық режимді, қол гигиенасы маска кию ережелерін сақтау. Сонымен бірге, ересектер мен балаларға жұқпалы ауруларға қарсы ұлттық күнтізбесіне сәйкес, одан бөлек өршіп тұрған дерттерге қарсы екпе салынады. Температура, жөтел бір сөзбен айтқанда ЖРВИ белгілері бар науқастар Сүзгі бөлмесінен өтеді. Сүзгі бөлмесінде арнайы бөлек кіру есігі орнатылған, яғни науқастар мен келушілер бір-біріне кедергі жасамай, кеңес-ем алады.
- Емханалардағы басты мәселе - заманауи озық құрал-жабдықтармен қамтылу жағдайы. Қымбатшылық өкпеден қысып тұрған уақытта керек-жарақ алу жағы қиынға түсіп отырған жоқ па?
- Емханада пациенттерге зерттеулер жүргізу үшін керекті жабдықтар бар. Айта кетсек, ас-қорыту жүйесін тексеретін ФГДС, тәулік бойы жүрек жұмысын зерттейін холтер құрылғылары, спирография, маммография, офтальмоскоп, заманауи анализаторлар, лор-комбайны және басқа да құралдар. Жуырда жаңа туған сәбилер мен балалардың есту қабілетін анықтауға арналған аудиометрия құрылғысын, сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі пациенттерімізді баспалдақпен көтеру үшін барлық филиалдарға «Баспалдақ жолы» көтергіш құрылғысы техникалық құралын сатып алдық. Аталған аппарат арбаның баспалдақтардан қиындықсыз өтуіне жол ашады.
- МӘМС бойынша азаматтар сіздердің емханаларыңызда қалай емделе алады?
- МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі бар адамдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың медициналық көмегіне бірінші кезекте жүгіне алады. МӘМС мынадай медициналық қызметтерді қамтиды: профилактикалық медициналық тексерулер; учаскелік дәрігердің жолдамасы бойынша тар бейінді дәрігерлерді қабылдау және консультациялар; бейінді мамандардың созылмалы аурулары бар адамдарды динамикалық байқауы; халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы түрде стоматологиялық көмек көрсету; диагностикалық қызметтер, оның ішінде зертханалық диагностика (УДЗ, рентген, КТ, МРТ); медициналық оңалту; дәрілік заттармен қамтамасыз ету.
- Мамандардың біліктілігін арттыру бойынша жүзеге асқан шаруалар жөнінде білсек...
- Әр жыл сайын жоспарға сәйкес, мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізіледі. Қызметкерлер өзінің кәсіби мамандығы шеңберінде, жұмысына керекті оқулардан өтіп, сәйкестік сертификатын және маман сертификаттарын алады және мерзімі өткен сайын жаңартып отырады.
- Қазіргі таңда ана мен бала мәселесі өте өзекті болып тұр. Осы тұрғыда №11 қалалық емхана ана мен бала денсаулығын сақтауда қандай игі істерді қолға алуда?
- Ана мен бала денсаулығын сақтау біздің емхананың басты назарында. Осы бағытта құрамына білікті акушер-гинеколог, акушер дәрігерлер енген арнайы бөлім бар. Аяғы ауыр әйел жүктілігі бойынша есепке тұрғаннан бастап, босанғанға дейін мамандардың қатаң бақылауында. Босанғаннан кейін де жұмыс бітпейді. Әрі қарай жұмысты патронаждық және әлеуметтік қызмет жалғастырады. Олардың міндеттері - анаға бала күтімі, қауіпсіздігі, тамақтануы бойынша кеңестер беріп, әлеуметтік жағдайын бақылау. Жүктілік кезінде және босанғаннан кейін психолог маманның көмегі де қарастырылған. Сонымен қатар, әйелді босануға дайындау мектебі де жұмыс істейді. Одан басқа, тұрақты негізде эксперт мамандар жұмылдырылған комиссия, акушерлік сағаттар өткізіліп тұрады. Алдыңғы жылы отбасын жоспарлау кабинеті ашылды. Кабинетте жоғарғы санатты акушер-гинеколог дәрігер кеңес береді. Аталған кабинетті ашудағы басты мақсат - әйелдердің ұрпақ жаңғырту мүмкіндігін сақтау, кеңейту, жатырда пайда болған және сау балаларды дүниеге әкелу үшін тиімді уақытты таңдау, түсік жасау және ана өлімін төмендету. Сонымен бірге, қазіргі таңда әйелдер арасында предгравидарлық дайындықты арттыру бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізіліп келеді. Предгравидарлық дайындық дегеніміз - әйелдердің репродуктивті денсаулығын сақтау, дені сау балаларды дүниеге әкелудің тиімді уақытын таңдау, түсік түсіру мен ана өлімін азайту үшін жүргізілетін шаралар.
- Емханада патронаждық қызмет жүйелі түрде жүргізіледі екен. Сонымен қатар өзге қандай қызметтер бойынша азаматтарға көмек көрсетіледі?
- Патронаждық қызмет әмбебап прогрессивті модуль арқылы жүргізілетінін атап өткіміз келеді. Әмбебап прогрессивті модель жылдар бойы өзінің артықшылықтарын дәлелдеді. Модель балалар мен сәбилер өлімін, шала туылу мен сырқаттанушылықты азайтуға бағытталған. Үйге бару қызметтері баланың жан-жақты дамуына, балалардың жарақаттануын азайтуға, отбасындағы қарым-қатынасты жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар, бұл модель әлеуметтік осал және оқшауланған отбасыларды Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметтеріне тартады. Сонымен қатар, емханада әлеуметтік жұмыс күшейтілген. Мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар, қарияларымыз, яғни әлеуметтік осал топтағы жандар осы қызметкерлердің басты назарында. Көптеген қайырымдылық қорлар және жеке демеушілерді жұмылдыру арқылы осы пациенттерімізге ыстық тамақ, гигиеналық құралдар, киім-кешек, дәрі-дәрмектер және тағы басқа әлеуметтік қызмет көрсетіліп отырады. «Жасыл дәліз» қызметін де атап өтуге болады, осы арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қызметкерлер емхана ішінде алып жүреді және олардың мамандарға кедергісіз кірулеріне жағдай жасайды. Филиалда реабилитация орталығы да бар, орталықта пациенттерімізді аурудан кейінгі оңалту үшін процедуралар жүргізіледі.
- Медициналық сараптама жасау, аурулардың алдын алу бағыты аясында іске асырылған шаралар, скринингтен өту секілді қызметтер қандай деңгейде?
- Медициналық сараптама жасауға келер болсақ, денсаулық жағдайына байланысты мүгедек мәртебесін алуға көрсеткіштері бар пациенттердің жағдайлары алдымен емхананың дәрігерлік кеңестік отырысында қаралады. Қажет болған жағдайда құжаттар әрі қарай медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберіледі, шешім шығару олардың құзырында.
Аурулардың алдын алу жұмысы басым бағытқа ие, осы жұмысты ұйымдастыратын арнаулы бөлім бар. Ол жерде СӨС дәрігер, психолог мамандар, әлеуметтік қызметкерлер, жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Тіркеуде тұрған пациенттерге арналған денсаулық мектептері бар, айта кетсек: жас ана мектебі, егде жастағы адамдар мектебі, қант диабеті мектебі, босануға дайындық мектебі, ЖИА және қан қысымы мектебі, инсульт мектебі, астма мектебі. Осы аурулар бойынша тіркеуге алынған пациенттер өз-өзін басқару, дұрыс тамақтану, аурудың асқынуын болдырмау дағдыларына үйрену үшін аталған денсаулық мектептерінде оқудан өтеді. Тұрақты негізде жұқпалы емес аурулардың алдын алу, дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану, дене белсенділігімен айналысу бойынша түрлі профилактикалық шаралар өткізіліп отырады. Одан басқа, емханада онкологиялық ауруларды ерте анықтау бойынша ерлерді және әйелдерді тексеріп-қарау кабинеттері жұмыс істеп тұр. Скринингқа келер болсақ, ҚР скринингтік бағдарламасына сәйкес арнайы жастағы азаматтар скринингтік тексеруден өтеді.
Скрининг түрлері:
Сүт безі қатерлі ісігі - 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер.
Жатыр мойны обыры - 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер.
Колоректальды скрининг - 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер.
Былтыр тіркелген тұрғындардың скрининтен өту көрсеткіші 100 % болды. Денсаулығы бойынша ауытқушылық анықталған жағдайда пациенттер көрсеткіштері бойынша тар бейінді мамандарға жіберіледі.
- Алға қойған мақсат, міндет, жоспарларыңыз туралы айтып өтсеңіз...
- Жоғары сапалы қызметтер мен пациенттердің қауіпсіздігін үздіксіз жақсарту және қолдауды көздеп отырмыз. Тіркелген тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету біздің басты миссиямыз екенін тағы да қайталап айтқым келеді. Жоспарларымыз әлі де көп, ең бастысы негізгі құндылықтарымызды жоғалпағанымыз абзал. Олар-пациенттердің сенімі, қауіпсіздік және сапа, ұдайы даму және корпоративтік рух.
Сұхбатыңызға рахмет!