Біртановтың бұйрығы және дәрігерлердің дәрменсіздігі

Malim Админ

  • 15.04.2020

182 медициналық қызметкерінен коронавирус анықталған Алматыдағы орталық қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Алмаз Джувашев қызметінен кетті. Бас дәрігерге араша түскен аурухана қызметкерлері оны жұмысқа қайтаруды сұрады. Карантинге алынған осы аурухананың гинекология бөлімінің меңгерушісі Гаухар Әміреева бас дәрігерді бір минуттың ішінде жұмыстан кетуге мәжбүр етті дейді.

– Ауруханамыздың бас дәрігері Алмаз Джувашевты жұмысқа қайтару керек. Оны 15 жылдан бері жұмысына адал, мықты хирург және жақсы жетекші ретінде білемін. Біздің аурухана осы күнге дейін денсаулық сақтау министрлігі, қалалық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығын орындап келді. Бұл күндері аурухананың қабылдау бөліміне үлкен салмақ түсті, бірақ қызметкерлердің бірде-бірі "біз тәуекел тобында емеспіз" деп шағымданбады. Біз инфекциялық аурухана немесе провизор орталығы емеспіз, сондықтан қабылдау бөлімінде арнайы қорғаныс костюмін киюге міндетті емеспіз. Бірақ сөйте тұра қорғаныс костюмін киіп жүрдік. Комбинензон, респиратор бізде жеткілікті болды.

Жұқпалы аурулар және жедел жәрдем көрсету ауруханалары жабылғанда, біздің аурухананың қатты салмақ түсті, науқастар ағылып келіп жатты. Әдетте гинекологияның қабылдау бөлімінде екі дәрігер кезекпен жұмыс істейтін. Бірақ ауруханаға 500-ден астам науқас түскенде тәулік бойы кезекшілік қоятын болдық. Сөйтіп, тәулігіне үш дәрігер кезекші болатын болды.

Бас дәрігерімізді бір минуттың ішінде жұмыстан кетуге мәжбүр етті. Ол жұмыстан өзі кетті деп жатыр, бірақ біз бала емеспіз ғой. Індет шарпыған уақытта, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істейтін кезеңде бас дәрігерді жұмыстан кетіруді саботаж деп білемін, - дейді Гаухар Әміреева.

Оқи отырыңыз:  Вирус жұқтырған дәрігерлерге Тоқаев араша түсе ме?

Бір күн бұрын Көктем санаторийінде карантинде жатқан Гаухар Әмірееваны "тест нәтижесінде қанынан коронавирус табылды" деп күштеп ауруханаға әкетпек болды. Алайда Гаухар Әмірееваның тест қорытындысында "коронавирус анықталмады" деп жазылған. Кешке Көктем санаторийіне денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың тапсырмасымен жеткен вице-министр Камалжан Надыров тест жасаған зертханада Г.Әміреевамен аттас адам анализ тапсырғандықтан, зертхана қызметкерлері тест нәтижесін шатастырып жібергенін айтып, кешірім сұрады.

– Тест нәтижесі вице-министр келерден бірнеше сағат бұрын қолыма тиді. Мені полиция күштеп әкетпек болды. Мен қылмыскер емес, дәрігермін ғой. Бұл – тест нәтижесін шатастырған қалалық санитарлық қызметтің қатесі. Маған тап бір қылмыскер сияқты полиция жіберетін ол кім? Бұл менің конституциялық құқығымды бұзу.

Біз карантиннен шыққан соң гинекология бөлімінің 33 қызметкері қаланың бас санитары Айзат Молдағасымованың үстінен медициналық қызметкерлерді қорлағаны үшін сотқа шағым түсіреміз. Ол медициналық қызметкерлер ауруды өздері жұқтырып алды деп айыптады. Біз әу бастан өзіміз бен бізге келетін науқасты қалай қорғауды үйрендік. Молдағасымованың әлгіндей нәрсе айтуы – барып тұрған сорақылық. Енді Молдағасымова карантин біткенше ұятына салып, бізден кешірім сұрай ма десек, сол мәлімдемені айтқан хабарды ақпарат құралынан алдыртып тастапты, – дейді Г.Әміреева.

Гинекология бөлімінің меңгерушісі Гаухар Әмірееваның айтуынша, қалалық орталық клиникалық аурухананың бас дәрігері Алмаз Джувашев ауруханаға жедел распитарлы-вирустық инфекция мен пневмониямен ауыратындарды әкелмеу керек дегенді денсаулық сақтау басқармасына бірден ескерткен.

– Біз провизор орталығы емеспіз, бізге жеткізілген науқастың қайсысында коронавирус бар, қайсысында жоқ екенін білмейміз. Жедел распираторлы-вирустық инфекция, пневмониямен ауыратын науқастарды біздің ауруханаға емес, арнайы провизор орталығына апаруы керек еді. Біз қазір жатқан Көктем санаторийін неге сондай орталыққа айналдырмады? Меніңше, эпидемиологиялық зерттеу жүріп, аурухана карантинге жабылған уақытта ешкімді жұмыстан шығармай, аурудың таралу тізбегін табу керек еді. Ауруханаға 29 наурыз күні таңғы жетіде Минскіден ұшып келген аяғы ауыр әйел жеткізілді. Біздің қызметкерлер бірден "Минскіден ұшып келген адамды неге бізге әкелесіңдер?" деп ашынды. Өйткені ереже бойынша олар бізге жеткізілмеуі керек. Сол күні түсте өзін таныстырмаған Бостандық аудандық санитарлық қызметтің қызметкері келді. Әлгі әйелдің төлқұжатын беру үшін келіпті. Дәрігерлермен дөрекі сөйлесті. Кешенің арғы күні сол қызметкердің инфекциялық стационарда жатқанын білдік. Ол бізге келген күннің ертесі тест тапсырып, 1 сәуір күні ауруханаға жатқызылыпты. Ол қабылдау бөліміндегі үш дәрігер, бір медбикемен байланыста болды. Егер оның ауырып қалғанын білсе, Бостандық аудандық санитарлық қызмет, қалалық санитарлық қызмет неге аурудың таралу тізбегін бірден үзбеді? Неге бізге хабарламады?

Осындай қиын жағдайдың өзінде жазалау, қорлау, көзін құрту сияқты менталитет жойылмады. Денсаулық сақтау министрлігі "Батыс тәжірибесіне сүйенеміз, сол тәжірибені ендіреміз" дейді. Бірақ неге осы жағдайда Батыс елдері сияқты дәрігерлерді қорғамайды? Батыс елдерінде дәрігерлер оқшауланған, сыртқа шықпайды, оларды жетекшілері қорғайды. Ал бізде болса дәрігерді қорғау орнына жұмыстан кетіреді.

Әрі-беріден соң бұл мәселенің ақ-қарасы карантин біткен соң шешу керек еді. Ақыры олай етпеді екен, олай болса неге Айзат Молдағасымова бір қаланың білдей санитары бола тұра Германияға барып келді де, жазаланбады? Оны бұл үшін тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартуға болатын еді. Неге дәрігерлер осы адамның амбициясына тәуелді болуы керек? - дейді Г.Әміреева.

Орталық қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Алмаз Джувашевке хабарласқанымызбен, ол телефон тұтқасын көтермеді. Бірақ бұрынғы бас дәрігер Facebook әлеуметтік желісіндегі жазбасында қызметінен өз еркімен кеткенін жазыпты. Ауруханада неге коронавирус індеті таралғанын түсіндірген А.Джувашев жедел распитарлық-вирустық инфекцияға шалдыққан науқастарды ауруханаға жатқызу бұрыс әрекет болғанын, ол мұны бірнеше мәрте қалалық денсаулық сақтау басқармасына ескерткенімен, нәтиже шықпағанын айтыпты.

"Біздің аурухана – көпсалалы, негізгі міндеті – тәулік бойы жедел медициналық жәрдем көрсету. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жедел распираторлы-вирустық ауру мен өкпесі қабынған науқастарды ауруханаға жатқызу жөніндегі шешімі баяу жарылатын минамен парапар еді, оны денсаулық сақтау басқармасына бірнеше мәрте айттық. Бірақ біздің талапты тыңдамады. Сөйтіп, аурухана әкімшілігі барлық эпидемиологиялық талапты сақтап, провизор бөлімін ұйымдастыру жөнінде шешім қабылдады", - дейді ол.

Бұрынғы бас дәрігер науқастардан коронавирусқа анализ алынғанын, бірақ анализ алып тексеретін бүкіл құралдар қабылдау бөлімінде тұрғанын жеткізген. "Мұндай науқастарды тексеретін аппаратураны қоятын бөлек ғимаратты қысқа мерзім ішінде салу мүмкін емес еді, сондықтан науқастарды қабылдау бөлімінде тексердік. Бізге тәулігіне 200-300 адам келіп қаралады. Қаладағы екі аурухана жабылғанда, бізге келетін науқастардың саны еселенді. Әр науқасты бір-екі адам ертіп келеді, енді ар жағын өздеріңіз есептей беріңіздер. Вирустың жұққыш келетінін ескерсек, әр пациент өзімен бірге бұл ауруды ала келген болуы мүмкін", - дейді А.Джувашев.

Оқи отырыңыз: Біртанов: Карантинде әбден зеріккен диван сыншылар мен «сарапшылар» көп

Кеше осы ауруханадағы дәрігерлер мәселесіне араласқан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәселені "эмоциясыз және заң жүзінде" шешу үшін Алматыға өзінің орынбасары Камалжан Надыров пен министрліктің тауарлар мен қыземттің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Садуақасовты жіберген. Дегенмен денсаулық сақтау саласының шенеуніктері бас дәрігердің жұмыстан кеткеніне наразы медицина қызметкерлерінің ашуын баса алмай жатыр.

Жазылған жайдың басы: Дәрігерлер санитарды сотқа бермек 

 

МАҚАЛАНЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ!

Байланысты жаналықтар

Алматы метросының басшылығы сауда нүктесін жалға алушыларға заңсыз салық төлеткен

22.11.2024

Астана мен Алматыда бет-әлпетті танитын бейнекамералар іске қосылды

21.11.2024

Алматыны қар басты: Бір түнде 52 жол апаты тіркелді

14.11.2024

Алматыда бөгде ер адам әйелге шабуыл жасады

11.11.2024

Қазақстан хоккейден алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы

10.11.2024

Алатау және Алматы арасында аэромобиль қатынайды

09.11.2024
MalimBlocks
Алматы метросының басшылығы сауда нүктесін жалға алушыларға заңсыз салық төлеткен

Оларды қосымша келісімдер жасауға мәжбүр еткен

Астана мен Алматыда бет-әлпетті танитын бейнекамералар іске қосылды

Іздеуде жүрген адамдарды тануға, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеуге мүмкіндік береді

Алматыны қар басты: Бір түнде 52 жол апаты тіркелді

Тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге үндеу жасады

Алматыда бөгде ер адам әйелге шабуыл жасады

Ол қызды құлатып, баспалдақтан төмен қарай сыртқы есіке дейін жармасып барады

Қазақстан хоккейден алғашқы Азия чемпионатының жеңімпазы

Шешуші ойында ұлттық құрама Жапонияны ұтты

Алатау және Алматы арасында аэромобиль қатынайды

Алатау қаласын дамыту мәселесі қаралды