Брекешев киікті ойыншық көре ме? 

Қазақстанда ақылы аңшылық басталуы мүмкін

Malim Админ

  • 25.08.2022

Экология министрі Брекешев үшін киік тақырыбы күйік болып бара жатқандай. Ол басқаратын министрлік күрт көбейген дала жануарын азайтудың жолын таппай әлек.  Біресе оларды  «атуға рұқсат беріп қалармыз»  деді, күні кеше «киік атудан спорттық аңшылық ұйымдастырылуы мүмкін» деп тағы да елді дүрліктіріп қойды. Президент Тоқаевтан сөгіс алып, сөз естісе де қыңқ еткен  Брекешев жоқ. Көңілге қонымды жоспары болмаған соң   әрнені бір айтып, сасқан үйректің кебін киіп отыр. 


Иә, сонымен келесі жылы Қазақстанда ақылы аңшылық басталуы мүмкін. Министр киік атудан спорттық аңшылық ұйымдастыруды бір нұсқа ретінде қарастырады. «Біз келесі жылға спорттық-әуесқойлық аң аулау ұйымдастыруды қарастырамыз. Бұл ақылы аңшылық болады. Бұған дейін біз ақбөкеннің Қызыл кітапқа енбегенін айтқан болатынбыз. Киіктерді атуға 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін тыйым салынған. Бұл мәселелер қазір қаралып жатыр, қазан айының соңына дейін нақты бір шешімге келеміз», - деді Брекешев. Істің байыбына бармайтын шенеунік енді табиғат еркесін әуесқойлардың ермегіне айналдыруға бар. Егер рұқсат бере қалсаң төңіректі қанға бояуға дайын броконьерлер ылаңды салайын деп тұр. Адам өлімінен кейін жөнге келген киік мәселесі ретін таппаса қайта ушықпай ма?! Эколог Сәкен Ділдахмет  Брекешевтің бұл ұсынысына түбегейлі қарсы. Оның пікірінше, онсыз да күрмеуі шешілмей тұрған проблеманы ақылы аңшылықпен қоздатуға болмайды.

«Кәсіби түрде қарасақ, киік атудан спорттық аңшылық ұйымдастыру дұрыс емес. Айталық, Қазақстанда 200 мыңға жуық аңшы бар. Бірақ, олардың ішінде киіктің табиғатын білетін, нағыз аңшылары жоқтың қасы.  Жануар текесінің жас мөлшері  қанша,  кәрісі қандай болады, жасының сипаттары қандай, оны білетіндер шамалы. Байқамасақ, орасан зор шығынға ұшыратамыз. Аңшылық ставкасы аз. Өте көп атуға да  болмайды. Сондықтан, киік популяциясын кемітіп алмауды ойлаған жөн», - дейді.   

Түз тағысын атпай-ақ азайтуға бола ма? Қазіргі ең басты сұрақ осы.  Көпшілік Брекешевтің құзырына  оларды  оққа байламай, басқа өңірлерге мәжбүрлеп қоныстандыруды ұсынған еді. Өкінішке қарай, ғылыми қауымдастық бұл тәсілді құптаған жоқ.  Себебі,  мәжбүрлеп айдағанда киіктердің өлу қаупі жоғары әрі  олар тарихи мекеніне қайтып оралуы мүмкін. Сондықтан бұл ұсыныс қолдау таппады.

 

Эколог Сәкен Ділдахмет жануарды кемітуді айтпас бұрын, кешенді жұмыстар жүргізуді ұсынып отыр. Атап айтқанда, «киіктердің көшіп-қонуын, бұрынғы миграция жолдарын қалыпқа келтіру керек. Мұндай жолдар еліміздің он облысын қамтиды. Кезінде осы жануарлардың табиғи ортасы саналатын жерлер ауыл шаруашылығы және басқа да  мақсатта беріліп кеткен. Соны реттеу қажет. Киіктердің әр облыстарда еркін көшіп-қонуы үшін жағдай жасалғаны жөн. Өте үлкен тас жолдар, теміржолдар, магистральдар жайылым алқаптарға түсіп кеткен. Соларға арнайы  сараптама жасалуға тиіс».

Дала еркесінің саны еселеніп бара жатқанының бір себебі – қасқырлардың оққа ілінуі. Соның салдарынан Ақмола, Қостанай, Батыс қазақстан, Павлодар, Қарағанды аймақтарында киіктерді табиғи түрде сұрыптау жүзеге асырылмай отыр.  Мүйізді жануарды кеміту үшін алдымен бөрілерге де қарайласқан абзал.  

Министрлік, алдағы уақытта киіктерге зиянсыз зерттеу жұмыстарын жүргізуді де қарастырған. Бұл үшін 500 бас киік тірідей ұсталады.  Сараптамалық жұмыстар жүргізілген соң  жануарлар табиғатқа қайтадан жіберіледі.  Әзірше  бұл тек ұсыныс ретінде қалып тұр.

Қазақстандағы киіктердің саны дәл қазір 1 млн 318 мың шамасында. Табиғат жанашыры  Сәкен Ділдахмет дала тағысының саны 3 млн-ға жеткен кезде ғана  міндетті түрде реттеу жұмыстары жүргізілгенін жөн санайды. Атап айтқанда жайт, бұл жұмысты мемлекет өзі іске асыруы керек.

Иә, егер маңызды шешімді министрлік қабылдайтын болса ел арасы шудан арылмайтын секілді. Сондықтан, арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін жолдарын әлі де пісірген жөн. Киік санын азайту туралы түбегейлі шешім қазан айында қабылданатыны айтылды. Қалай дегенмен де, асығыстыққа жол берілмеуі қажет. 

 

Байланысты жаналықтар

Шаруалардың жерін киіктен қорғау үшін қоршау тұрғызылмақ - БҚО әкімі

12.11.2024

Маңғыстауда жағалаудан 150-ден астам итбалық өлі табылды

28.10.2024

«Қорғаста» мыңға жуық киік мүйізін өткізбек болған

26.10.2024

БҚО-да табылған киік өлекселері өңір тұрғындарын алаңдатып қойды

20.10.2024

Фототұзаққа үш барыс қатар ілікті

10.10.2024

Жолбарыстар Балқаш жағасына қайта оралды

23.09.2024
MalimBlocks
Шаруалардың жерін киіктен қорғау үшін қоршау тұрғызылмақ - БҚО әкімі

Айтуынша, шаруалардың шабындығы мен жайылым жерлерін қорғаудың басқа жолы жоқ

Маңғыстауда жағалаудан 150-ден астам итбалық өлі табылды

Көктемде осы аймақта бір айда 182 итбалық қырылған болатын

«Қорғаста» мыңға жуық киік мүйізін өткізбек болған

ҰҚК заңсыз әрекеттің жолын кесті

БҚО-да табылған киік өлекселері өңір тұрғындарын алаңдатып қойды

Бірақ мамандар ауру емес, табтиғи өлім екенін айтады

Фототұзаққа үш барыс қатар ілікті

Мамандардың айтуынша, бұл барыстардың осы жерде тұрақты мекендейтінін дәлелдейді

Жолбарыстар Балқаш жағасына қайта оралды

Екі жолбарыс "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерватына жеткізілді