Дәрігер: Індет шарықтау шегіне әлі жеткен жоқ
Медицина ғылымдарының кандидаты, балалар невропатологы, белсенді дәрігер Қайырғали Көнеев коронавирус індеті әлі шарықтау шегіне жетпеді деп есептейді.
"Қазақстанда COVID-19 індеті бұрынғы денсаулық сақтау министрі кезінде-ақ бақылаудан шығып кеткен. Денсаулық сақтау министрлігінің қазіргі басшылығы оны тежеуге тырысып жатыр, бірақ оған уақыты да(талдап, шешім қабылдауға), ресурсы да (ауруханалар толып кеткен, дәріханаларда қарапайым парацетамол жоқ) жоқ. Халықтың шыдамы да шегіне таяды. Қазіргі министрдің індетке қатысты 3 сценарийді ұсынғаны ұнады, бұл оның мәселені стратегиялық жолмен шешуге тырысып жатқанын көрсетеді", - дейді дәрігер.
Дәрігер коронавируспен ауырып жатқандар ресми статистикадан анағұрлым көп болуы мүмкін деп болжайды. Ол долбарын бізге былай тұздықтайды:
"Біріншіден, денсаулық сақтау министрлігі осы күнге дейін симптомсыздарды ресми статистикаға қоспай келді. Бұл дұрыс емес. Өйткені ол да COVID-19 ауруының бір түрі. Екіншіден, коронавируске анықтайтын ПТР тест теріс болса да, вирусты пневмониямен ауырып жатқандар көп. Жазғы уақытта, пандемия кезіндегі бұл ауру COVID-19 емей немене? Қытай және басқа елдердің ғалымдарының айтуынша, COVID-19 кейде адам ағзасында бар болса да, тест оны көрсете бермейді. Қазақстанда тіркелген барлық вирусты пневмонияны тест анықтай алмаған COVID-19-ға жатқызуға болады. Үшіншіден, көптеген адам үйде жатып-ақ вируспен ауырды, медициналық көмек алмады, тест жоқ болған соң, коронавирустың бар-жоғына тексерілмеді. Олар үйде 1-2 апта жатып емделді. Ресми статистикаға кірмеген адам өте көп. Бәлкім, үйде жатып емделетіндер мен ПТР теріс нәтиже көрсетсе де, коронавируспен ауыратындардың бәрін қоссақ, қазір вирус анықталғандар 120-150 мыңға жетіп қалған шығар", - деп топшылайды белсенді дәрігер.
Егер елде расымен сонша адам коронавирус ауырды десек, онда халықтың ұжымдық иммунитеті қалыптасқан шығар. Ол үшін ғылыми зерттеу жүргізу керек. Халықтың белгілі бір тобын алып, олардың коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитетін анықтап, соның нәтижесіне қарап, бүкіл елдегі ұжымдық иммунитет туралы болжам жасауға болады.
"Халықтың 60-70 пайызында COVID-19-ға қарсы иммунитеті бар болуы мүмкін. Егер солай болса, коронавирус анау айтқандай қорқынышты болмай қалады. Онда халықты қатаң карантинге жабу қажет емес. Ал егер ұжымдық иммунитет деңгейі әлі төмен болса, онда "Ақылды карантинді" енгізу керек. Бұл COVID-19 анықталған науқастың қайда жүргенін анықтап, оның картасын жасап шығу және онымен байланыста болғандарды үйде оқшаулау. Жалпыұлттық деңгейде қатаң карантин енгізу нәтиже бермейді. Ол тек коронавирус инфекциясының барынша өршитін кезеңін кейінге ысырады. Өйткені инфекция халық ішінде тарап кеткен", - дейді Қ.Көнеев.
Қ.Көнеевтің айтуынша, біз инфекцияның шарықтау шегіне әлі жеткеніміз жоқ. Ол үшін Қ.Көнеев инфекцияның таралу коэффициентін есептеп шығарыпты.
"Инфекцияның таралу коэффициенті (Rt) сияқты аса маңызды көрсеткіш бар. Ол үшін соңғы төрт күнде ауру жұқтырғандардың санын одан төрт күн бұрын ауру жұқтырғандардың санына бөлу керек. Егер коэффициент 1-ді көрсетсе, онда инфекцияның таралуы шарықтау шегіне жетті, ал 1-ден асып түссе, ауру әлі таралып жатыр деген сөз.
Енді 23 маусым мен 30 маусым аралығында инфекция таралуының коэффициентін есептейік (Rt):
27 маусым – 569
28 маусым – 461
29 маусым – 492
30 маусым – 1604
____________
Барлығы - 3125
23 маусым – 499
24 маусым – 534
25 маусым – 520
26 маусым – 465
_____________
Барлығы – 2018
Осылайша, Rt = 3125 : 2018 = 1,55.
Бұл нәтиже коронавирус індетінің таралуы әлі жоғарғы шегіне жеткен жоқ, инфекция әлі таралып жатқанын көрсетеді".
Дәрігер осы орайда денсаулық сақтау жүйесі бұл мәселені шешу үшін мыналарды қолға алуы керек дейді:
- "Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Дәрі бағасын мемлекет бақылауы керек.
- Коронавирус инфекциясын анықтау мен емдеуге басқа зертханалар мен жекеменшік аурухаларды қатыстыру керек.
- Ауруханадағы орындардың тапшылығын шешу үшін қорғаныс министрлігінің әскери дала госпитальдарын пайдалануға рұқсат ету керек. Ауруханалардағы төсек орындарын пайдалану алгоритмін жасау керек. Сонымен қатар коронавирус инфекциясын үйде емдеу алгоритмін жасаған дұрыс. Әр үйде коронавирусқа қарсы дәрі-дәрмек болғаны жөн. Ол дәрі-дәрмек тізімін денсаулық сақтау министрлігі бекітуі тиіс".
Фото: Time.kz, Владимир Заикин