Қостанайда соққыға жығылған хирург комадан шықты

Қостанайда соққыға ұшырап, комаға түскен хирург есін жиды, деп хабарлайды Malim.kz 7-арнаға сілтеме жасап.
Науқас жансақтау бөлімінен неврология бөліміне ауыстырылды. Ол 19 шілдеде ауыр сүйек-ми жарақатымен Астанаға санавиация ұшағымен жеткізілген еді. Қазір оның жағдайы бастапқыдан жақсарған.
Еске салсақ, Қостанайда кезек күткісі келмеген 34 жастағы пациент дәрігер Антон Кистановқа шабуыл жасаған. Салдарынан дәрігер ауыр жарақат алып, есінен танып қалған.
Оқиға орнында ұсталған күдіктіге қатысты «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы (ҚР ҚК 106-бабы) бойынша іс қозғалды. Сот оны екі ай мерзімге тергеу изоляторына қамау туралы шешім шығарды.
Бұл оқиға қоғамда резонанс туғызды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әріптесітеріне араша түсіп, зорлық-зомбылықты тоқтатуға үндеу жасады. Ол медицина қызметкерлеріне жасалған шабуыл үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер биылғы қыркүйекте Парламентке енгізілетінін атап өтті.
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Ең көп оқылған
