EURO-2020 сенсациясы. Чехия Нидерландыны үйіне қайтарды

Чехия мен Бельгия құрамалары футболдан Еуропа чемпионатының ширек финалына жолдама алды.
Чехиялықтар Нидерландыны жеңіп, сенсация жасады. Будапешттегі ойын Чехия пайдасына 2:0 есебімен аяқталды.
68-минутта Томаш Голеш есеп ашқан, 80-минутта Патрик Шик есепті еселеді. Екінші таймның басында Нидерланды құрамасы 10 ойыншымен қалды - Маттейс де Лигт қолмен ойнағаны үшін алаңнан қуылды.
Ал кейінгі Еуропа чемпионында топ жарған Португалия құрамасы бұл жолғы турнирді 1/8 финалдан аяқтады. Роналду мен оның әріптестері Бельгиядан жеңілді.
Севильяда өткен ойын 1:0 есебімен аяқталды. Жалғыз голды 42-минутта Торган Азар соқты.
Осылайша, бельгиялықтар қазіргі Еуропа чемпионынан басым түсті.
Ширек финалында Дания мен Чехия, Бельгия мен Италия құрамалары кездеседі.

Самое читаемое
