Украина президенті Владимир Зеленский кеңсесі Александр Лукашенко қатысты қылмыстық іс қозғау мүмкіндігін қарастыру туралы өтінішті Украина Бас прокуратурасына жолдады, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
Бас прокурор кеңсесінің өкілі Марьяна Гаевская-Ковбасюктың айтуынша, өтініш қазіргі уақытта қаралып жатыр. Әзірге осы өтініш негізінде ешқандай қылмыстық іс тіркелмеген.
Reuters агенттігінің мәліметінше, Лукашенконың жақын арада Украина соты алдында жауап беру ықтималдығы төмен болғанымен, егер қылмыстық іс қозғалса, оны Киев пен Беларусь оппозициясы Батыс елдерінің Минскіге қысымын жалғастыруына дәлел ретінде пайдалана алады.
Бұл бастаманы Украина президенті кеңсесіне Беларусьтің Демократиялық күштер форумы көтерген. Оның негізін қалаушылардың бірі – Беларусь президенттігіне бұрынғы кандидат Валерий Цепкало.
Оппозиция өкілдері Киевтен Лукашенконың Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясын қолдаудағы рөліне және Беларусь аумағын Ресей әскерінің Украинаға басып кіруі үшін пайдалануға бергеніне құқықтық баға беруді сұрады.
Өтініш авторлары Лукашенкоға қатысты басқыншылық соғыс жүргізу, әскери қылмыстар, терроризмді қаржыландыру, Украинаның аумақтық тұтастығына қол сұғу, геноцид және соғысты насихаттау баптары бойынша қылмыстық іс қозғауды ұсынған. Сонымен қатар Зеленский кеңсесі бұл өтінішті Украина Бас прокурорына жолдағаны айтылды.