Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Марқакөл ауданына жұмыс сапары барысында «ГРК MLD» ЖШС өндірістік алаңында болып, жұмыс барысымен танысты.

Кәсіпорын өңірдегі тау-кен металлургия саласының маңызды өндіріс орындарының бірі саналады. Негізгі бағыты – мыс кенін өндіру және байыту. Бүгінде серіктестікте 400 адам еңбек етеді. Оның 350-і вахталық әдіспен жұмыс істейді. Орташа айлық жалақы - 300 мың теңге.
«ГРК MLD» кәсіпорны мыс концентратын өндіреді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 360 мың тоннаға жетсе, 2026 жылдың бірінші тоқсанында 93 мың тонна өнім өндірілген. Өнім Қазақстан Республикасының ішкі нарығына жеткізіледі.

Аймақ басшысы өндірістік процестерді көріп, кәсіпорынның еңбек қауіпсіздігі, өндірісті дамытудағы алдағы жоспарларымен танысты.
Қазіргі уақытта кәсіпорын катодты мыс өндіретін зауытты селективті экстракция және электролиз (SX-EW) әдісімен кеңейту, үйінділі шаймалау учаскесін салу жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Осы жобаны жүзеге асыру үшін қажетті құжаттар әзірленуде.
Айта кетейік, өнеркәсіп өндірісін дамыту, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру және тұрақты жұмыс орындарын ашу облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.