"Інім маған бүйрегі мен ұйқы безін беріп, өлімнен құтқарды"

Мәйіттік донор талай жанды ажалдан аман алып қала алады

Айшолпан КЕРІМ

  • 22.10.2021

Адамның ішкі ағзалары сыр берген жағдайда мәселені шешу қазір оп-оңай: өзгенің мүшесін орната салуға болады. Тек бірден емес, кейбірі сәйкес келетін мүшені жылдап күтеді, кейбірі күтіп жүріп,  шамасы жетпей үзіліп те кетеді. Ал ақауы бар жүрек, бүйрек, немесе өксіртіп тұратын өкпемен өмір сүру – тек дәрі ішсең тірі сақтайтын тозақпен тең.  Malim.kz тілшісі тілдесіп көрген Гүлбанудың өзі осылай дейді.  Ағзасын ауыстырып, ауыр отаны бастан кешірген адаммен  сөйлесіп, өзгенің дене мүшесі орнатылғалы өмірі қалай өзгергенін сұрап көрдік. Мүшесін ауыстыруға зар барлық науқастың айтары бір: қаза тапқан адамның мүшелерін науқасқа беруден қорықпау керек, мәйіттік донорға үрке қараудың қажеті жоқ.

Гүлбану Қожанбердиева

35 жаста, бүйрек трансплантациясы

Ағзасындағы қандай да бір органды ауыстырған адамдарға өз донорының  кім екенін білуге болмайды. Алайда Гүлбанудың жағдайы басқаша: оның доноры – туған бауыры. Сол себептен де осы бір ота олардың ата-анасы үшін ауыр күйзеліс болды. Себебі бір сәтте қос перзентінен айырылып қалуы мүмкін еді.

Операция 2012 жылы, 12 қыркүйекте өтті. Донорды көп күткен жоқпын. Туған інім тек бүйрек емес, ұйқы безін де бөлісті. Қант диабеті салдарынан денсаулығым қатты нашарлап кеткен еді: көру қабілетім төмендеп, екі бүйрегім де жұмыс істемей қалды. Кейін біздің мамандар корей еліндегі әріптестерімен ақылдасып, ұйқы безін де алмастыру керек деген шешімге келді. Бұл жай емес, аса күрделі ота болғанын дәрігерлер де растап отыр. Ота сәтті өткеннің өзінде, ертесіне ағзам өзге мүшені бөтенсініп, қабылдамай, қайта пышақ астына түстім.

Кейіпкеріміз елдегі ағза трансплантациясы, донорлық мәселесінің маңызын жете түсінетіндіктен, өмірінің осы бір қиын кезеңін еске алып, баяндап беруден жалықпайды.

15-16 жасымда денсаулық сыр бере бастады, бірақ ауруханаға жатарлық бір жағдай болмады. Уақыт өте аяғым ісіне бастады, бірақ зерттеу нәтижелері бүйрек нашар істеп тұр дегенді көрсетпеді. Ол күндері жұмыс істейтіндіктен, жай шаршау әсері болар деп жүре бердім. Бірақ уақыт өткен сайын ісінулер арта түсті, қан қысымым көтеріліп, бүйрек көрсеткіштері де өсіп кетті. Профессор-дәрігерге қаралып, артынша ол алдағы екі-үш жыл ішінде өмір сапасын жақсарту үшін гемодиализге баруым керек екенін айтты. Бір жыл бойы гемодиализге бардым, бірақ қан-қысымым өзгермеді: 180-200 күйінде қалды. Көзім нашарлай түсті, үш-төрт айдың ішінде білікті мамандар ағзаны ауыстыру керек деген шешімге келді.

Гүлбану бүйрегін ауыстырған 2012 жылдары мәйіттік донор мәселесі көтеріле бермейтін. Заң жүзінде мұндай жағдайда науқастың тек жақын туыстары көмектесуге рұқсат етілген еді.

Отбасым, жақындарым түгел сәйкестікке сынама тапсырып, туған інімнің сәйкестік көрсеткіші жоғары шықты. Операция Алматы қаласындағы 7 ауруханада жасалды.

Көрнекі фото - Malim

Негізі ДенСауМин мәйіттік донорлықты заң жүзінде мақұлдап қойған. Алайда біздің қоғам әлі күнге осы үрдіске үрке қарайды, маңызын түсінбейді. Адам өліп қалған соң, ағзасын алуға көп жағдайда сол туыстары рұқсат бермей жатады. Бұл, әрине, күрделі сұрақ. Шет мемлекеттер бұл тәжірбиені 10 жылдан аса қолданып келеді. бізде бұл әдістің дамымай жатқанына ішім күйеді. Әрине, басқа түспей түсінбейсің ғой.

Бірақ елімізде донорлық мәселесінің халі белгілі: жақынының жанын құтқарамын деп қаншама адам бүйрегінен,  жүрегінен бас тартып қоймай, арман-мақсатынан қол үзуде. Біреу әскери адам, ұшқыш болғысы келсе, пышақ астына түсетіндіктен, қалауынан кері шегінуі керек болады. Тірі жандардың тауы шағылмас үшін, ешкімге залал келмес үшін мәйіттік донор мәселесін кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілсе екен дейсің.

Операция кезеңі түгел отбасы үшін үлкен күйзеліс болды. Артымда ата-анам, жолдасым, кішкентай қызым. «Бауырым келіскен күннің өзінде, мен оның өмірі үшін жауапкершілікті өз мойныма ала аламын ба?» деген уайым болды.

Тіпті гемодиализдің өзіне ұзақ ойланып, әрең келіскен едім. Ата-анамнан ұзақ уақыт бойы гемодиализге мәжбүрлемеуін, ол бір өлімге апарар жол екенін айтып, өз өліміммен кетуге рұқсат етуін сұраумен болдым. Себебі сол күндері гемодиализ мен үшін тозақпен тең көрінетін, сынама тапсырып жүргенде диализдегі  көздерінде от, денесінде жан жоқтай құр сұлбасын сүйреп жүрген адамдарды көріп жүрегім ауыратын. Өзім де сол адамдардың қатарына қосылудан қорықтым.

Артынша ағзаны ауыстыруға болады деген соң, диализдің уақытша екеніне сендім, ол кезеңнен сәтті өттім. Бауырымды пышақтың астына салу аса ауыр болды. Жап-жас, әлі үйленбеген, жарқырап тұрған кезі ғой. Достарым, жақындарым жігер беріп, қолдаған соң ғана келістім. Ата-анамнан сұрасам, «Біз екі оттың арасында тұрмыз, екі бауыр өздерің шешіңдер, аман болыңдар» деді.

Дәрігерлерге алғысым шексіз. «Қорықпаңыздар, біз бір адамды аман алып қалу үшін екіншісін өлтірмейміз ғой. Екі өмірге де қауіп төніп тұрмаған соң, осы жолды ұсынып отырмыз» деген сөзі сол кезде жүрегімді жылытқан еді. Операция сәтті өтті.

Ең үлкен қуанышым – сол кезде көзі жәудіреп, не болып жатқанын түсінбей жүрген бес жасар қызым жетім қалған жоқ, қазір көз алдымда құлпырып өсіп келеді.

Операциядан кейінгі кезең

Қазір карантин, оқшаулану дегенге үйреніп кеттік қой. Ал ол жылдары бұл нәрсе біртүрлі ерсі көрінетін, алты ай қоғамнан бөлектену, күтіну дегенді қабылдау да қиындау болды. Бірақ диета тұрғысынан қиналмадым, ал күніне екі-үш рет дәрі ішу деген ойыншық сияқты болды. Себебі бұған дейін де диабетім бар еді. Ағза ауыстырғанның көбі сол дәрі ішетінін айтып шағымданады. Бірақ менің операцияға дейінгі өмірім қандай еді? Уайымға, күйзеліс пен көз жасына, күдік пен белгісіздікке толы еді. Ота аяқталды, басым аман, бауырым сау, жақындарым жанымда. Мұның қасында күніне үш рет дәрі ішу деген түк емес қой.

Бүйрегін алмастырған көп адам кейіннен іші үлкейіп кеткенін айтып, сол аймақты қолмен ұстаса бөтен ағза екені сезіліп тұратынын айтады. Әрине, көпшілік ортада біреу тиіп кетпес пе екен, ұрып алып, бүйрегімді жарып жібермес пе екенмін деп үнемі қорқып жүресің. Өз бүйрегімен жүрген адамды артқы тұстан омыртқа сүйегі қорғап қалады, ал алмастырылған мүше қайтадан тура бұрынғы бүйрек орнына емес, бұлшық ет тұсына салынатындықтан, мұндай қорқыныш орынды.

Қорқыныш пен сақтану шаралары

Рас, бар қауіп сейілді дей алмайсың. Қуанышыңмен қорқыныш, үрей қатар жүреді. Кей пациенттердің бүйректері істен шығып жататынын естіп, қорқыныш арта түседі. Кей әйел адамдар жоспарсыз жүктілік әсерінен осындай жағдайға тап болып жатады. Өкініштісі сол, осы типтес операциядан соң бес жыл бойы бала көтеруге болмайды. Бұдан өзге де бөтен ағза қарсылық көрсететін жағдай көп: ағза бөтендігі білінбес үшін үнемі дәрі ішіп, күтініп, салауатты өмір салтын ұстану керек. Асқазанға артық салмақ салуға болмайды.

Дәрі-дәрмек

Трансплантациядан кейінгі өмірге қажетті барлық дәрі-дәрмекті мемлекет бізге тегін ұсынып отыр. Операциядан шыққан соң алты ай бойы ішетін вирусқа қарсы «Вальцид» препаратын қазір басқа дәрімен алмастырды. Өкінішке қарай, жаңа дәрі көп адамда кері әсерін беріп жатыр. Жағдайы жеткендер шетелден алдырып жүр. Бірақ басқаларымыз сол бұрынғы дәріні қайта тізімге енгізсе дейміз. Қалтасы көтергендер елден де тауып сатып алып жүр, бірақ бағасы тым қымбат, бірнеше жыл бұрын дәріханадан 450 мың теңге тұратынын көрген едім.

Қоғам ағзасын ауыстырған адамға кемсіте қарайды

Осы себептен де ағзасын ауыстырған көп адам бұл кезеңді ұмытуға, қоғамнан жасыруға тырысады. Адамдар ағзасын алмастырған адамды кеміс көреді. Көп жұмыс беруші қызметкерлерінің қандай бір мүгедектігі бар екенін білген сәтте жұмыстан шығарып жіберуге асығып, себепсіз қысқартуға жібереді. Құзыретті органдардың көмегіне жүгініп жүріп, қызметте қалатындар да бар, бірақ аз. Өз басым көру қабілетімнің нашарлығына байланысты жұмыссызбын, үй шаруасындамын.

Гүлбану бүгінде туған күнін екі рет тойлайды. Ана құрсағын жарып шыққан күні бір, ота төсегінен аман шыққан күні тағы бір тойлайды. Тоғыз жыл бұрын намазға жығылған Гүлбанудың операциядан шыққалы бері Жаратқаннан тілейтін жалғыз тілегі - сәби сүю.

Операция аяқталып, ес жиған сәтім әлі есімде. Аман қалып, емі жоқ дерттен айыққаным үшін шүкіршілік етіп, намазға жығылдым. Ендігі бар арманым – сәбилі болсам, іңгәләган дауысты қайта естісем деймін.

Жүрек түкпіріндегі жеке қалауымен қатар кейіпкеріміз қант диабетінен қиналып жүргендер мен ағзасын алмастыру үшін кезегін күтіп жүрген көп науқастың атынан өтінішін жеткізуімізді өтінді.

Қазақстандағы қант диабетіне шалдыққан барша адамдар атынан арман-тілегіміз бар: бүйрегімен қатар осы азаматтардың ұйқы безіне де ауыстыруды арнайы реестрге қосса екен. Мен отадан шыққан соң, «Рас па? Қант диабетінен шынымен құтылу мүмкін бе?» деп қоңырау шалғандар өте көп. Он бес жылдан аса уақыт диабетпен өмір сүрген азамат қанша жерден кеселіне көндіксе де, кейін бүйректен айырылып, аяғы істен шығып, көзі көрмей қалу сынды түрлі қосымша дерттен қашып құтыла алмайды. Осының алдын алу үшін ұйқы безін алмастыру мәселесін де заңдастырса екен дейміз. Оның үстіне мәйіттік донор мәселесі шариғат бойынша да ештеңеге қайшы емес екенін имамдар да растап отыр. өлімге душар болған бір адам жеті адамды құтқарып қала алады, осы мәселе шешімін тапса екен дейміз. Бір-бірімізге мейірімді болсақ, бірімізді біріміз түсінуге тырыссақ деймін.

Қазақстандықтар электронды үкімет сайтында мәйіттік доноға өз атынан келісім беріп немесе қарсылық білдіре алады. 2020 жылдың шілдесінде ДенСауМин ұсынған дерекке сәйкес, денсаулық кодексі іске қосылғалы мәйіттік донорға қатысты 300 адам қарсылық хатын толтырса, тек 6 адам рұқсат берген. Ал, ағзасын алмастыруға мұқтаж адамдар тізімі күн санап артып келеді: үш жыл бұрын жасалған тізімге сәйкес, бүйрек күтіп отырғандар саны – 2958, бауыр – 136 және 146 науқас жүрек алмастыратын сәтін күтіп отыр. 2020 жылдың алғашқы алты айында донор табылмастан 238 адам қайтыс болған.

Байланысты жаналықтар

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

06.09.2024

Эколог Лаура Мәлікова: АЭС-ті экологиялық энергия көзі деп бағалауға болмайды

31.07.2024

Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

25.07.2024

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

22.07.2024

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

30.06.2024

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

28.06.2024
MalimBlocks
Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

Қазақ тілінің корпус қорын арттыру, ішкі функцияларын жетілдіру ғылыми тұрғыдан да, тіл болашағы тұрғысынан да өте маңызды әрі өзекті.

Эколог Лаура Мәлікова: АЭС-ті экологиялық энергия көзі деп бағалауға болмайды

Атом электр стансасы салынар болса, Қазақстанда тағы бір «Қошқар ата» полигоны пайда болуы мүмкін.

Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

Қазір ақпараттық, ментальды, гибрид, когнитивті соғыс тәрізді көптеген  ұғым пайда болды.

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

Министрлік ол  шешімнің күшін  жойып, мектепке құжат қабылдайтын уақытты 1-қыркүйекке дейін созды

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

«Жас бүркіт» деп аталатын 7 спорттық әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

Тәңіріміз сыйлаған құтымыздың Иесі болуымыз керек!