"Коронавирустан қайтқандардың санын жасанды түрде көбейтіп отыр ма?"
Бүгін Facebook әлеуметтік желісінің қолданушысы Ляззат Дүйсембекова бауыр циррозымен ауыратын ағасынжедел жәрдеммен әкеткен соң, коронавирус анықталғанын жазды. Жазба әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Ляззат Дүйсембекова ол жазбасында былай дейді:
"Ағамыз науқастанып, оңала алмай жүргеніне жарты жылға жуықтаған. Диагнозы да жақсы емес. Бауыр циррозы. Бірнеше күн бұрын қан қысымы төмендеген соң баласы жедел жәрдем шақыртқан екен. Сонымен бәрі бітті. "Науқасының жағдайын өзіміз білеміз, ауруханада жатпай-ақ қойсын" - дегенімізге дәрігерлер көнбей қойды.
Әншейінде "Біреулер ауруханаға жата алмай жүр екен немесе нашар, алып кетіңдер депті" - дегенді еститін едік. Жоқ жабысып айырылмады. Ағамыздың халін, диагнозын көріп қуанып кеткен болуы керек: "Короновирусқа бір клиент табылды" - деп. Қолды-аяққа тұрғызбай, ана ауруханаға бір апарып, мына ауруханаға бір апарып, ақыры короновирус қылып шығарды. Содан бауырымызды көрмедік. Бертінге дейін шамалап тамақ ішіп, кіріп-шығып жүрген, көңіл-күйі де жаман емес еді, "Екі аптасы өтсе, шығарады ғой" - деп үміттеніп жүргеміз, кеше таңда бақилық болғанын есіттік.
Мәйіт берілмейді, сағат сегіз жарымда Қалқаманның мәйітханасынан полигонға алып кетеді, неше метр жерде тұрып қоштасуға екі адамға ғана рұхсат дегенді естіп, жан ұшырып молда тауып, Қалқаманға жеттік. Сол жерде жаназасы шығарылды. Жәшікке салып, жәшіктің бетін шегелеп тастаған екен, жүзін де көре алмадық. Мәйітті арнайы машинаға салды, бізге бір машинамен арттарынан жүріп отырып баруға рұхсат етті. Қабірді қазып дайындап қойған екен. Ақым жоқ, шамамен 1,5 метр тереңдікте қазылыпты.
Табыт қабірге түсірілген соң үстіне екі мешок хлор төкті.
Біріміз үшін әке, біріміз үшін бауыр болған адам қазіргі өкімет үшін статистикалық көрсеткіш, бір сан, нөмір ғана болды".
Біз осы мәселені зерттеп, ресми органдардан мән-жайды анықтауға тырыстық. Бүгін онлайн брифинг өткізген қаланың бас санитары Жандарбек Бекшиннің айтуынша, Алматыда коронавирустан қайтыс болған сегіз адамның басқа созылмалы аурулары болған. "Олар негізінен коронавирус инфекциясынан емес, басқа созылмалы ауруға коронавирус қосылған соң қайтыс болды", - деді Алматының бас санитары Жандарбек Бекшин бүгін өткен онлайн брифингіде.
Алматыда 793 адам коронавирус жұқтырған. Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы төрағасының орынбасары Әсел Бейсембаеваның айтуынша, вирустан қайтыс болған сегіз адамның төртеуі – әйел, қалған төртеуі – ер адам. Індеттен көз жұмғандардың ең жасы 56 жаста болса, ең үлкені 89 жаста. "Қайтыс болғандардың қант диабеті, жүрек ишемиясы, бауыр циррозы, семіздік, жоғары қан қысымы тәрізді созылмалы аурулары болған. Өлім себептерін құрылған арнайы комиссия зерттеп жатыр. Бірақ елу пайыз жағдайда созылмалы ауру олардың халін нашарлатып жіберген", - деді Ә.Бейсембаева.
Әлеуметтік желіде созылмалы ауруға шалдыққан науқастар қайтыс болған соң, олардан коронавирус анықталып жатқаны жөнінде хабарлар тарап жатыр. Жандарбек Бекшиннің айтуынша, адамнан қайтыс болған соң коронавирус анықталса, ол бәрібір коронавирустан қаза тапқандарға бөлінген арнайы полигонда, алгоритм бойынша жерленеді. "Санитарлық ереже бойынша, қайтыс болған адамнан коронавирус анықталса, олардың денесі ашылмайды. Марқұмдарды коронавирус жұқтырғандықтан, ереже бойынша, арнайы бөлінген жерге жерленеді. Барлық сақтық шаралары қолға алынады. Марқұмды ақтық сапарға шығарып салушылар мен медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі сақталады. Адам соматикалық себептен немесе жарақаттан қайтыс болса да, одан вирус анықталса, жерлеу кезінде қауіпсіздік шаралары сақталады", – деді Бекшин.
Ал жалпы, бұрыннан тіркеуде тұрған диспансерлік науқастардан коронавирусқа тест алынады. "Циррозға шалдыққандарға келсек, бұл ауыр дерт, оны коронавирус инфекциясы асқындырып жіберуі мүмкін. Сондықтан бұл іс-шараның барлығы коронавирусты ерте анықтап, оның тежеуге бағытталған", - делінген қоғамдық денсаулық басқарамасының жауабында.
Ал коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге келсек, Ж,Бекшин басқаратын ведомствоның айтуынша, қабірге екі қап хлор төгудің қажеті жоқ. "COVID-19-дан қайтыс болған адамдарды жерлеу алгоритмін бекіткен бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша, табытсыз жерленетін болса мәйітті прозектурада жуады. Мәйітті жуатын үш адам қорғаыс құралдарын киіп, мәйітті дезинфекциялық ерітіндімен жуып, матаға орайды ("саван", кебін), ол өз кезегінде бактерицидті дезинфекциялық ерітіндімен ылғалдандырылады. Сосын мәйіт полиэтилен пленкасымен, артынша қалың матамен оралады. Жерлеу кезінде саванды ашуға тыйым салынады", - делінген жауапта.