Макс Боқаев жолы: Алаңнан - түрмеге, түрмеден - алаңға
Бүгін ақпанның 4-і күні жер дауында 5 жылға сотталған саяси белсенді Макс Боқаев бостандыққа шықты. 2016 жылы жер митингісінде аты елге кеңінен тараған Макс Боқаев кім еді? Оның осыған дейін жүріп өткен саяси жолы қандай? Қысқаша шолу жасап, назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
ЖАҢАӨЗЕН ОҚИҒАСЫ
Макс Боқаев 2016 жылы болған жер митингісіне дейін Атырау қаласында «Арлан» үкіметтік емес ұйымын басқарды. Құқық қорғаушылар және азаматтық белсенділерді қорғау коалициясы мен «Жаңаөзен – 2011» халықаралық комитетінің мүшесі болды. 2010 жылы «Ембімұнайгаз компаниясы жұмысшыларының ереуілін ұйымдастырды» деген айыппен 7 күнге әкімшілік қамауға алынды. 2011-2012 жылдары «Жаңаөзен-2011» халықаралық комитетінің мүшесі ретінде Жаңаөзен оқиғасын зерттеуге және сот тексерулеріне тәуелсіз бақылаушы ретінде қатысты. 2011 жылы Атырау қалалық мәсихатының депутаттығына үміткер болды. Бірақ сайлау барысында оның кандидатурасы тіркеуден алынып тасталды.
ДИССИДЕНТТІ ҚОЛДАУ
2015 жылдың басында өзге де азаматтық белсенділермен бірге Атырау облысында алғаш рет Шаңғырақ ісі бойынша 18 жылға сотталған диссидент Арон Атабекті қолдап митинг өткізді. Дәл осы жылдың қыркүйегінде улы қалдықтарды өңдейтін зауыттың құрылысына, коммуналдық қызмет тарифінің өсуіне және қоршаған ортаның ластануына қарсы митингке қатысты. 2016 жылдың ақпанында ол №3 сайлау округі бойынша Атырау қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер болды, бірақ сайлау алдында оның кандидатурасы саяси себептермен қабылданбады.
ЖЕР МИТИНГІСІ
Макс Боқаев 2016 жылдың 24 сәуірінде Атырау қаласындағы Исатай мен Махамбет алаңында болған жер митингісіне қатысты (дәл осы митингте сол кездегі Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев алаңға жиналған халыққа ереуілге шыққан азаматтар қудаланбайды, қысымға ұшырамайды деп уәде берген). 12 мамыр күні Боқаев жер комиссиясының құрамына кіргізілді. Бірақ ол «комиссия халықпен диалогтың имитациясы» екенін айтып, «комиссия мүшелерін билік органдары тағайындамауы тиіс, жер митингісіне қатысқан белсенділерді қудалау тоқтатылсын» деп мәлімдеп, комиссия құрамынан шықты. Осыдан кейін мамырдың 17-і күні ол «рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырды» деген айыппен 15 тәулікке қамалды. Кейіннен сот шешімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Республика бойынша өткен жер митингісінен кейін, сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев Жер Кодексінің дау тудырған бірқатар нормаларына мораторий жариялады.
ТҮРМЕДЕГІ ҚАРСЫЛЫҚ
2017 жылдың маусымында Макс Боқаев Петропавл түрмесінде аштық жариялады. Ол өзін тұрғылықты жері Атырау облысындағы түзету мекемесіне емес, Петропавл қаласындағы түрмеге ауыстырған билік органдарының әрекетіне наразылық білдірді. Боқаев шартты түрде мерзімінен бұрын босату өтініш беруден бас тартты. Өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Оның саяси астары бар екенін айтты.
АҚШ-тың назарын аудартқан тұтқын
Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Макс Боқаевты «ар-ождан тұтқыны» деп таныды. Қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушылар Макс Боқаевты саяси тұтқындар қатарына қосып, биліктен бірнеше мәрте оны босатуды сұрады. Ал АҚШ конгресінің 12 сенаторы 2020 жылдың басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, "сөз еркіндігі мен жиналу еркіндігі құқығын пайдаланғаны үшін" сотталған белсенділер мен адам құқығын қорғаушыларды дереу түрмеден босатуды сұрады. Сенаторлар хатында азаматтық белсенділер Макс Боқаевты атап көрсетті.
«ТҮРМЕДЕН ШЫҒЫП АЛАҢҒА БАРАМЫН»
2019 жылдың мамыр айында Макс Боқаев абақтыда отырып экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мерзімінен бұрын қызметінен кетуіне байланысты мәлімдеме жасады. Онда ол «Назарбаев президенттіктен кеткенімен, биліктен кетпейтінін» айтты. 2020 жылдың желтоқсанында «Азаттық» радиосына берген сұхбатында «түрмеден босаған күні бірден Исатай-Махамбет алаңына баратынын, сол жерде парламент сайлауының әділ өтпегені туралы өз ойын айтатынын» мәлімдеді.
Макс Боқаевтың «Қазіргі жағдайда түрмеде отыру өкінішті де, ұят та емес» деген сөзі өз болмысын ашып тұрғандай. Сондай-ақ ол бір сөзінде Қазақстан қоғамы мен түрменің еш айырмасы жоқ, екеуінде де ой еркіндігіне шектеу бар деген болатын.
Бүгін бостандыққа шыққан Макс Боқаев түрме алдында сөйлеген сөзінде «халықтың қолдауы болмаса, мені түрмеде сындырып жіберер еді» деді.
«Егерде халықтың қолдауы болмағанда мені сындырып, жоқ қылып жіберер еді. Халықтың қолдауы болмағанда менің сүйегімді де таба алмайтын едіңіздер. Алғысымды білдірейін деп едім, рақмет халайық... Маған тыйым салса да, ары қарай қоғамдық жұмыспен айналыса беремін», - деді Макс Боқаев.