Қуғын-сүргін құрбандарына 1,3 млрд өтемақы беріледі
2003 жылдан бастап біржолғы ақшалай өтемақы төленеді
Елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарына 1,3 миллиард теңгеден аса өтемақы беріледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство дерегінше, 2003 жылдан бастап Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына біржолғы ақшалай өтемақы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы ретінде 16,1 миллиард теңге төленді. Биыл бұл мақсатқа 1,3 миллиард теңгеден аса қаржы қарастырылып отыр.
1921-1954 жылдар аралығындағы кезеңде "халық жауларын" анықтау саясаты салдарынан Қазақстанда 100 мың адам сотталған, оның 25 мыңы ең жоғары жазалау шарасы - ату жазасына кесілген.
Миллиондаған қазақстандық 1932-33 жылдары ашаршылық құрбаны болған. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан лагерьлеріне 5 миллионнан аса адам жер аударылған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қуғын-сүргін құрбандарына және саяси нәубеттен жапа шеккен азаматтарға 2003 жылдан бастап біржолғы ақшалай өтемақы төленеді.
2003-2021 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 2,9 миллиард теңге сомасында біржолғы ақшалай өтемақы төленді. Өтемақы мөлшері 2 385 теңге мен 318 000 теңге аралығында. 2022 жылы республикалық бюджеттен осы мақсаттарға 2,1 миллион теңге қарастырылған.