Солтүстіктің браконьерлері тыным таппай тұр
Күні кеше Солтүстік Қазақстан облысының тәртіп сақшылары 4,5 тонна артемия салина шаянын заңсыз аулаған Тайынша ауданының тұрғынын ұстады. Бұл өте қымбат, аса бағалы жәндік. Бір келісі 2 доллардан 12 долларға дейін бағаланады.
Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тайынша ауданының полицейлері және Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері бірлесе рейд өткізген болатын. Іс-шара барысында тәртіп сақшылары «ЗиЛ» жүк көлігін тоқтатты. Көліктен салмағы 4,5 тонна артемия салина шаяны салынған 105 қап табылды. 1987 жылы туған жергілікті тұрғын көліктегі жүкке қатысты құжаттарды көрсете алмады.
Аталған факті «Ұрлық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктіге қатысты келуге міндеттеу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Жүк көлігі арнайы тұраққа қойылды. Шығын сомасы әзірге белгісіз. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтауға қатысты жұмысты бастап кетті.
«Артемия салина шаяны фармакологияда қолданылатын құнды шикізат. Ол «қара базарда» сұранысқа ие және қымбат тұрады. Сонысымен де көпшіліктің қызығушылығын тудырады. Алайда шаян тәрізді жәндіктері бар көлдер жалға алынған. Артемия салинаны ұрлау фактілері бұрын да тіркелген. Бұл жағдай жыл басынан бері Тайынша ауданында шаян тәрізділерді тәркілеудің ең ірі көлемі болып отыр», - дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлыжан Ақтанов.
Солтүстік Қазақстан облысы аумағындағы браконьерлер тыным таппай отыр. Біздің жеріміздің табиғаты өте бай. Соған сәйкес жан-жануарлар дүниесі де сан алуан. «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде браконьерлер елік атып ұсталған. Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Айыртау ауданының табиғатты қорғау полицейлері мен қорықшылар кезекті рейд барысында «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында заңсыз аң атты деген күдікпен 5 адамды ұстады. Полицейлерге Галицыно елдімекенінің тұрғыны хабарласып, орман жақтан мылтық даусын естігенін хабарлаған. Рейдте жүрген мамандар ақпаратты тексермек болады. Галицыно елдімекенің маңында оларға «Лада Гранта» және «ВАЗ 21114» автокөліктері қарсы шыққан. Бірінші көлікте 29 бен 35 жас аралығындағы 4 жергілікті тұрғын болған. Ал екінші көліктің 26 жастағы жүргізушісі полицейлер тоқтатқан кезде көлікті тастай қашыпты. Алайда ол да алысқа ұзамай ұсталды.
Тексеру барысында «ВАЗ 21114» автокөлігінен үш сібір елігінің еті, 1991 жылы туған ауыл тұрғынының 12 калибрлі «ТОЗ-34» мылтығы және кастетке ұқсас бұйым табылды. Ұсталғандардың айтуынша, тағы екінші мылтық болған. Оны оқиға орнынан қашқан жігіт қолданған екен. Әзірге қару табылған жоқ. Бұл дерек Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне «Заңсыз аңшылық» бабы бойынша енгізілді.
«Заңсыз аң аулау дерегі өңірде жүріп жатқан «Браконьер» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында анықталды. Қазір табиғатқа келтірілген шығын мөлшері анықталып жатыр. Жеңіл көліктер арнайы тұраққа қойылып, күдіктілерге қатысты келуге міндеттеу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», - дейді Айыртау аудандық полиция бөлімінің бастығы Марат Серкешев.
Облыста өткізіліп жатқан «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 23 мобильді топ құрылған. Тәртіп сақшыларына аңшылық шаруашылықтардың қорықшылары да көп көмек көрсетеді. Жалпы «Браконьер» іс-шарасы басталғалы облыста табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 246 дерегі тіркелген. Негізінен аң аулау ережелерін бұзуға қатысты, яғни 208 жағдай анықталған. Заңсыз атылған 5 аңның еті, 8 қару тәркіленді. Экологиялық қылмыстар бойынша 9 қылмыстық іс қозғалған.
Қазір қыс мерзімі жақындап келеді. Бұл браконьерлердің құтыратын уақыты. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысы сияқты аң-құсқа бай өңірлерде қылмыс күшейе түседі. Бұл табиғатты қорғайтын сақшылардың жұмысына да ауыртпалық тудырады.