Тойхана иелері: Табыстан айырылдық, жабылуға мәжбүрміз

Malim Админ

  • 19.01.2021

Елдегі шағын және орта кәсіп пандемиядан зардап шегіп, шығынға батты. Қатаң локдауннан кейін аяғынан тік тұра алмай қалған кей бизнес өкілдері кәсібін сатуға немесе жабылуға мәжбүр.

Бизнесін сатуға мәжбүр кәсіпкердің хикаясы

Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданы Алтай қаласында небәрі 37 мың адам тұрады. Шағын қалада карантинде түгіл, былайғы кезде кәсіпті дөңгелетіп әкету қиын. Бірақ 33 жастағы Әсем Сахариева тәуекелге барып, несие алып, 2019 жылдың 31 желтоқсанында кафе сатып алды. Үлкен банкет залы, караоке, түрлі тақырыптарда өтетін би кештері мен мәзірдегі дәмді тамақ кафені алтайлықтарға лезде танымал етті. Бірақ пандемия кесірінен клиенттері 80 пайызға қысқарған кафені Әсем Сахариева сатып жіберуге мәжбүр.

[caption id="attachment_11645" align="alignleft" width="215"] Әсем Сахариева[/caption]

"Пандемияға дейін айына 4-5 миллион теңге табыс табатын едік. Айына 2-3 миллионды әрең тауып жүрдік. Мемлекеттік бағдарламамен несие алып, кафені сатып алған едім. Ай сайын банкке 600 мың теңге төлеуім керек. Оған қосымша қызметкерлердің айлығы тағы бар", - дейді Әсем Сахариева.

Ірі қалалардағы кәсіпкерлер бизнесін дағдарыстан құтқару үшін әлдеқашан әлеуметтік желілерді пайдалануға көшкен. Бірақ жұрт кафе жайлы бірінен бірі естіп ағылатын Алтай сияқты шағын қалаларда кәсіпкерлер әлемжеліні көп пайдалана бермейді. Дегенмен Әсем Сахариева клиенттерді Instagram арқылы тартуға бел буған.

"Instagram-да парақша ашып, түрлі конкурстар, байқаулар өткіздім. Бұрыннан келіп жүрген клиенттер қолдап, репост, лайк басып жүрді", - дейді Ә.Сахариева.

Бірақ клиенттердің 80 пайызынан айырылған кафені ары қарай ұстап тұру қиынға соқты. "Бұрыннан келіп жүрген клиенттер ғана қалды. Түрлі акциялар өткізсек те, кез келген адам сағат кешкі 6-дан кешкі 10-ға дейін бар-жоғы төрт сағат отыру үшін келе бермейді ғой. Бұрын 50 адам келсе, бертінде бір мезгілде 30 адамның отыруына рұқсат етілді, оның өзінде 5-6 адам ғана келеді", - дейді кафенің иесі.

Үкімет шағын және орта кәсіпке қолдау көрсетеміз деп уәде еткенімен, Әсем Сахариева бұл көмекті көрмегенін айтады. Үкімет кәсіпкерлерді әлеуметтік салық пен қосымша құн салығын төлеуден босатып, банктерден несие төлеуді кейінге шегеруді сұрады. Бірақ оның өзі кәсіпкерлерге жұғын болмапты.

"Президент шағын және орта бизнес қиындыққа тап болды деді, алайда іс жүзінде өзім ешқандай қолдауды сезбедім. Коммуналды төлемдерді тоқтатқан жоқ, несиені төлеуді кейінге шегерді. Бірақ олар несиені кешірген жоқ қой. Сол несие бәрібір мойнымда. Сөйтіп, бұрын айына 500 мың төлесем, енді 600 мың теңге кредит төлеймін, оның үстіне несие мерзімі бірнеше айға ұзартылды", - дейді ол.

Тығырыққа тірелген Әсем Сахариева жыл басында кафесін басқа бизнесменге өткізіп, "Элита" кафесінің атқарушы директоры қызметінен кетті.

"Табысымыз 80 пайызға төмендеді"

Қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынатын "Тайқазан" мейрамханалар желісінің басқарушы директоры Расул Шайханов дағдарыс кесірінен мейрамхана табысы 80 пайызға төмендеді дейді.

[caption id="attachment_11644" align="alignleft" width="300"] Расул Шайханов[/caption]

"Карантинге дейін күніне 1500 клиент келіп кететін, қазір небәрі 300 адамға қызмет көрсетеміз", - дейді Расул Шайханов.

Пандемия кезінде мейрамханаларға көп адамға  арналған той жасауға тыйым салынды. Бұл, әлбетте, барлық кафе-мейрамханалардың табысына үлкен соққы болды. Басқа ресторандар тәрізді "Тайқазан" да ұзақ уақыт банкет залдарын ашпады. Ақтөбе қаласында бертінде ғана ашылған банкет залында 45 адамды ғана отырғызуға рұқсат етілді.

15 жыл бойы мейрахмана бизнесінде жүрген Расул Шайханов "мұндай дағдарысты бұрын-соңды көрмедік" дейді.

Р.Шайханов пандемия кезінде санитарлық нормаларды сақтау жөніндегі талаптар да қалтаны қаққанын жеткізді. Оның айтуынша, бүкіл мейрахмана желісі санитайзер, маска сатып алуға айына 500 мың теңге жұмсайды. Келушілердің температурасын өлшейтін қосымша қызметкерлерді жалдағаны тағы бар.

Шығынға батқан шағын және орта кәсіп иелері онлайн қосымшалар арқылы аз да болса табыс табу жолдарын үйренуге көшті. Расул Шайхановтың командасы клиенттер онлайн тапсырыс беруі үшін мобильді қосымшаларды іске қосты.

Сарапшылар пандемия кесірінен елдегі 30-дан 70 пайызға дейінгі орта және шағын бизнес субъектілері жабылу алдында тұр де топшылайды. Ірі қалалар мен шағын елдімекендердегі бизнес аяғынан тік тұрып, пандемияға дейінгі күйге оралу үшін кемі бірнеше жыл керек. Бірақ оның өзі үкіметтің қолдауы, панемияның алдағы уақыттағы жай-күйі мен клиенттердің сатып алу қабілетіне байланысты болмақ.

Меруерт Қалымжанова,

Шығыс Қазақстан облысы

Алтай ауданы

Алтай қаласы.

Байланысты жаналықтар

COVID-19 вирусының неден тарағаны анықталды

20.09.2024

«Тұрмысқа шыққаныма қатты ұялдым». Тамара Асар үйлену тойы қалай өткенін еске алды

22.08.2024

Маймыл шешегі пандемия деп танылды

24.06.2022

Ұлттық Қор қаржысын есепсіз пайдалану дефолтқа алып келуі мүмкін

05.08.2021

Дәрігер: Бақсы-балгерлік бизнеске айналып кетті

11.06.2021

Пандемия кезінде мемлекеттік қызметтер қалай көрсетілді

12.03.2021
MalimBlocks
COVID-19 вирусының неден тарағаны анықталды

АҚШ, Ұлыбритания, Франция және басқа елдердің ғалымдары COVID-19 вирусының неден тарағанына қатысты зерттеу жүргізген

«Тұрмысқа шыққаныма қатты ұялдым». Тамара Асар үйлену тойы қалай өткенін еске алды

Әнші махрге көлік сұраған.

Маймыл шешегі пандемия деп танылды

Инфекцияны жұқтыру жағдайлары 58 елде анықталды

Ұлттық Қор қаржысын есепсіз пайдалану дефолтқа алып келуі мүмкін

Дәрігер: Бақсы-балгерлік бизнеске айналып кетті

Пандемияға байланысты көп сырқат түрі шетке ығысып, адамдар дертін ұмыта бастағандай. Десе де хирург-дәрігер, ұстаз Қаракөз Қариқызы Қазақстанда адамдар әлі де әлемде жоқ ойдан құрастырылған аурудың емін іздеп әлек болып жүргенін айтады. 30 жылдық тәжірбиесі бар маманмен науқастарды жиі мазалайтын сұрақтар мен «сиқырлы» ем-дом, блогерлер жиі жарнамалайтын «дәрумендер» туралы әңгімелестік.

Пандемия кезінде мемлекеттік қызметтер қалай көрсетілді