Түркістанға сайлау комиссиясының төрағасы келді

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Түркістан облысында саяси реформалар туралы мәжілістер өткізді  

  • 23.10.2023

Биылдан бастап еліміздің барлық өңірінде ауыл және аудан әкімдерінің сайлауы өте бастады. Қазіргі таңда өңірлерде аталмыш саяси науқанға дайындық жұмыстары қыза түскен. Мәселен, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров 17-20 қазан күндері Түркістан облысының аудан әкімдерін сайлауға дайындығын тексеру үшін жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. Сонымен қатар, өңіріміздегі орталық сайлау комиссиясының  хатшысы Мұхтар Ерман және Ортсайлауком аппаратының жауапты қызметкерлері келді.

Нұрлан Әбдіров Түркістан облысына сапары аясында әкімдер сайлауы өтетін төрт ауданға, атап өтер болсақ, Бәйдібек, Мақтаарал, Созақ және Шард=ара аудандарына барды. Іссапар барысында ОСК хатшысы Мұхтар Ерман Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттерімен кездесіп, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жүйедегі конституциялық реформалары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сонымен қатар, кездесуде аралас сайлау жүйесіне көшу және азаматтардың бір мандатты сайлау округтері бойынша өкілді органдарға сайлану мүмкіндігі, саяси партиялардың Парламент Мәжілісіне өту шегін төмендету, Парламент Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасын жою, өткен және алдағы сайлау науқандары, сайлау комиссиясының мүшелерін оқыту туралы кеңінен сөз болды.

Жиынға қатысқан 139 азаматтан онлайн сауалнама алынды. Нәтижесінде, респонденттердің 40,3 пайызы қашықтықтан электрондық дауыс беруді енгізуді қолдайтыны, ал 80 пайызына жуығының ел Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі және лингвистикалық емтихан тапсыруы туралы талапты қолдап, дауыс бергені белгілі болды. Сауалнамаға қатысушылардың көпшілігі, нақты айтар болсақ, 61,2 пайызы соттылығы бар азамат әртүрлі деңгейдегі сайланбалы лауазымдарға ұсыныла алмайды деп санайды.

Дәл осындай кездесу Созақ ауданында жалғасты. Онда Нұрлан Әбдіров ауылдық және аудандық деңгейдегі әкімдерді сайлау, саяси реформалар, оның ішінде саяси партияларды тіркеу рәсімін оңайлату туралы әңгімеледі. Сонымен қатар, дауыс берудің баламалы нысандары және сайланбалы лауазымдарға кандидаттарға қойылатын талаптар туралы да түсініктеме берілді. Жергілікті тұрғын Сержан Бекманұлы Президенттікке кандидат мемлекеттік тілді білуге міндетті және бұл талаптың даусыз екенін айтты.

Мұнан кейін өңіріміздегі орталық сайлау комиссиясы төрағасы Мұхтар Ерман жуырда өткен сайлауда сайланған Созақ ауданы Жартытөбе ауылдық округінің әкімімен және тұрғындарымен кездесті. Бұл әкім Түркістан облысындағы ең жас ауыл әкімдерінің бірі. Жергілікті тұрғындар оның қызметі туралы оң пікір білдірді. Мәселен, зейнеткер Мұрат Алтынбекұлы әкімдерді сайлау жергілікті кадрларды іріктеудің тиімді тұсы деп санайды. Ал, ауыл тұрғыны Садық Әбдаршұлы бұл әкімнің қызметін бақылау тетігі болып табылады деп толықтырды.

Бәйдібек ауданында Нұрлан Әбдіров Жамбыл ауылының тұрғындарымен және олар сайлаған әкіммен, сондай-ақ Шаян ауылының жастарымен кездесуде сайлау жүйесіндегі маңызды конституциялық реформалар, аудан әкімінің алдағы сайлауы, ауыл әкімдерін сайлаудың жинақталған тәжірибесі және олардың қызметін бағалау туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Жамбыл ауылының тұрғыны Әмір Айдарұлы ауыл әкімін сайлау тәжірибесімен бөлісті, оның пікірінше, кандидаттар арасынан әкімді таңдаудың негізгі критерийі олардың сайлауалды бағдарламалары болды, сондай-ақ аудан әкімінің сайлауында да халық кандидаттардың бағдарламалары негізінде дауыс беретін болады.

Өз кезегінде еңбек ардагері Сейділда Тұрлыбеков әкімдерді тікелей сайлау мемлекеттік қызметте тиімді басқарушыларды іріктеу үшін әлеуметтік лифтке айналғанын айтып, басқа өңірдегі аудан әкімінің орынбасары лауазымына конкурстан өткен өз ауылының әкімін мысалға келтірді.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының басшысы Нұрлан Әбдіров Мақтаарал және Шардара аудандарын аралау барысында Орталық сайлау комиссиясының басшысы дәстүрлі түрде жастармен және тұрғындармен, сондай-ақ Мырзакент кентінің әкімімен кездесті. Кездесулер барысында ол ауылдық және аудандық деңгейдегі әкімдер сайлауын өткізу ерекшеліктеріне, халықтың сұранысы негізінде конституциялық өзгерістерге, аралас сайлау жүйесіне, ағымдағы сайлау науқандарына, шетелде электрондық дауыс беруге және сайлау жүйесінің басқа да мәселелеріне тоқталды.

Мырзакент кентінің тұрғыны, еңбек ардагері Нұрғали Тұрашев тұрғындардың президенттік саяси реформаларды, атап айтқанда, ауылдар мен аудан әкімдерінің сайлауын енгізуді қолдайтынын айтып, бір мандатты округтер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының санын көбейтуді ұсынды. Мырзакент кентінің тұрғындары Шадияр Байтен мен Қалибибі Андирова өздері сайлаған кент әкімінің жұмысына оң баға беріп, аудан әкімінің сайлауы демократиялық реформалардың жалғасы деп санайтындықтарын жеткізді. Мақтаарал аудандық мәслихатының жас депутаты Сүндет Кенжебаев партиялық тізімдерге жастар квотасын енгізу бойынша президенттік реформалардың арқасында жас азаматтардың депутат болу мүмкіндігі туралы айтып, әкімге кандидаттардың іске асырылмайтын сайлау алдындағы уәделерін бермеуі керек деген пікірін білдірді. Колледж студенті Гүлнұр Андакулова аудан әкіміне кандидаттарды үгіттеудің стандартты емес нысандарымен, оның ішінде жас сайлаушылармен бейресми қарым-қатынасы туралы өз ойын ортаға салды.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының басшысы Нұрлан Әбдіров Түркістан және Жамбыл облыстарының бірқатар сайлау учаскелерінің жұмысымен танысты. Сайлау учаскелеріне барған кезде ол мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету қажеттілігін және бақылаушылардың жұмыс істеуі үшін жағдайды қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтті.

Сонымен қатар, Нұрлан Әбдіровтың төрағалығымен Түркістан облысының барлық төрт ауданында және Жамбыл облысының екі ауданында әкім сайлауын пилоттық режимде өткізу мәселелері бойынша кеңестер ұйымдастырылды.

Атқарылып жатқан жұмыстар мен сайлауға дайындық туралы аумақтық сайлау комиссияларының, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары баяндады. ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы кеңестерге қатысқан лауазымды тұлғалардың назарын сайлау заңнамасына қатаң сәйкестікте сайлауды өткізу және қоғамдық секілді өзге де қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігіне аударды.

Түркістан облысында учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлық деңгейіне бағалау жүргізілді. Оқыту семинарлары аясында дәстүрлі түрде «Дауыс беру күні» іскерлік ойыны өткізілді, онда сайлау процесіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері туралы кейстік тапсырмалар ойналды, дауыс беру күні туындайтын стандартты емес жағдайлар модельденді және оларды шешу тәсілдеріне қатысты түсініктеме берілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл елімізде алғаш рет 45 аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтетінін мәлімдей келе: «Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз» деді.

 

Байланысты жаналықтар

Түркістан облысында ел президентінің бастамалары нәтиже беріп жатыр

01.12.2023

Түркістан облысында алты ауылда әкім сайлауы өтті

24.09.2023

Түркістан облысында сайлауға дайындық барысы пысықталды

23.09.2023

Түркістан облысында биыл төрт ауданда әкім сайлауы өтеді

20.09.2023
MalimBlocks
Түркістан облысында ел президентінің бастамалары нәтиже беріп жатыр

Түркістан облыстық «Farab» ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова соңғы екі жылда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан саяси реформаларға көңілі толатынын айтады:

Түркістан облысында алты ауылда әкім сайлауы өтті

Осыдан бір жыл бұрын қазақстандықтардың 77,18 пайызы республикалық референдумда елімізде қолданыстағы заңның өзгеруін қолдап дауыс берген болатын.

Түркістан облысында сайлауға дайындық барысы пысықталды

Түркістан облысында биыл төрт ауданда әкім сайлауы өтеді