Жануарлар дүниесін қорғау – азаматтық парыз
Елімізде күніне үш мыңдай табиғат қорғаушы инспекторлар өз бастарын қауіп-қатерге байлап, сұлу да көрікті табиғатымызды, оның аясындағы жүгірген аң мен ұшқан құсын, шалқар суындағы балықтарын қорғайды. Заң бойынша табиғат қорғаушы инспекторларының өз өмірін және отбасын қорғауға ешқандай өкілеттіктері тегі жоқ. Қаңтар айының басынан бері браконьерлермен күресіп, қан майдан болмаса да, ажал құшқан үш қорықшының қазасы ненің белгісі дерсіз.
Табиғат қорғаушы инспекторларның заңмен қорғалмаған шарасыздығынан браконьерлер басынып бара жатыр. Олар да заңның осындай осал тұсын біледі. Соның кесіренен адам да, жазықсыз жануарлар да жапа шегіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлікпен күресу үшін, заңнамаға тиісті түзетулерге енгізуді Үкіметке тапсырды. Үкіметтегілер мен құзырлы ведомстводағылар президенттің бұйрығын жақын арада орындаулары керек.
Дегенмен браконьерлер елімізде тыйылар емес. Тыйылатын түрі де жоқ. Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз елік атты деген күдікпен ауыл тұрғындары ұсталған.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Жамбыл аудандық полиция бөліміне сағат түнгі 01.30 шамасында Солтүстік Қазақстан облысы Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы аудандық бөлімінің басшысынан заңсыз аңшылық жөнінде хабарлама түседі. Табиғат қорғаушы инспекторлары рейд барысында аудан орталығы Пресновка елді мекенінен 60 шақырым жердегі Суаткөл ауылының маңында ВАЗ-2104 көлігін тоқтатқан. Көлікте үш ер адам болған, салоннан еліктің еті мен аңшы мылтығы табылған.
Аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы оқиға орнына жетіп, көліктің жүксалғышынан сібір елігінің етін және пышақты алды. Сондай-ақ тіркелмеген оқтаулы ТОЗ-63 мылтығын тәркіледі. «Тексеріс барысында сол түні Явленка ауылының 40 жастағы тұрғынының екі танысымен Тимирязев ауданына жұмыстарымен шыққаны белгілі болды. Айтуларынша, Жамбыл ауданымен шекарада олар ауыл ішілік жолда елікті көріп қалып, атып алыпты. Сол түні Солтүстік Қазақстан облысы Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы мамандары рейдке шыққан екен. Олар бейсауат жүрген көлікті тоқтатып, тексерген», - дейді Жамбыл аудандық полиция бөлімінің бастығы Асан Мейрамов. Бұл факті «Заңсыз аңшылық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктіге «шақырғанда міндетті түрде келу» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қару мен аң еті сараптамаға жіберіліп, соның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданбақ.
Солтүстік Қазақстан облысы еліміздегі жан-жануарға бай аймақтың бірін осы өңірде браконьерлер де ен жайлап отыр. Президент бұйрығы орындалса, бұл жұмыс ретке келер.
Сондай-ақ, Ақмола облысында өтіп жатқан «Браконьер» жедел алдын алу шарасы барысында төрт елік атқан 3 браконьер ұсталған. Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазанның 18-де Көкшетау қалалық полиция бөлімшесінің кезекшілік бөліміне «Тұлпар-2» экипажы хабарласып, «Көкшетау-Рузаевка» автожолының 25 шақырымында Көкшетау қаласының 28 жастағы тұрғыны басқарған «Нива» көлігі тоқтатылғаны және көлік ішінен төрт еліктің еті, тегіс ұңғымалы 16 колибрлі мылтық пен 26 оқ-дәрі табылғанын айтқан. Тексеріс кезінде бұларға рұқсат құжаттары болмаған. Көлік ішінде жүргізушіден бөлек, облыс орталығының 28 және 52 жастағы тұрғындары болған. «Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 337 бабының 1 бөлігі «заңсыз аңшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деді ведмстводан. Сонымен бірге, табиғатты қорғау полициясы бөлімінің қызметкерлері мен «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының инспекторлары Зеренді ауданының Викторовка ауылының маңындағы Айдабол көлінде заңсыз балық аулау оқиғасы анықталған.
Ақмола облысында көл көп. Балық та көп. Аптаның демалыс күндері қала тұрғындары да аймақтағы көлдерге балық аулауға шығады. Олардың дайындықтары да бар. Аулары, қармақтары, тағы басқалары.
Әр жануар өз ареалын мекендейді. Соған байланысты әр аймақта барконьлерлердің ұңғысы мен ауына ілінетін жан-жануарлар әртүрлі.
Мәселен, Алматы облысында полицейлер браконьерден тау ешкінің еті мен екі мылтықты тәркілеген. Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде «Браконьер» жалпы республикалық жедел алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылған. Соның аясында Райымбек ауданының полицейлері Талғар ауданының 36 жастағы тұрғыны басқарған «Тойота Марк-2» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Тексеру кезінде көліктің ішінен тау ешкісінің еті және екі ойық аңшылық мылтық табылып, тәркіленді.Олар сараптамаға жіберілді.
Бұл іс бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 337-бабының 1-бөлігі бойынша тіркелді. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Ұсталған адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу кезеңінде қолхатпен босатылған.
Қорыта айтпағымыз, табиғат қорғау инспекторлары қазіргі кезде жан-жануарлар дүниесін қорғап-ақ жүр. Қазір олардың өзін де қорғайтын заң керек.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсында қоршаған ортаны қорғаудың игі шараларының бірі ретінде Қазақстанның ұлттық парктеріндегі заң бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында жуырда жедел желінің іске қосылғанын айтты. 2020 жылғы 28 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің жедел желісі: +7 777 678 52 52 whats app нөмірі жұмыс істейді. Яғни, енді кез келген азамат ұлттық парктегі заң бұзушылықтар, атап айтқанда заңсыз ағаш кесу, заңсыз балық аулау, аң аулау фактілері және басқа да заң бұзушылықтар туралы тікелей хабарлай алады. Мұнда келіп түскен әр шағым бойынша тексеріс жүргізіледі. Осылайша, елміздің әрбір азаматы жан-жануарларды қорғауға атсалыса алады.